Тәуелсіз елдің бойтұмары

 Астана бүгінде тәуелсіз Қазақстанның бойтұмарына айналып, әр қазақтың жүрегінен ерекше орын алды. Өйткені, мыңдаған қазақстандықтың арманы осы Астанада жүзеге асып, Тәуелсіздіктің алтын тәжіне айналған бас қаланы әр азамат өздерінің биік мақтанышы санайды. Мереке қарсаңында біраз адамды сөзге тартып, Астананың сіздің өміріңіздегі орны қандай деген сауал қойғанбыз.

Бақытгүл ХАМЕНОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Елбасының төл перзенті

– Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру – Тұңғыш Президентіміздің мемлекетті одан әрі нығайту жөніндегі саяси стратегиясының жемісі. Сондықтан, Нұрсұлтан Назарбаев – елорданы көшіру және Астана қаласын салу идеясының авторы, бас сәулетшісі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы «Астана – бұл менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал, біз, астаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз. Өйткені, біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан. Олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деген болатын. Елбасының бұл ерлігін бүгінде барша Қазақ елі біледі. Жаңа қаланы тұрғызудың қандай қиын болғанын да сезеді. Мен жыл өткен сайын құлпырып, көз тойғысыз келбетімен ерекшеленген Астанада халық игілігіне қызмет етіп жатқаныма марқаямын.

Айымзада СӘНДІБАЕВА, «Қазақстан» арнасының тілшісі:

Жастар үмітінің тірегі

– Арман мен мақсаттың нәтижесінде бүгінде мен астаналықпын. Қазір республикалық телеарнада журналист болып қызмет атқарамын. Жастардың қаласы атанған Астана – мүмкіндіктерге жол ашатын шаһар. Күннен күнге гүлденіп, бояуы қаныға түскен еліміздің ордасы бізді өзіне одан әрі баурай түсуде. Сәл алыстасақ, сағынышымызға айналады. Астанадағы қызметім, яғни ұлттық арнадағы «Жан жылуы» бағдарламасы маған бүкіл Қазақстанды, облыстар, аудандар мен ауыл-аймақты аралауға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде бір-бір үйім бар деп сеніммен айта аламын. Жалпы, Астана – мемлекетіміз үшін де, кез келген адам үшін де қиындықтар мен сынақтардың жеңісі әрі жемісі. Қазіргі таңда Астанада қызмет ету – көп жастың арманы. Бұл ретте замандастарыма «арманға қол жеткізуден еш қорықпаңыздар» дегім келеді.

Саясат ҚАБДЫРАХМАНОВ, «Жас» қоғамдық қорының жетекшісі:

Қазақтың алтын тұғыры

– Мен үшін Астана жаңа тыныс, жаңа өмірдің бастауы секілді көрінеді. Атырау қаласындағы сүйікті жұмыс орнымды тастап, мұнда келгеніме тура үш жыл өтіпті. Туған жерден жыраққа кетсем де, бұл аймақта жатырқаған жоқпын. Тез бауыр басып кеттім. Жалпы, еліміздің түпкір-түпкірінен кім келсе де, Астананы жатсынбайтынына сенімдімін. Өйткені, қай қазақ болса да, оны «өзімнің астанам, елімнің жүрегі» деп келеді. Сондықтан да шығар, менің осы қалаға бір сәтте бауыр басып қалғаным рас. Енді осы өңірде тер төгіп, несібемізді Астанадан жинайтыным анық.

Ақсәуле СӘНЖАН, Астананың құрдасы:

Елордам – менің мақтанышым!

– Елдің жүрегіне айналған Астананың құрдасы болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Бас қалада туып – өспесем де, өзімнің болашағымды Астанамен байланыстырамын. Бұған дейін Астанада бірнеше рет болдым. Республикалық сайыстарға барған кезімде қаланың әсемдігі, табиғаты маған ерекше жігер беретін. Сондай-ақ, оның ыстық келбеті өзіне ерекше тартып тұрады. Мен Елорданың құрдасы ретінде оның өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін аяқтаған соң, еңбек жолымды осы қаламен ұштастыру – арманым.

Дайындаған: Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз