Өрттен құтқарған өжет жігіттер кім?

whatsapp image 2022 03 01 at 16.39.29 1 Жаңалықтар

Біз көбінесе құтқарушылардың қызметі қаншалықты күрделі де қауіпті екеніне мән бермейміз. Расында, күнделікті өмірде адам жанын ажалдан арашалап, тосыннан келетін тілсіз жаудан сақтап қалған өрт сөндірушілердің еңбегі ерен. Міне, осындай қызмет барысындағы ерліктерін «бұл басты міндетіміз» дейтін мамандық иелері бейбіт күннің батырлары деуге әбден лайық.

Апатты оқиға кезінде өз өмірлерін тәуекелге тіксе де, қарапайымдылығымен ерліктерін жария қылмай жүрген құтқарушылар бар. Олар жанып жатқан үйден адамдарды құтқарып, көзсіз ерлікке барды. Атап айтқанда, биылғы қаңтарда №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы Ержан Есқалиев Геолог елді мекеніндегі өртке оранған пәтердің ішінен зардап шеккен жанды аман алып шықты.

Дәл осы айда №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы бірден 9 бүлдіршіннің өмірін құтқарады. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар Нұрсая шағынауданындағы №114 үйде теледидар мен жиһаздың жанып жатқанын анықтайды. Бөлімше командирі, азаматтық қорғау сержанты Ризабек Сабыров бастаған жігіттер тыныс алу аппаратына дереу қосылып, тұрғындарды таза ауаға шығарып эвакуация жұмыстарын жүргізе бастайды.

Өрт пен қалың түтінге қарамастан өмірлерін қатерге тіккен бір топ құтқарушының да қайсарлығы ерлікпен пара-пар. Олар 2019 жылы «Райхан» қонақ үйіндегі өрттің ішінен 31 адамды құтқарып, тілсіз жауды ауыздықтады.

– Сол күн әлі есімде… «Райхан» қонақ үйінде түтін шығуда» деп шақырту түсті. Оқиға орнына жерге жеткен кезде 4 қабатты қонақүйдің жертөле қабатынан түтін шығып жатқанын көрдік. Сол күні қарауыл кезекшілігінде – бөлімше командирі  Данияр Сұлтанов, өрт сөндірушілер Ақжол Амангелді, Салауат Өтешов, Парасат Бақытжанов болды. Қонақ үйдің қызметкерлері ғимарат ішінде балалардың барын айтқан болатын. Дереу 2 газ түтіннен қорғау қызметі  звеносына қосылып, қауіпсіздік бекеті қойылып шешуші бағыттың бірінші принципі бойынша адамдарды іздестіруге кірістік, – деп еске алды №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұрхан Серіков.

Келесі күні өрттен құтқарылған балалар батыр ағаларымен кездесті. Олар спорттық жарысқа қатысу үшін Орал қаласынан келген екен. Бүлдіршін балалар мен олардың жаттықтырушысы өрт сөндірушілерге ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.

Иә, мұндай мамандыққа адалдық, өз ісіне деген шынайылық нағыз ерліктен туындайды. Абайша айтқанда, «Ерлік жасай білу – жүректегі қайраттан!» екендігін атыраулық құтқарушылар талай мәрте дәлелдеп берді. Осы тұста сын сағатта жанын қиюдан да жасқанбайтын өжет  жігіттердің ерлігін дәріптеуді басты міндет санадық.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз