Атыраулық жастарға шағын несие беріле бастады
Шағын несие бойынша өтінім берген 18 үміткердің бизнес-жобасы қаралып, оның 17-сі мақұлданды. Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Кәсібін кеңейткісі келетіндердің қатары көп. Осыдан бір ай бұрын облыс әкімінің өкімімен құрылған комиссия құрамы 18 үміткердің құжатын қарап, әрқайсымен сұрақ-жауап алмасты. Нәтижесінде 17 адамның жобасына несие берілетін болды. Ал, бүгін тағы да өтінім берген 18 адамның жобасын тыңдадық. Бизнес-жобалардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға бағытталған. Комиссия мүшелері ұсынылған жобалардың өзектілігін, дәлелділігін, экономикалық негізділігін, маңыздылығы мен өміршеңдігін ескере отырып, тиісті шешімдер қабылдайды,- деді А.Мәмбетов.
Шағын несиелер 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Өтініш берген сәтте жастардың жеке кәсіпкер ретінде тіркелген уақыты 5 жылдан аспауы тиіс. Жас кәсіпкерлер жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесі бойынша өтеу мерзімі 5 жылға дейін аралықта 5 миллион теңгеге дейін кредит ала алады.
Еске сала кетейік, несие алуға өтініштер «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Атырау облыстық филиалында қабылданады. Мекенжайы: Атырау қаласы, Қ.Сәтпаев көшесі, 13-а. Байланыс телефоны: 8-701-006-16-46.