«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…»

  Осындай атпен «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Атырау» газеті белгілі журналист, ақын Жұмабай Төлегеновті еске алуға арналған жазба ақындар мүшәйрасын жариялаған болатын. Оған облыс аумағында тұратын елуге жуық үміткер қатысты.

   Байқау шарты бойынша қатысушылар үстіміздегі айдың 20-сына дейін газеттің электронды поштасына өз өлеңдерін жолдаған болатын. Арасынан ең үздік 12 үміткер іріктеліп, байқаудың екінші кезеңінде бақтарын сынады. «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында бас қосқан жас дарындар сараптау алқасының дайындаған тақырыптарының бірін жеребе әдісімен суырып, сол бойда импровизациялық мүмкіндіктерін дәлелдеп шықты.

– Баспасөз және ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас талантты ақындарды тану, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, – деді облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов. Ол, сонымен бірге, кәсіби мереке иелерін құттықтап, мүшәйраға қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұл шарада Ж.Төлегеновтің бауырлары да сөз алып, танымал тілшінің көпке белгісіз қасиеттерімен бөліссе, немерелері жырдан шашу шашты.

  «Біздер сияқты жастар үшін бұл шараның берер тағылымы өте мол болды. Бүгін журналистік кәсіп жөнінде біраз мәлімет жинап, өлеңнің өшпес құдыретіне бөлендік», – дейді қатысушылардың бірі, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің студенті Рахымжан Асқар.

А.ШАМАР.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз