Ауыл шаруашылығы техникаларына субсидия көлемі ұлғайды
Биыл Қызылқоға ауданы 63 ауылшаруашылық техникасымен толығады.
Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қызылқоға аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ержан Нұралиннің айтуынша, елімізде ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға субсидия көлемі ұлғайтылды. Ауылшаруашылық министрінің бұйрығымен бекітілген ережеге сәйкес, аталған саланың техникаларына республикалық бюджеттен 25-30 пайыз көлемінде субсидия беріледі. Сонымен қатар «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы техникаларды лизингке алу кезінде бірінші төлемге шаруагердің қаражаты болмаған жағдайда, тиісті субсидияның қаржысынан төлем жасау мүмкіндігі қарастырылған.
-Мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктердің игілігін Қызылқоға ауданының шаруагерлері көріп келеді. Олар былтыр ауыл шаруашылығы техникаларының базасын жаңарту мақсатында 78 арнайы техника сатып алды. Бұлар шаруагерлердің өз қаражаттарына және лизинг арқылы алынды. Оның ішінде 21-і трактор, 57-сі мал азығын дайындайтын арнайы техника болса, биыл ауданға қарасты 7 шаруа қожалығы 8 трактор сатып алды. Ал жыл соңына дейін тағы 13 трактор мен 50 мал азығын дайындайтын қосымша тахника алу жоспарланып отыр, — деді ол.
Айта кетейік, Қызылқоғада бүгінде 557 шаруа қожалығы бар.