«ЖАС ОТАУ» ЖОБАСЫ

облыс жастарының мүддесін көздейді
ҮМІТІҢДІ ҮЗБЕ, ҮЙСІЗ ЖАС!

Облыс әкімінің бастамасымен тұрғын үйсіз жүрген жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді қолдау мақсатында «Жас отау» жобасы қолға алынды. Бұл турасында облыстық «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы, партия филиалы жанындағы жастар саясатына жауапты тәлімгер Асқар Бопылдықов Жылыой ауданында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында өткен «Еркін пікір» мобильдік пікірталас клубының отырысында мәлім етті. Оның айтуынша, осы мәселенің мәні мен маңызын түсіндіру бағытында «Дина» базарында «Кеңес орталығы» ашылған екен. Бұл ілкімді бастамаға ынта қойған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Изимов, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары Ү.Жақашев аталған бағдарламаны іс жүзіне асыру үшін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалын ауданнан да ашу қажеттігі жөніндегі ойларын ортаға салды.
«Еркін пікір» мобильдік пікірталас клубының отырысына қатысқан Асқар Бопылдықов пен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматов жастармен кездесіп, «Қолжетімді баспана-2020» «Атырау - Жас отау» бағдарламаларының орындалысы, жастар мен жас отбасылардың тұрғын үйге кезекке тұруы жайымен танысты және мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-насихаттық жұмыстың жүргізілуі турасындағы талқыға қатысты.

 

КӘСІП АШУДЫҢ ҚАҒИДАСЫН БІЛ!

Жастар ресурстық орталығы «Еркін пікір» мобильдік пікірталас клубының отырысында ерекше маңыз берген мәселенің бірі – жастардың кәсіби біліктілігіне өріс ашу, жалпы айтқанда, жұмыспен қамту. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдағанда жастарға, олардың кәсіби біліктілігі мен тәжірибесіне үлкен үміт артатындығы еске алынды. Шындығында, бұл мәселе түрлі деңгейде көтеріліп, талқыға түсіп жүр десек те, кәсіп ашуға ынталы жастар оның заңдылығын, мемлекет тарапынан тірек боларлық қолдау бар екендігін жете біле бере ме? Клуб отырысында, міне, осы мәселе турасында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аудандағы өкілдері кеңінен түсіндіріп, пайдалы кеңестер берді.
Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматовтың айтуынша, облыс бойынша 187 мың жас болса, оның 95 мыңы – жұмыспен қамтылған белсенді жастар, ал 45 мыңы – орта және жоғары оқу орындарының студенті қалғандары әзір бақылау шеңберінен тыс. Соңғысы еш жерде тіркелмесе де, өз бетімен күн көріп жүргендер – әсіресе, жалдамалы қара жұмыс пен такси тасымалында жүргендердің қарасы мол. Көшеден, қоғамдық орындардан құжатын құшақтап, жұмыс іздеп жүргендерді де жиі көруге болады. «Сондықтан, – дейді жауапты маман, – жастарға тұрақты жұмысқа орналасып, өз кәсібін ашу үшін оның заңдылығы мен қағидасын, әсіресе, мемлекет тарапынан қандай қолдау бар екенін мұқият түсіндіру – маңызды шаруа».
Сайып келгенде, осы қағидалардың барлығы – жас күштерді еліміздің дамуына өз үлестерін қосуға шақырудың алғышарты, тіпті уақытша жұмыссыз сәтінде оларды теріс ағымдар жетегіне тартып кетпеу үшін де тағылымды үгіт болса керек.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілші.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз