Атыраудағы көпқабатты үйлерге 10 қазаннан бастап жылу беріледі
Атыраудағы көпқабатты үйлерге жылу 10 қазаннан бастап беріледі. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда бес күнге ерте.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Рафхат Жолдиевтің айтуынша, Атырау қаласында 977 көпқабатты тұрғын үй бар. Пәтер иелері кооперативтері өтінішін берсе, оларға жылу 10 қазаннан бастап беріле бастайды. Ал, әлеуметтік нысандарға, яғни мектеп, балабақша, аурухана мен емханаларға жылу 2 қазаннан бастап қосылады.
Осы орайда, ATPress.kz редакциясы Атырау жылу электр орталығының президенті Айбар Рахмановқа хабарласты. Ол биылғы маусымға жылу беру мекемелері сақадай сай деп мәлімдеді. «Әлеуметтік нысандарға жылуды 2 қазаннан бұрын ерте қосуға да болады. Ол үшін бізге мекеме басшыларының өтініші қажет. Алайда, әзірге бірде-бір білім беру және денсаулық сақтау нысандарынан арыз келген жоқ»,-дейді Айбар Рахманов.
Айта кетейік, жылу беру кезеңінде тәуліктегі ауа температурасының белгілі бір нормалары сақталады. Яғни, орташа ауа температурасы 8 градус немесе одан төмен болған жағдайда және ол бес күн бойы сақталса жылудың берілуі басталуы қажет. Стандарт бойынша солай. Дегенмен, бұл мәселе қалалық әкімдіктің шешімі бойынша жүзеге аспақ.
Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