Жарнама
Жаңалықтар

Атыраулықтар көшпенділер ойындарының жүлдегерін әуежайдан қарсы алды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық спорттың құсбегілік түрінен атыраулық Арман Қошқаров ел намысын қорғап, бүркіт салу сынында қола жүлдеге қол жеткізген болатын. Әлем көз тіккен бәсекеге ол былтыр күздегі Қазақстан чемпионатында үздік атанып, жолдама алған. Бүгін Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында көшпенділер ойындарының жүлдегерін жерлестері салтанатты жағдайда қарсы алып, айрықша құрмет көрсетті.

Дүбірлі додаға екі бүркітін баптап апарған ол отандық құсбегілердің қай-қайсысы да жоғары нәтиже көрсеткенін айтты.

– Көшпенділер ойындарына дейін шамамен ай жарым уақыт оқу-жаттығу жиындары өтті. Қатысушылар жақсы дайындалды, барлығы да сен тұр, мен атайын деген құсбегілер. Жарыс барысында қолға шақыру және жемге салу (шырға) секілді екі жаттығуға қатыстық. Финалға Нарын есімді құсыммен шықтым. Екінші құсым іріктеу турнирінен өтті, бірақ Нарынның жылдамдығы жоғары болды. Оның үстіне ол биылдың өзінде екі жарыстан жеңімпаз атанды, — дейді А.Қошқаров.

Облыстағы ұлттық спорттың жанашыры Өнербек Жанбала бүркіт баптап, түз тағысын қолға үйретудің машақаты көп екенін айтты.

Айта кету керек, құсбегілік өнер бойынша финалға шыққан 10 құстан I-II орынды Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының құсбегілері олжалады. Қатысушылар арасында Қазақстан, Испания, Ресей, Қырғыз Республикасы, басқа да мемлекеттер болды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button