«МИРАСТЫҢ» КӨЗДЕГЕН МҰРАТЫ

Мәдениет саласына кадр жетіспейді. Ол үшін өңірдегі өнер мен білім мекемелері арасында бірлескен іс-қимыл меморандумы болуы керек. Сонымен қатар, саз мектептерінің жұмысын жандандыру да – бүгінгі басты бағыттардың бірі.  Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысында мәдениет басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов айтып өтті.

 

 «Симфониялық оркестр құру мәселесін көтергенімізде, скрипканың құлағында ойнайтын мамандардың жетіспеушілігі сезілді, кадр тапшылығы  қолбайлау болып отыр», – дейді ол.

Ал,  Махамбет атындағы қазақ драма театры басшысының міндетін атқарушы Төлеген Жангелдиевтің айтуынша, өнер институттарында білім алып жатқан жастардың дені – атыраулықтар. Үздіктері де –Атырау облысының жастары. Сол себепті, оларды өңірге тарту қажет. Әріптесінің сөзін жалғаған Д.Нұрпейісова атындағы музыка академиясының директоры Гүлнар Сәдуақасова осы орайда, мәдениетке кадр дайындап отырған ұстаздардың жағдайын жақсарту, баспана мәселесін шешудің керектігіне тоқталды.

Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің Ұлттық күніне орай, Абу-Даби қаласында қолөнершілер мен шеберлердің ХХХІІІ халықаралық фестивалі өткен болатын. Оған облысымыздан қолөнер шеберлері Бақтыгерей Телеубай, Камила Жапалова және Нұрсұлтан Қалиевтер қатысып, шығармашылық тәжірибе жинақтап қайтты. Қолөнерші Б.Телеубай өнерге бейім жастардың барын, дегенмен кәсіби шеберлік жетіспейтінін айтады. «Қолөнер шеберлерін дамыту орталықтары ашылса, онда шеберлік сыныптары  өткізіліп, кәсіби мамандардан қолөнердің қыр-сырын үйреніп, тәжірибе жинақтауларына, осы арқылы түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндік туар еді», – дейді ол. 

Облыс әкімдігінің шешімімен құрылған бейімді балаларға арналған бес аймақтық білім беру ұйымы осындағы дарынды оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына ықпал жасайды. Халықаралық және республикалық деңгейдегі олимпиадалар мен байқауларға, жоғары оқу орындарына грантпен түсуге дайындайды. Кіші ғылыми жобаларды құру, қорғау жұмыстарымен айналысады. Білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, бұдан басқа, облыс  бойынша мектеп оқушыларын көркемөнерге баулу және шығармашылығын дамыту мақсатында 33 қосымша білім ұйымы да қызмет атқарады. Мектептердің жанында бейнелеу, хореография, вокал, хор, аспапта ойнау, домбыра ансамблі және театр, қолданбалы өнер бағытында 510 үйірме жұмыс жасайды, оларға 8952 оқушы қатысады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жасөспірімдердің мектептен тыс уақытын қамту арқылы құқықбұзушылықтың, теріс діни ағымдарға еліктеудің алдын алуға және оқушының өзін-өзі тануына жағдай жасалып отыр.  

Облыстағы айтыс ақындарының да қатары өсіп келеді. Әйтсе де, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Қойшығұл Жылқышиев ақындардың білім-таным деңгейлерінің төмен екендігін атап өтті.

– Бұл орайда, айтыс ақындарының мектебін ашу мәселесі өткір тұр. Республикалық аламан айтыстарда топ жарып жүрген Балғымбек Имашев, Мэлс Қосымбаев сынды азулы ақындарды шақыртып, шеберлік сыныптарын өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді, – деген ол кез келген адамның айтыс, мүшәйра өткізіп жүргенін сынға алды. Әдебиетке байланысты ұйымдастырылатын шаралардың Қазақстан Жазушылар Одағының облыстық филиалы арқылы реттелуі  керектігін баса айтты. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз