Атырауда жас ананың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
Аtr.kz/31 мамыр, 2019 жыл. Атырауда жас босанған әйелдің өліміне байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Өңірдің полиция департаменті хабарлағандай, сотқа дейінгі тергеу амалдары ҚР ҚК 317-бабы (медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде атқармауы) бойынша жүргізілуде.
Еске сала кетейік, алдын ала болжам бойынша, әйел адам қан тамырының қағанақ сұйықтығымен бітеліп қалуынан қайтыс болған. Өзінің және сәбиінің өміріне қауіп төніп тұрғандықтан, ол Исатай ауданынан облыстық перзентханаға келіп түскен.
Келіншекке кесарь тілігін жасау туралы шешім қабылданды. Ота сәтті өтіп, сәби өмірге асқынусыз келді. Алайда белгісіз себептермен бірнеше сағаттан кейін жаңа босанған ананың жағдайы нашарлай түскен. Оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Тиісті сараптамалар жасалғаннан кейін келіншектің өліміне әкеп соққан себептер белгілі болады.