Арзан картоп қайда бар?

210608204034596e Жаңалықтар

Атырау базарларындағы көкөкөніс бағасы күн санап шарықтап барады. Мысалы жұртшылық күнделікті тұтынатын картоп өнімі сауда орындарында 320-380 теңгеден сатылып жатыр. Ал сәбіздің 1 келісінің құны – 420-510 теңге. Сұранысқа ие азық-түлік  өнімдерінің осылайша қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасына салмақ салуда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Мейрамбек Аухадиевтің айтуынша, жергілікті өнімдер қорының таусыла бастауы қажетті тағам бағасының өсуіне себепші болған. Ал сырттан келетін азық-түлік тауарлары елімізге жоғары бағамен жеткізілуде. Мəселен, бағасы өскен картоп пен сəбіз аймағымызға Өзбекстан, Əзербайжан, Мысыр, Иран елдерінен тасымалданады. Тасымал құны мен баж салығы өскендіктен жеткізушілер де өнім бағасын күннен-күнге көтеріп жатыр. Дегенмен көкөністің құны маусым айының соңына қарай тұрақтанады деген есеп бар. Себебі, сол кезеңде Самара, Астрахан қалаларынан арзан өнімдердің алғашқы партиялары келе бастайды.

Биылғы жергілікті өнім сауда орындарында тамыз-қыркүйек айларында сатыла бастайды. Картоп өнімінің өсуіне байланысты өз ойын жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров та айтқан болатын.

– Біздің ел картоп тұтыну көлемінен жыл сайын асыра өндіріп келеді. Мысалы, қазақстандықтар жылына 3 690 тонна картоп тұтынатын болса, өндіру көлемі 4 мың тонна, яғни 8 пайыз артық. Тек осы күндері Қырғызстан мен Өзбекстан сынды көршілерімізде ауа райының ерекшелігіне байланысты картоп ертерек піскен. Сондықтан дүкендерімізде солардың өнімі пайда болды. Ал, біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері өз өнімдерін негізінен 200 теңгеден сатады. Қалғанын оның үстіне арадағы алыпсатарлар мен супермаркеттер қосып отыр, – деді министр.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз