Жұмыс күтіп жатырмын…

Жаңалықтар

  Atr.kz/25 қыркүйек, 2019 жыл. Әр дәуірдің өз ерекшелігі болатыны секілді қазіргі қоғамда ерлер мен әйелдің отбасы алдындағы міндеті ауысып барады.

Қаймағы бұзылмаған ауылдағы жағдай басқаша болар, бірақ, ірі мегаполистер мен қалаларда нәзікжанды түздің, ал, азаматтардың үйдің шаруасымен айналысуы қалыпты жағдайға айналды. Көзге сорақылау көрінгенмен, шынайы картина осылай қалыптасып отыр. Тіпті, басқасын айтпағанның өзінде, бүгінде жауапсыз әке, жалғызбасты ана, жалтақтаған жетім сәбилер қатары көбеймесе, азаяр емес. Бұл – көпті толғандыратын мәселе.

«Фейсбукте» бәрі «ақылды»… Үйдің шаруасы деген бергі жағы ғой, жұмыс істеп, отбасын асыраудың орнына, көбірек ұялы телефонға телміріп, диванда демалғанды ұнататын отағасылар пайда болғалы қашан?! «Фейсбук», «Инстаграм» сынды әлеуметтік желіде семіз сөйлеп, өзгелерді сынапмінеуден алдына жан салмайтын ерлердің бәрі бірдей қоғамға пайдасын тигізді ме? Әй, қайдам?! Бәрінен бұрын, мұны қалыпты жағдай санайтынын қайтерсіз? Тіпті, олар өз міндетіне не кіретінін де естен шығарып алған сияқты. Иә, сонау тәуел сіз дік алған жылдары ала дорба асынып, саудаға шыққан ананың бар ойы отбасын, бала-шағаны асырау еді. Бұл кезде талай ер-азамат аумалы-төкпелі заманның қиындығына төзе алмай морт сынды, енді бірі жұмыссыз қалды. Бірақ, бұл үрдіс әлі күнге сақталып қалды. Бүгінде баланы өмірге әкелетін де, оны бағатын да, жұмыс істеп, асырайтын да – әйел. Сонда тепсе темір үзетін, елді жаудан қорғаған батыр ұрпақтары неге масыл, неге бейқам?

Құмар ойындардың құрбаны Әрине, бұл бір қарағанда, ауыз толтырып айтарлықтай нәрсе болмауы мүмкін. Десек те, мемлекеттің алтын діңгегі – отбасы десек, маңызды мәселенің түп-тамыры тереңде жатыр. Өйткені, психолог-мамандардың айтуынша, қазіргі таңда айрандай ұйыған отбасыларын ойраңдап, ажырасу деректерінің көбеюі көп реттерде отағасының жұмыссыздығы мен ішімдікке салынуына байланысты екен. – Отбасының тірегі мен қорғаны – ер-азамат. Демек, шаңырақтың шайқалуы да көбінесе солардың спирттік ішімдіктерге жақындығынан, құмар ойындардың жетегінде к е т і п , қ ы д ы р у ы н а н болатындығын тәжірибе көрсетіп отыр. Міне, осындай тірліктен шаршап, әбден қажыған аналар ажырасуға мәжбүр. Оның үстіне, қазақ әйелдері қиын жағдайға душар болып, күйзеліске түскен шақта психологтардың көмегіне жүгінуге арланады немесе маман қызметін пайдалануға екінің бірінің қалтасы көтермейді. Ақыр соңында амалы таусылып, ажырасуға әкеп соғады. Екінші тарап та оны құп көріп, келісе кетеді. Қарап отырсаңыз, болмашы нәрсе үшін жанұялар айырылысып, балалар тірілей жетім қалып жатады. Ең өкініштісі де – осы. Өмірдің сынағы мен ауыртпалығын сезініп үлгермеген балалар әкесіз не анасыз қалады, – дейді тәжірибелі психолог Алма Ашабекова. – Бүгінде қоғамдағы өзекті мәселені шешу жолдары жанжақты қаралуда. Құзырлы орган өкілдерімен қатар, психолог-мамандар да, медиторлар да қос тарапты жанжақты тыңдап, мүмкіндігіне қарай татуластыру жолында жұмыстанып жүр. Жақында қабылдауға келген отбасының ерлі-зайыпты атанғанына он төрт жыл болыпты. Алайда, соңғы төрт жылында заңды түрде ажырасып, екі бөлек тұрған. Араларында үш бала бар. Кейін екі тараппен де әңгімелесе келіп,  проблеманы бірлесіп шештік. Сөйтіп, олар қайта некеге тұрып, бүгінде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Негізі, кімкімге де проблема алыстан келмейді. Мұның бәрі әр жеке тұлғаның өткен ғұмырына, балалық шағына байланысты болуы мүмкін. Бала кезде айта алмаған сөздері, білдіре алмаған сезімі есейгенде салдарын тигізбей қоймайды. Сондай-ақ, азаматтардың жұмыссыздығы да ажырасуға сеп болып отыр, –  дейді ол.

Жәрдемақы жәрдем бола ма? Ұят та болса айталық, бірақ, мына жағдай осы тақырыпты қозғауға түрткі болды. Биылғы жыл басында Елордада тұтас отбасының бес баласы отқа оранып, ел қайғы жұтқан шақта әлеуметтік ахуал да ашық айтыла бастаған еді. Көп балалы, аз қамтылған отбасылар билік өкілдеріне мұңын жеткізді. Сондай жиындардың бірі мұнайлы өлкеде де өтіп, жұртшылықтың пікірі тыңдалды. Бұқара көкейіндегі сан сауал жауапсыз қалмады. Көп балалы аналардың бірі былай деді: «Мен де балаларымның қауіпсіздігіне алаңдаймын. Тіпті, жанымды қояр жер таппаймын. Үнемі олардың жанында болсам деп армандаймын.

Бірақ, жолдасым жұмыссыз. Амалсыздан, таңның атысынан, кештің батысына дейін бір жерде дүкенші, енді бір жерде еден жуушы болып жұмыс істеуге тура келеді. Жолдасым үйде болғанмен, балаларға анасындай қарай алмайды ғой. Жақында үш жасар балам ойнап жүріп, аяғын сындырып алды. Оған дейін қолын сындырған еді. Өзім екі жұмысқа қоса, ауруханамен екі ортада табан тоздырып жүрмін. Жәрдемақы қай жыртықты жамайды? Жолдасымның денсаулығы жақсы, бірақ, жұмыс күтеді. Ешбір мекеме жұмысқа шақырмайды».

Иә , бұл әңгіменің айтылғанына біраз уақыт өткені белгілі. Алайда, қазақ қоғамындағы ортақ проблема әлі де толық шешімін таппады. Өйткені, мұндай құбылысты бір емес, мыңдаған қазақ отбасы бастан кешіріп отыр. Сонда дені сау, көпбалалы жанұяның қамқоршысы жұмысты кімнен күтеді? Оның отбасын кім асырайды?

Джип мінген «аз қамтылғандар» Баласының ішерге асы, киерге киімі болмаса, ана үшін одан асқан қорлық жоқ. Бұрын «ерді намыс өлтіреді» деген мақалды жиі айтушы едік. Қазіргінің ер азаматтарында намыс мүлдем жоқ сыңайлы. Мәселен, Павлодарда ер азамат баласына қайырымдылық көмегін алуға қымбат Lexus маркалы көлігімен ке ліп, еріктілерді таңқалдырған екен. Қоғам белсенділерінің ай туынша, «Қайырымдылық портфелі» акциясына қатысқан 300 отбасы балаларын мектепке дайындау үшін еріктілердің көмегіне жүгінген. Волонтерлар көпшілігін жақсы таниды.

Олар негізінен әлеуметтік педагогтар ұсынған тізімдегі аз қамтылғандарға көмек көрсетуді ұйғарады. Бір айта кетерлігі, Lexus көлігін мінген ер адам өзін аз қамтылған оқушының әкесі мін деп таныстырып, керек құ рал-жабдықты алып кеткен. Бірақ, құжат бойынша, бұл отбасының табысы айына 56 мың теңге деп көрсетілсе де, қор өкілдері  анықтағандай, әкесінің қымбат көлігі бар және олар зәулім үйде өмір сүретін болып шықты. Қанағатсыздықтың да шектен шыққан жері осы болса керек.

P.S. Тоқырау кезінде нарық заманы ешкімді аямады. Өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздық, әсіресе, ер азаматтарымыздың арасында кең тарады. Әлбетте, сол кезде қоғам жұмыссыз қалған еркектерді кінәлаған жоқ. Өтпелі кезеңде үкімет үшін бірінші кезекте жұмыссыздықпен күресу міндеті тұрды. Ал, бүгінде екі қолға бір күрек тауып, ерінбеген адамға жұмыс табылады. Алайда, неге екені белгісіз, жалқау, масыл еркектер қатары көбейіп барады. Кінәні кімнен іздейміз? Аналар неге жабырқайды, әке неге жауапсыз? Әлсіздік, суицид, сағы сынғандар қалай көбейді? Санадағы сан сұраққа жауапты қайдан табамыз?

Айбөпе САБЫРОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған