Жарнама
Жаңалықтар

ҚАЗАҚ ЕЛІ «ҚАШАҒАНҒА» ҚҰРЫҚ САЛДЫ

2bbbvМұндай өнімнің ерекшелігі – металл тиектерге қарағанда әлдеқайда артық, тоттанбайды және судың дәміне әсері жоқ. Қызмет көрсету мерзімі – 50 жыл. Қазіргі уақытта кәсіпорында өндірістік жабдықтарды іске қосуға дайындық жүргізілуде, алғашқы дайын өнімді шығару 2013 жылғы шілденің аяғына жоспарланып отыр. Қазақстанның жоғары білікті 75 маманы зауыт ұжымын құрайды. Бұл, шынымен де, қазіргі заманға сай өнім шығаратын бірден-бір зауыт болып отыр.
Қазақстандағы зауыттың құрылысы жөніндегі шешім Мемлекет басшысының «Шеврон» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Дэвид О.Райлимен кездесуі барысында 2007 жылы қабылданды. «Шевронның» құбыр жеткізуші арматура шығаруда тәжірибесі аз болғандықтан, бұл іске Данияның АВК компаниясы стратегиялық әріптес ретінде шақырылды. Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда өндіру жоспарланып отырған өнімдер үлгілерінің көрмесін тамашалады. Президентке зауыт өнімдері экспорттық әлеуетке ие болады деп мәлімделді. Зауытта бірінші басшылықтан бастап, жұмысшыларға дейін барлығы қазақстандықтар болады.

ЖАҢА ЖОБАЛАР
ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

4hnngОсы жерде Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және іске асырылып жатқан индустриялық жобалар туралы баяндады.
— Биылғы жылдың бес айында Атырау облысындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 трлн. 914 млрд. теңгені, нақты көлем индексі 108,3 пайызды құрады. Осы мерзімде облыста 154,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында жалпы алаңы 139 шаршы метр болатын 2130 пәтерлік 46 тұрғын үй тапсырылып, ағымдағы жылы 870 пәтерлік 19 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыстық бюджет есебінен жастарға арналған екі тұрғын үй құрылысының жобасын бастадық. Біріншісі – балалар үйі тәрбиеленушілері мен мүгедектерге 240 пәтерлік, екіншісі – жас отбасыларға «Жас отау» жобасы бойынша 90 пәтерлік үй салынады, — деді облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Аймақта жалпы сомасы 1,4 трлн. теңге болатын барлығы 34 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Олардың бір бөлігі өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында 500 сиырға арналған сүт өңдейтін цехы бар сүт кешені салынады. Аталған нысанға тапсырыс берушілер – «Бірінші мамыр» ЖШС мен «Атырау» ӘКК. Жобаның құны – 2 млрд. 36 млн. теңге. Құрылыс ағымдағы жылдың 30 желтоқсанында аяқталуы тиіс.
Сондай-ақ, аймақта ешкі сүтін өндіретін ферма құрылады. «Биылғы жылы картоп пен көкөніс егуге арналған алқаптар едәуір ұлғайды. 2012 жылы картоп 7 га жерде егілсе, биыл бұл сан 900 га-ға жетіп отыр. Көкөністер 300 га жерге егілген болса, 2013 жылы көкөніс егілген аумақ 1600 га-дан асты. Олардан алынған өнім 19100 тонна өнім сақтауға мүмкіндігі бар 26 қоймаға жіберіледі», — деді облыс әкімі.
Жол инфрақұрылымы да жүзеге асуда. Республикалық маңыздағы «Атырау-Индер» (Жайықтың сол жағындағы 150 шақырымдық) тасжолын күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек облыс бойынша жалпы қуаты 1085 орындық бес балабақша құрылысы жүріп жатса, жалпы қуаты 4230 орындық 17 балабақшаның құрылысы биыл басталмақшы. Облыста биыл индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 34 жобаға қоса, екінші жартыжылдықта тағы жеті жоба енгізілетін болады. Аталған жобалар аясында биылғы жылы белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 18 пайызға өсіп, 31448 бірлікке жеткен. Ал, өндірген өнім көлемі 197,5 млрд. теңгені құрады және бұл салада еңбек ететіндер саны 91 мың адамға жетті.

ЖҰРТШЫЛЫҚ
РИЗАШЫЛЫҒЫН БІЛДІРДІ

Сонан кейін Елбасы зауытта жұртшылық өкілдерімен кездесіп, онда әртүрлі сала еңбеккерлері өздерінің жүрекжарды ниеттерін білдірді. Алдымен сөз алған Атырау құбырлар арматурасы зауытының бас технологі Р.Қапанов мұнай-газ саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқанын, саланың әлемнің озық технологияларын меңгере отырып, қарқынды дамуда екенін айтты. Ал, кәсіпкер Жансариева Қарлығаш «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өз ісін ашуға мүмкіндік алғанын мақтаныш етті:

— Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Кәрі Каспий өңіріне қош келдіңіз! Атырау жұртшылығы Сізбен кездесуге мүмкіндік алғанына өте қуанышты. Мен сіздің бастамаңызбен құрылған «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында өз кәсібімді ашып отырмын. Кәсіпорным ондай үлкен емес, кондитерлер өнімін, әртүрлі тәттілер пісіретін шағын цех. Бірақ, оның өзі маған біраз күш. Бүгінде еңбегімнің жемісін де көрудемін. Жастарға, жұмыссыздарға өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасаған осындай бағдарлама үшін сізге шексіз ризашылығымды білдіремін, — деді ол.
Облыстық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі А.Орынбасарұлы медицинадағы менеджмент саласын меңгеріп, сол бағытта жұмыс жасап жатқанын айтса, Атырау қалалық ауруханасының кардиохирургі А.Қонысов шетелде білім алып, бүгінде жүрекке ота жасауда медициналық озық технологияларды қолданып келе жатқанын әңгімеледі. Қалалық шет тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия директоры С.Әлібаева бірінші сыныптан бастап «бес» деген бағаға оқып келе жатқан үш түлектің ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша 125 балл жинап, басқалардан озып шыққанын мақтаныш етті.
— Республикадағы үздік 100 мектептің, ал, облыстағы үздік 10 мектептің қатарында тұрған ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия шәкірттері – Н.Қамзаев, А.Сақтанов және С.Құмарова жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып 125 балл жинауы – біз үшін үлкен абырой. Түлектердің жетістігі, ең алдымен, ұстаздарының еңбегінің жемісі. Қазір ұстаздар қауымының жағдайы жақсарып келеді, әлемдік білім деңгейі көшінен қалмай, жас ұрпақты білімді де тәрбиелі, отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге жан сала еңбек етуде, — деді гимназия директоры. Елбасы түлектердің қайда оқуға баратынын сұрады. Н.Қамзаев пен А.Сақтанов «Назарбаев университетіне» құжаттарын тапсырғанын, бүгінде конкурс қорытындысын күтіп отырғандығын, ал, Самал Құмарова болса, білімін шетелдік оқу орнында жалғастыруы мүмкін екендігін айтты.
Исатайлық Г.Исенғалиева «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында еңбек етіп жатқанын, бағдарламаға сәйкес үй де алғанын, біржолғы көмекті де көргенін айта келе, Елбасының тапсырмасы арқасында сондай игіліктерге қол жеткізгенін қуана айтса, кәсіпкер А.Ғұмарова қазіргі уақытта аса қажетті жүн өңдеу цехын іске қосып жатқандығын жеткізді. Бұл да өңірдегі шағын және орта бизнестің жаңа белеске көтеріліп келе жатқанының көрінісі. Басқа да сөйлеушілер өз тәжірибелерімен бөлісті.

«АТЫРАУ – ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРГЕН ӨҢІР»

Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдағаннан кейін Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, қазыналы Атыраудың еліміздегі мұнай-газ өнеркәсібі орталықтарының бірі болып саналатынына тоқталды.
Мен бұл өңірде 30 жылдан астам уақыттан бері болып жүрмін және мұнда жағдайдың қандай болғанын білемін. Қаланың келбеті де, жол инфрақұрылымы да, тұрғындардың мәдени-тұрмыстық өмірі де соңғы жылдар бедерінде көп ілгері дамыды. Қазір өңірдің жағдайы түбегейлі өзгерген. Бұл – тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жағдай. Атырау Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғаннан бері еліміздің қалай дамығанының символы болып табылады. Мемлекет жүргізіп келе жатқан барлық жұмыс халықтың әл-ауқатын арттыруға, оның мүдделерін қорғауға бағытталып келеді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы атыраулықтарға тән қатерлі ауруды атап өтті, ол – жүрек ауруы. Өңірдегі жүрек-қан тамырлары ауруынан болатын өлім осы кезге дейін еліміз бойынша ең жоғары деңгейде болғанын, қазір бұл көрсеткіштің, сондай-ақ, бала өлімінің де азайғанын атап өтті.
Қарқын жыл сайын жақсарып келеді. Егер бұрын Қазақстанда 10 мыңға жуық күрделі операция жасау қажет болса, бізде тек мың операция ғана жасауға мүмкіндік болды. Қазір қымбатқа түсетін операция жасату үшін шетелге барудың қажеті жоқ. Мұның бәрі мемлекеттің ұлт денсаулығы мәселесіне жете көңіл бөліп отырғанын білдіреді. Қазақстандықтар өз болашағына, балаларының, жалпы еліміздің болашағына сеніммен қарайды, — деді Президент.
Қазіргі әлем жедел қарқынмен дамуда, сонымен қатар, білім деңгейі де артуда. Осы серпінге сай болу керек. Бәсекеге қабілеттіліктің негізі терең білімге байланысты. Бүкіл елімізде мектептер салынуда, үш ауысымда білім беру тоқтатылып, апатты мектептер жойылатын болады. Талантты жастарға зияткерлік мектептер, Назарбаев университеті, сондай-ақ, қазір 1500-ге жуық адам білім алып жатқан «Болашақ» стипендиясы арқылы қолдау көрсетілуде, — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев үш жарым жылда экономика саласында 540-тан астам жоба жүзеге асырылып, 100 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылғанына тоқталды. Биыл тағы 50 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Мұнай-газ индустриясын дамыту үшін біз қаржы тартумен белсене айналысудамыз. Тек «Қашаған» жобасына ғана біз 50 миллиардтан астам инвестиция тарттық. Осының бәрі ел бюджетінің түсімін қамтамасыз етеді. Өзге де ірі жобаларды, атап айтқанда, «Каспий құбыр консорциумы» жобасын іске асыру да елімізді дамытуға бағытталған маңызды жұмыс болып табылады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Одан әрі ол шикізат секторына тәуелділікті азайту үшін ел экономикасын әртараптандыру жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өңдеу өнеркәсібі секторындағы өндіріс көлемі артуда. Тікұшақ жасау, фотоэлектрлік пластина шығару тәрізді және өзге де жоғары технологиялық салалар қалыптасты. Экономиканы дамыту және мұнай мен металл бағасына тәуелді болмау үшін табиғи ресурстардан алынатын барлық кірісті өндіріске салу қажет, — деді Қазақстан Президенті.

ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАҒАН ЖОЛ

Қазақстан мен Ұлыбритания арасында іскерлік және ынтымақтастық байланыс мықты орныққан. Осыған орай, әр деңгейдегі сапарлар жиі көрініс тауып отырады.
Ұлыбритания – Қазақстан экономикасына инвестиция құйған АҚШ пен Нидерландыдан кейінгі үшінші ел. Қолдағы дерекке сүйенсек, 1993-2012 жылдар аралығында Қазақстан экономикасының әр саласына салынған Ұлыбританияның тікелей инвестициясы 11,7 миллиард АҚШ долларын құрайды. Британ инвестициясының басым бөлігі, әсіресе, еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіне, сонымен бірге, тау-кен өндіру секторына бағытталып отыр. Ал, сауда-экономикалық ынтымақтастығының тиімді тетігі ретінде Қазақ-британ сауда-экономикалық кеңесінің жұмысын ерекше айтуға тұрарлықтай. Бұл еларалық кеңес 1994 жылдан бері екі ел арасындағы ынтымақтастықтың басты көрінісі болып табылады. Сонымен бірге, Қазақ-британ сауда-экономикалық палатасы мен Қазақ-британ заңгерлік қауымдастығының да ел мен елдің ынтымақтастығына қосқан үлесі елеулі екені рас.
Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы іскерлік, дипломатиялық және сауда-экономикалық байланысы еліміз тәуелсіздік алған жылдары бастап қалыптасты. Содан бері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеті рет ресми сапармен Ұлыбритания жерінде болды. Ал, Ұлыбританияның корольдік отбасының мұрагер мүшелері Чарльз Уэльский, Анна, Герцог Глостерский, Эндрю-Герцог Йорский және Майкл Кентский Қазақстанға әр жылдары келіп тұрды. Ұлыбританияның Премьер-министрлері Қазақ елімен орнаған байланыстарды тереңдету мақсатымен Қазақстанда бірнеше рет сапарда болды.
Бұл жиі сапарлардың барлығында да қазақ-британ қарым-қатынасын одан әрі жандандырып, сауда-экономикалық байланысты тереңдету мәселелері кеңінен сөз болды. Соның нәтижесінде қазір екі ел бір-бірін тек сауда-экономикалық тұрғыдағы әріптес қана емес, сонымен бірге, сенімді серіктес ретінде таниды. Соның айғағы ретінде, өткен жылы екіжақты сауда айналымы 2,3 миллиард АҚШ долларын құрағаны екі елдің арасындағы байланыстың терең екенінің айқын мысалы бола алады. Нақтырақ айтсақ, оның ішінде экспорттың үлесі 1,7 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр.
Британдық инвестицияның мұнай өнеркәсібіне молынан құйылып жатқанына байланысты Атырауда Ұлыбритания инвестициясы және саудасы жөніндегі агенттігінің (UKTI) кеңсесі ашылған болатын. Сондай-ақ, Қазақстанның мұнай-газ секторына инвестиция құйғысы келетін британдық компаниялардың қызығушылығын қолдайтын «KOGIG UK» кеңсесі де жұмыс жасауда. Қазақстанда Ұлыбританияда ғана емес, әлемдік рынокта өз брендін қалыптастырған британдық 18 компанияның өкілдігі ашылған. Олардың арасында еліміздің энергетика, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіру, металлургия, денсаулық сақтау мен банк секторының кең құлашпен өркен жаюына инвестиция салған «BG», «Shell», «AMEC», «Invensys», «BAE Systems», «Rio Tinto», «Rolls Royce», «HSBC», «RBS», «Ernst&Young», «PwC», «MarchGroup», «KPMG», «SNR Denton», «ClaxoSmithKline», «AstraZeneca» және «Hambledon Mining» секілді ірі компаниялар бар. Әсіресе, Солтүстік Каспий жобасын игеруде Ұлыбританияның ірі мұнай компаниялары қатысып, әлем назарын аударған «Қашаған» кенішінің ашылуына атсалысты.

«ҚАШАҒАННЫҢ»
БЕРЕРІ КӨП

«Қашаған» кен орнын игерудің, міне, ең жауапты белесі басталды. Бұл жобаның бастауынан-ақ Елбасы оны өзі қатаң бақылауына алған еді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылдың қыркүйегінде Атырау облысына келген сапарында: «Біз Қашаған кенішінен бірінші мұнайды алу алдында тұрмыз. Мұндағы мұнайдың болжамды қоры 10 миллиард тоннаны құрайды, ал, газ – 1 триллион текше метрге дейін. Бірінші сатыда мұнда жылына 50 миллион тонна мұнай өндіріледі. 2018-2019 жылдарға қарай, екінші кезеңде жылына 75 миллион тоннаға дейін жетеді. Сол кезде Қазақстан әлемнің ірі мұнай экспорттаушыларының бестігі қатарына кіреді…», — деген болатын.
Міне, кешегі жексенбі күні «Болашақ» зауытында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронмен бірге Солтүстік Каспий жобасының негізгі өндірістік нысанындағы жұмыстардың аяқталуымен құттықтады.
Біз осыдан сегіз жыл бұрын кешенді бірегей қондырғы құрылысының алғашқы кірпішін қалаған едік, — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. — Мен сол кезде зауытқа «Болашақ» деп ат қою арқылы ерекше маңыз берген болатынмын. Біз оның болашақ Қазақстанның өсіп-өркендеуінің символына айналатынына зор сенім арттық. Бүгін бұл мақсатты орындау жолындағы елеулі белеске қол жетіп отыр. Оның мұнай бойынша жобалық өнімділігі тәулігіне 450 мың баррельді, ал, газ өңдеу бойынша өнімділігі тәулігіне 8,8 миллион текше метрді құрайды. Зауытты іске қосу 2,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. «Қашағанды» игеру Қазақстанның мұнай-газ индустриясының жаңа дәуірін ашады. Солтүстік Каспий жобасы – тиімді халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. «Қашаған» ортақ мақсаттар жолында әлемнің ірі мұнай компанияларының басын біріктірді. Олар елімізге өздерінің бай тәжірибесі мен жинақталған білімдерін әкелді.
Жақында ғана өткен шетелдік инвесторлармен кездесуде мен инновацияны енгізгісі келетіндер үшін мемлекет тарапынан ерекше басымдық берілетінін және қолдау көрсетілетінін атап өткен едім. Сол айтқанымды бүгін тағы да қайталағым келеді, — деп атап өтті Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорынды іске қосуға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.
«Қашаған» – Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан Қазақстанның алып мұнай-газ кен орны. Бүкіл әлем көз тіккен «Қашаған» кенішінің ауыз толтырып айтарлықтай ерекшеліктері басым. Ең алдымен, «Қашаған» Қазақстанның Каспий теңізінде игеретін тұңғыш кеніші болып табылады. Бұл осыдан 40 жыл бұрын Аляскада табылған Прудхо-Бей кен орнынан кейінгі ең ауқымды ашылым болуымен де әлем назарына ілікті. Кен орнының коллекторы теңіз түбінен 4200 метрдей тереңдікте жатыр. Кен орнындағы қысым да өте жоғары, — деп түсіндіреді мамандар.
Кеніштегі мұнай парафинді болып келеді. Мұнай құрамында күкіртті газ да көп, ал, күкіртті сутек (H2S) 15 пайызға тең. Кенішті кезеңмен игеру жұмыстары алдымен алаңның шығысынан бастау алып, орта тұсына ойысады. Кейінгі игеру жұмыстары батыс жағында шоғырланатын болады. Мұндағы мол мұнайдың болжамды қоры 10 миллиард тоннаны құрайды. Сонымен бірге, кеніштің қойнауында бір триллион текше метр шамасында газ қоры да бар.
Екіншіден, «Қашағанда» 1999 жылдан бері 220 мың метрлік тереңдікке бұрғы ұшы бойлаған. Кеніштің ауданы шамамен 75 шақырымды, ал, ені 45 шақырымды құрайды. Мұнда бұрғыланған 41 ұңғыманың 20-сы бағалау, 24-і өнеркәсіптік пайдалану мақсатын көздейді. Әр ұңғыманың орташа тереңдігі 4000-4500 метрге дейін жеткен. «Қашағанды» ерекшелейтін және бір дерекке көңіл аударсақ, осы кеніштегі жұмыстарға отыз миллиардтан астам доллар инвестиция салынған.
Үшіншіден, Қашағаннан «қара алтын» селін тасытатын күн, міне, жақындапкеледі. Нақтылап айтқанда, бастапқы тәжірибелік-өнеркәсіптік кезеңде жылына 50 миллион тонна мұнай өндіру көзделіп отыр. Осы кезде мұнда мұнай өндірудің көлемі тәулігіне 370 000 баррель құрайтын болады. Кейін «қара алтын» өндіру тәулігіне 450 000 баррельге дейін ұлғаяды. Ал 2018-2019 жылдарға қарай, яғни, кенішті игерудің келесі кезеңінде жылына 75 миллион тоннаға дейін өнім өндірілмекші.
— Қазақстан экономикасы қазірдің өзінде Қашағанды игеруден айтарлықтай пайда тауып отыр. Тек өткен жылы ғана Солтүстік Каспий жобасы аясында қазақстандық өндірушілерге төленген қаржы бір жарым миллиардқа жуық долларды құрады. Бұл жұмысты үдемелі түрде жалғастырып, жетілдіріп отыру қажет. Солтүстік Каспий жобасы бойынша барлық кен орындарын игерудің экологиялық жағын ерекше атап өткім келеді. Бүгінде Каспий әлемдегі ірі мұнайлы өңірдің бірі ретінде көптеген инвесторлар назарын өзіне аударып отыр.
Біз Каспий теңізінің таңғаларлықтай сан алуан жануарлар мен өсімдік әлемі бар ерекше табиғи аймақ екенін ұмытпауға тиіспіз. Оның нәзік экожүйесіне қамқорлықпен қарау – жер қойнауын пайдаланушының әрқайсысының міндеті. Өткен жылдарда қоршаған ортаны қорғау саласында көптеген бағдарлама орындалды. Бірақ әлі атқарылатын жұмыстар бұдан да көп, — деп Мемлекет басшысы жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды.
Ғасыр жобасын басқару мақсатында енгізілген жаңашыл операциялық үлгіге сәйкес «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» («НКОК») компаниясы 2009 жылы Солтүстік Каспий бойынша Өнім бөлісу туралы 1997 жылғы 18 қарашадағы келісімге (өзгертулер мен толықтыруларымен бірге) сәйкес Консорциум құрамындағы жеті серіктестіктің атынан теңіздегі 11 блокта көмірсутегі қорларын бағалау мен игеру үшін операторы болды.
«НКОК» жобаның жалпы стратегиясын анықтап, оны басқаруға, жоспарлауға, барлық жұмыстарды үйлестіріп, тұжырымдамалық зерттеулерді жүргізу, бағалау жоспарларын түзу, кеніштерді бастапқы игеру жоспарлары мен барлық мүдделі тараптармен, соның ішінде жобаға қатысты серіктестермен, мемлекеттік және уәкілетті органдармен жұмыс жасайды. «НКОК» компаниясы жоба шеңберіндегі өндірістік операциялардың орындалуын төрт агент-компанияға жүктеді. Атап айтсақ, олар – «Аджип ҚКО», «Шелл Девелопмент Қашаған Би.Ви.», «ЭксонМобил Қазақстан Инк.» және «Эн Си Продакшн Оперейшнс Компани Б.В.» компаниялары.
«Қашаған» кенішінен өндірілген мұнай құбыр арқылы «Болашаққа» тасымалданады. Мұнда «Қашаған» кен орнынан келіп түсетін мұнайды судан тазалау және тұрақтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл – Солтүстік Каспий жобасы аясында бой көтерген ең ірі мұнай мен газды кешенді дайындайтын қондырғы.
Компания мамандарының айтуынша, қондырғының ұзындығы 2,5 шақырымға созылып жатыр. Енінің өзі 1,4 шақырымға жетсе, қондырғы орнатылған жердің жалпы аумағы 350 гектарды құрайды. Қондырғы құрылысы үшін металл құралымдары мен бетоннан жасалған бұйымдардың жиынтық салмағы 530 000 тоннаға жеткен.
Зауыт құрылысы 2005 жылы Солтүстік Каспий жобасы аясында басталған болатын. Қондырғыға 60 000 тонна металл құралымдары пайдаланылған. Бұл Эйфель мұнарасының салмағынан сегіз есеге ауыр.
Каспий теңізі қазіргі таңда бүкіл әлемнің инвесторларының назарына ілігіп отырғаны сөзсіз. Бүгінгі күні екі мың алты жүзден астам қазақстандық компания осы жобаға қатысуда алдын ала біліктілік сынынан өтті. Жоба аясында қызмет ететін мамандардың 80 пайызы – қазақстандық азаматтар.
Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми салтанаттағы сөзінде экологиялық таза технологиялар мен баламалы энергия көздерін енгізудің қажеттігін де атап өтті.
Жақында біз Қазақстанның «жасыл экономикаға» өтуі жөніндегі тұжырымдаманы бекіттік. Ол тіршіліктің барлық саласында табиғи ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға бағытталған. Біз Консорциум мүшелерінен табиғатты қорғау іс-шараларын белсене жалғастыруды күтеміз. Қоршаған ортаға әсер ететін жағымсыз ықпалды азайтып, мұнайдың бейберекет төгілуіне жол бермеу керек, — деп атап айтты Ұлт Көшбасшысы.
Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Каспийді игеруді бастау туралы шешімнің бұдан жиырма жыл бұрын бекерге қабылданбағанын атап өтті. – Бүгін оның бірден-бір дұрыс шешім болғанын батыл мәлімдей аламын. Қашағанды игеру елдің экономикалық өсуіне қуатты серпін берді. Сондай-ақ, ол жас мемлекеттің халықаралық беделінің нығаюына септігін тигізді. Осынау бірегей алып кен орнын игеру республикамыздың әлемдік геосаяси кеңістіктегі ұстанымының беки түсуіне көмектесті. Қазақстанның болашақ дамуы үшін баға жеткісіз мәнге ие бола отырып, Солтүстік Каспий жобасы жаhандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосады. Біздің бірлескен еңбегіміз бен серіктестігіміздің тегеуріні осы мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретініне сенемін, — деді Қазақстан Президенті.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы халықаралық серіктестерге, инженерлерге және осы ауқымды жобаны іске асыруға қатысқан қызметкерлердің барлығына алғысын жеткізді.
Қазақстанға ресми сапармен тұңғыш рет келген Д.Кэмерон «Қашаған» жобасы Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуының символы болып саналатынын ерекше атап өтті.
Оның таңғаларлықтай ауқымы ел әлеуетінің тағы бір көрсеткішіне айналды. Мен британдық «Шелл» компаниясының жобаны іске асыруға атсалысқанын қуанышпен айтқым келеді. Біріккен Корольдік компаниялары күрделі экологиялық жағдайлардағы әзірлемелер жөнінде озық технологияларға ие. Сондай-ақ, мәселен, Солтүстік теңіздегі бірлескен жұмыстар үшін олар әрқашан жергілікті серіктестер табуға талпыныс жасайды, — дей келе, Ұлыбритания Премьер-министрі екі елдің инвестиция ағынын қамтамасыз ете отырып, бизнесті және сауда-экономикалық байланыстарды белсене дамыта алатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, Д.Кэмерон Қазақстан мемлекетінің қол жеткізген жетістіктеріне де оң бағасын беріп, жоғары бағалады.
Ядролық қарудан бас тарту, қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы, экономиканы әртараптандыру – осының бәрі Қазақстанның нақты жетістіктері. Біз мұнай-газ саласында өзара ықпалдастық орнатып қана қоймай, білім беру, мәдениет және Қазақстан үшін стратегиялық мәнге ие өзге де бағыттардағы ынтымақтастықты дамытатын серіктес болғымыз келеді, — деп ұсынысын ортаға салды.
Жерүсті және теңіз нысандарын іске қосуға дайындық өткен жылы басталғандығын айта келе, «НКОК» компаниясының басқарушы директоры Пьер Оффан Елбасы Н.Назарбаевқа, британдық өкіл Д.Кэмеронға және басқа да жиналған жұртшылыққа «қош келдіңізін» жеткізді.
Бүгін біз маңызды кезеңнің аяқталуын, өндірістік нысандардың кезең-кезеңмен пайдалануға беріле бастауын атап өтудеміз. Мақтануға тұрарлық бұл жетістік сенімді бастауды және өнеркәсіптік мұнай өндірудің әрі қарайғы өсімін білдіреді. Осы күрделі үдеріс барысында біз қауіпсіздік мәселесіне басты назар аудардық. «Қашаған» жобасы – ең ауқымды жобаның бірі ғана емес, сонымен қатар, технологиялық және экологиялық сипаты жөнінен аса күрделі жоба. Осыған сәйкес, инженерлік және технологиялық өзгерістер орын алды. Осы жобаға жіті көңіл бөліп, көптеген мәселелерді шешіп отырған Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз. «Қашаған» жобасы қазақ халқына бұдан әрі де дәулет әкеле береріне сенім мол.
Сондай-ақ, мінбеге көтерілген «Eni» компаниясының бас директоры К.Дескальци «Қашағанның» Қазақстан халқының келешегі үшін іске асырылған игілікті жоба деп санайтынын жеткізді.

