Атырауға Грузиядан не себепті дәрігерлер келгені белгілі болды
atr.kz/19 қыркүйек, 2020 жыл. Атырау облысының əкімі Грузиядан келген дəрігерлермен кездесті.
«Делегация құрамында 5 медициналық маман бар» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі. Махамбет Досмұхамбетов дəрігерлерге ризашылығын білдірді.
«Біздің өтінішімізді қабыл алып, Атырау облысына дəрігерлік кеңес жəне кəсіби көмек беруге келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Біз күрделі кезеңді бастан өткердік. Біздің дəрігерлеріміздің кəсіби шеберлігінің арқасында қиын жағдайды еңсердік. Қазіргі уақытта мамандар болжап отырған пандемияның «екінші толқынына» дайындалып жатырмыз.
Аймақта дəрі-дəрмек қоры жасақталды. Қажетті жағдайда керек болатын стационарлардағы кереуеттер саны мəселесі шешілуде. Коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеу өзге де ауруы бар науқастардың ем қабылдауына кедергі келтірмейді деп күтілуде. Аймақта 300-ден астам медициналық қызметкер жетіспейді.
Олардың қатарында реаниматолог, пульмонолог сынды мамандар бар. Емдеу жəне кеңес берумен қатар, біздің мамандарымызды қатерлі вируспен нəтижелі күрес үшін дайындауға атсалысады деп сенемін. Біз үшін облыстың «екінші толқынға» максималды түрде дайын болуы маңызды» деді Атырау облысының əкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Кездесу барысында дəрігерлердің жатын орын, ас-ауқат жəне транспорттық тасымал мəселелерінің толықтай шешілгені айтылып өтті.
«Атыраулық əріптестерімізге көмек көрсету үшін келгенімізге ризамыз. Өз тарапымыздан іс-тəжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Жəне жақсы нəтиже көрсетуге тырысамыз» деді Грузиядан келген дəрігер — реаниматолог Джимшер Ахвледиани.
Еске сала кетелік, қазіргі таңда Атырау облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың 11 038 жағдайы тіркелді.
Оның ішінде 10 489 адам толықтай сауығып шықты.