Атырауда Иран-Ғайыптың республикалық театрлар фестивалі басталды
Соңғы жылдары Атырау өңірінде өнер тойын өткізу игі дәстүрге айналған. Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың халықаралық деңгейдегі театрлар фестивалі өткізілсе, өткен жылы да дәстүрлі өнер мерекесі жалғасын тапты. Биылғы жылы облыс әкімдігінің қолдауымен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың 70 жылдық мерейтойына орай республикалық театрлар фестивалі ұйымдастырылып отыр.
Иран-Ғайып Әбітайұлының «Мәңгілік елдің Алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі жексенбі күні Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының әртістері сомдаған «Сүйінбай» эпостық драмасынан бастау алды.
Фестивальге Семей қаласынан Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры, Алматы қаласынан Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Талдықорған қаласынан Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театры және көршілес Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қатысуда. Өнер додасына КСРО мемлекеттік, Литва Ұлттық сыйлығының лауреаты, профессор Ионас Вайткустың төрағалығымен және өзге де еліміздің өнер қайраткерлері қазылық етпек.
Фестивальдің ашылуына арнайы қатыс-қан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өнер мерекесіне сонау Литвадан, Қырғызстаннан және еліміздің оңтүстігі мен шығысынан, орталық Қазақстаннан келген барша өнер майталмандарына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Атырау өңірінде көптеген игі шаралар дәстүрлі түрде жүзеге асып келе жатқанына тоқталды.
— Мәдени шараларды жиі өткізудің өзіндік қажеттіліктері бар. Мұның бәрін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы тапсырмаларды орындауда, еліміздің рухани жаңғыруына, жаһандану үрдісін-дегі бәсекелестікке сай болуға бағытталған негізгі шаралардың қатарында атауға болады. Қай өнердің де өзіндік ерекшелігі бар. Ал, театрдағы шығармашылық – бұл зиялы өнер. Әртістер қауымына қиын да, абыройлы істеріңізде әрқашан табысты болыңыздар дегім келеді. Көпшіліктің көңілінен шыққан қойылымдарыңыз көбейе берсін. Өнер бәйгесіне келгенде ешкім «жеңілемін» деп келмейді. Әр ұжымның өзіндік қалыптасқан бағыты, тәжірибесі бар. Сондықтан, фестивальге қатысушы өнер ұжымдарының бәрі де жоғары дайындықпен келгенін білемін. Бәріңізге сәттілік тілеймін! — деді Нұрлан Асқар-ұлы.
Сондай-ақ, аталмыш шараға арнайы келген мейман – ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова ылғи дарындар түлеп ұшқан Атырау топырағының өнерлі тұлғаларына басын иіп, бүгінгі күні де Атырау облысы театрдың, өнердің ордасына айналғанына тоқталды. Облыстың барлық мәдениет қызметкерлерін төл мерекелерімен және өнер тойымен құттықтап, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын оқып берді.
Мерейтой иесі Иран-Ғайып фестивальдің ашылу салтанатында: «Атырауым – абыз айбыным. Айнымас алтын қалыбым. Тәу еттім, сенен… Исатай-Махамбетіңнен айналдым…»- деп өлеңдетіп, бүкіл Атырау жұртына, өнерсүйер қауымға ыстық ықыласын білдірді.
Фестиваль Иран-Ғайып-Иранбек Әбітайұлының «Сүйінбай» атты премьерасымен жалғасын тапты. Бұл драмалық эпос – қазақ айтыс өнерінің атасы Сүйінбай Аронұлының өмір жолынан ғана емес, бүкіл қазақ пен қырғыз халқының тарихынан сыр шертеді.
Қойылымда Сүйінбай Арон-ұлының 1847 жылы қырғыздың әйгілі ақыны Қатағанмен айтысуы айшықталады. Кенесары ханның өлімінен кейін қазақ-қырғыз арасы суып, қырғиқабақ болғаны тарихтан белгілі. Қырғыздың бай-манабы Орманхан шешесіне арнап ас беріп, екі елді татуластыру мақсатында оған қазақтарды шақырады. Тезек төре, Бөлтірік би бастаған игі жақсылардың қатарында жас Сүйінбай да жолға шығады. Жиын соңында Сүйінбай мен Қатағанның атақты айтысы ұйымдастырылады. Ұзаққа созылған айтыста ұтымды сөз, қисынды дәйекпен екі елдің тарихы қозғалады. Осы додада Қатағанның осал тұсынан оңай түйреп, сөзден жаңылдырған Сүйінбай анық жеңіске жеңеді.
Бір жарым ғасырдан бері санадан-санаға жеткен атақты айтысты театр әртістері сол күйінде өте әсерлі жеткізді. Сүйінбай ақын бейнесін сахнадан жаңа қырынан танығандай болдық.
Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның Халық артисі, профессор:
«Мінезіне шығармасы сай»
Иран-Ғайыппен бірге қызмет жасап келе жат-қан, мінезін де, талантын да, үй ішін де көрген қазақтың бірі ретінде сөйлегім келіп тұр. Атырау жеріне осымен үшінші рет келіп тұрмын. Атырау елі бүгінде өнердің ордасына айналды деп дұрыс айтылды. Мен білгелі осы өңірге жеті өнер ұжымы гастрольдік сапарларымен келіп, фестивальдер өткізді. Оның біріншісі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығынан басталған еді. Бір драматургтің фестивалін өткізу – бұл үлкен мақтаныш, жомарт-тық, тәуекел, жетістік.
Иран-Ғайып – қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге атышулы драматург. Мінезі қандай шулы болса, шығармалары да сондай. «Мәңгілік елдің Алтын адамы» деген атақ тек өзінде бар. Бұрын ондай атақты көргем жоқ. Бұл атақты алып жүрудің өзі оңай емес. Ал, оның атындағы фестиваль – қазақ театрларының бүгінгі деңгейін көрсететін, актерлердің, драматургтердің шеберлігін, жеткен жетістігін шыңдайтын өнер бәйгесі. Қазақстандағы барлық елу сегіз театрдың егемендік жылдардағы табыстарын, тәуелсіз елдің әдебиеті мен мәдениетін де көре аламыз. Осындай тәжірибе алмасуды ұйымдастырып отырған облыс әкімдігіне ризашылығымыз шексіз.
Шығармашылық ұжым:
«Сүйінбай» қойылымының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Мұрат Ахманов. Суретшісі – Тимур Қоесов. Ал, костюмін таңдаған безендіруші – ҚР Мәдениет қайраткері Гүлмаржан Махамбет. Композиторы – Бауыржан Ақтаев.
Басты рөлдерде:
Сүйінбайдың жас кезін Нұрбек Съезхан сомдаса, қартайған кезін Дастан Пышанов бейнеледі. Қатаған ақын – Асхат Мұсағалиев. Тезек төре – Бақытжан Өтеғалиев. Орманхан – Ержан Жұмат. Бөлтірік шешен – ҚР Мәдениет қайраткері Сәбит Қожабеков. Қара Бәйтік – Әміржан Нұрланұлы. Сондай-ақ, драмада Манасшы, Тезек төренің тоқалы – Дәнекер, Манастың жары – Қанекей және Қосай мен Төле бидің де елесі көрініс тапқан.
Нұргүл ЫСМАғҰЛОВА