«СЕНСАБОТ» –
ҚАШЫҚТЫҚТАН
БАСҚАРЫЛАТЫН РОБОТ

«Болашақ» зауытына келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмеронға қашықтықтан басқарылатын «Сенсабот» роботы таныстырылды.
«Норт Каспиан Оперейтинг Компани» мамандарының айтуынша, кен орнындағы жоғары қысым мен қашағандық флюидтердің зиянды екенін ескере отырып, консорциум Shell Global Solutions-пен бірлесіп, АҚШ-тың Питтсбург қаласында орналасқан Ұлттық робототехника орталығында (ҰРТО) арнайы тапсырыспен жобаланған қашықтықтан басқарылатын «Сенсабот» роботын жасақтауда. Технологияны табыстау мен жергілікті қамтуды арттыру мақсатында «НКОК» Назарбаев Университетімен жоба үшін сымсыз байланыс торабын әзірлеу бойынша келісім-шарт жасасты.
Мұнай жобаларындағы мұндай алғашқы роботты жасау үшін екі жыл жарым уақыт кеткен. Сондықтан, «Сенсабот» «Қашаған» жобасы үшін арнайы жасалған «технологиялық жаңалықтардың» жарқын мысалы болып есептеледі.
Оның бір ерекшелігі сол, «Қашаған» жобасының тұрақты күтуші және пайдаланушы қызметкерлері жоқ аралдарында жұмыс жасауға арналған аталмыш құрылғы кез келген төтенше ахуалға тәулік бойы жедел және тиімді әрекет жасау мен уақтылы бақылауды қамтамасыз етеді.
«НКОК-тың» бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, бірінші кезеңде қашықтықтан басқарылатын «Сенсабот» роботы газ және вибрация құрылғыларымен жабдықталады, сондай-ақ, оған сегіз камера орнатылады. Осының арқасында робот күннің кез келген мезгілінде бақылау жүргізе алады. Жобаның бұл бөлігі 2014 жылдың аяғына қарай енгізілуі тиіс.
— Осыдан он үш жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қашаған» мұнай-газ кен орнын ашқан еді. Сол кезде бағдарламаға сәйкес менің бетіме Қашаған мұнайын жақты. Бұл уақытта мен жеті жастағы бала болатынмын, — дейді Манчестер университетінің ІІІ курс студенті Берік Уәп. – Бұл Қазақстанның болашағы жастардың қолында, сондықтан, әрбір жас ұрпақ еліміздің байлығын игеруге өз үлесін қосуы керек екендігін аңғартты. Алайда, бұл кезде мұны балалықпен сезінбедім. Бүкіл әлем көз тіккен «Қашаған» мұнайын Елбасының өзі менің бетіме жаққанын – тағдырдың берген сыйы деп білемін. Осы оқиға болашақ мамандығымды таңдап, мұнай саласына бет бұруыма септігін тигізді. Қазіргі таңда Англияның белді оқу орнында мұнай-газ саласының қыр-сырын үйренудемін. Болашақта бар күш-қуатымды «Қашаған» кен орнын әрі қарай дамытуға жұмсаймын.
Маңғыстау өңірінде дүниеге келген қазақтың ХІХ ғасырдағы ақыны атымен аталған «Қашаған» кен орны әлемдегі соңғы 40 жыл ішінде ашылған ең ірі кен орындарының бірі болып табылады.
Каспийдің қазақстандық шельфін игеру «Қашаған» жобасының өндірістік нысандарын іске қосуды бастау» салтанат логотипі кілт бейнесінде жасақталған. Бір қарағанда, бұл логотип домбыраны да еске түсіреді. Логотипте бейнеленген жер шарының моделі «Қашағанның» сипатқа ие екендігін көрсеткендей. Қазақ елінің атын әлемге әйгілейтін Ғасыр жобасынан алты алаштың күтері көп.

Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button