ҒАСЫРЛАР СЫНЫНДА ШЫҢДАЛҒАН ДОСТЫҚ
— Дәстүрге айналған бұл шара өзінің маңыздылығымен ерекшеленуде. Әсіресе, бүгінгі көрменің тақырыбы өзекті және заман талабынан туындап отыр. Осы орайда, еліміздегі мұнайлы өңір Атырауда көршілерімізбен бас қосып отырғанымызға қуаныштымын, — деді Елбасы жиналғандарға. – Біз 100 жылдан астам уақыт мұнай өндіріп келеміз, ал Ресей одан да бұрын бастаған шығар. Тәжірибеміз мол. Бірақ, өнімді молырақ өндіру үшін, өндіріске жаңа технологиялар енгізу үшін әлі біраз ізденуіміз керек. Кеңестік кезде Румыниядан құбырлар сатып алатынымыз есімде. Олардың тоттануға қарсы және күкірт қышқылына төзімді қасиеттері бар болатын. Алайда, біздің металлургия саласы мұны бұрын да жасайтын. Мен оған бұрынғы металлург ретінде кепіл бола аламын. Қазір оны одан әрі дамытуға болады. Сондықтан, мұнай-газ саласындағы инновацияда мүмкіндік-теріміз мол.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі күні көмірсутегі саласы екі ел экономикасының да негізін құрайды. Қазіргі таңда Қазақстан төрт миллиард тонналық дәлелденген мұнай қорымен әлемде 12 орында. Ал, табиғи газ бойынша алғашқы жиырмалықта. Сондықтан, біз үшін жалпы дүние жүзіндегі көмірсутегі секторының дамуын бақылауда ұстау өте маңызды. Қазақстан мен Ресейде бұл салада бірлескен жұмыс үшін үлкен мүмкіндік бар. Форум аясында ұйымдастырылған көрмені қарап оған өзіміз де көз жеткіздік. Онда қос елдің ынтымақтастық орната алатын инновациялық жобалар көрсетілді.
Сонымен қатар, Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көмірді қайта өңдеу саласына көбірек көңіл бөлу, экспортқа шығару және сол қаражатқа заманауи индустрияны құру қажеттігін баса айтты.
— Жоғары оқу орындарында, орта білім беру мекемелерінде мамандарды дайындау, студенттердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызу бағытындағы ынтымақтастығымызды арттыруымыз қажет. Сапалы мамандарды дайындамай, бұл салада жетістікке жете алмаймыз. Бұған қоса, бұрғылау мен мұнай өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуіміз керек. Осының нәтижесінде көмірсутегі саласында алға басуымыз мүмкін. Бірлесіп жасаған еңбегіміз, серіктестігіміз арқылы жаңа жетістіктерге қол жеткізе аламыз, — деді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстанмен арадағы берік қарым-қатынасқа Ресей Президенті Владимир Путин де жоғары баға беріп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
— Аймақаралық форумдар, — деді ол, — Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынастардың негізі болып табылады. Әлі есімде, осындай бас-қосу бірінші рет сонау 2003 жылы Омбы қаласында өткен-ді. Содан бергі он бір жылдың ішінде арадағы экономикалық байланыстар жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Тауар айналымы алты еседен аса артты. Өткен жылы ол 26,5 млрд. долларға дейін жетті. Қазақстан экономикасына салынып жатқан тікелей инвестиция он есе өсті. Сөз жоқ, мұндай жетістіктер екі ел арасындағы инновациялық байланыстардың жақсаруымен түсін-діріледі. Ресей жағынан қазақстандық әріптестерімен Татарстан Республикасы, Орынбор, Свердлов және Челябі облыстары белсенділік танытуда. Олардың Қазақстанмен экономикалық байланысы 11 млрд. долларды құрайды.
Одан әрі Ресей басшысы Қазақстанның барлық 14 облысымен тығыз қарым-қатынас орныққанын атап өтті. Соның нәтижесінде он бір мыңнан аса бірлескен кәсіпорын құрылыпты. Бұл – өткен уақытта қол қойылған 300 шамалы ынтымақтастық жөніндегі келісімдердің жемісі.
Екі елдің іргелес облыстарының бір-бірімен тауар айналымы тұтас қос мемлекет көрсеткішінің 40 пайызына тең. Әсіресе, Атырау, Ақтөбе немесе Орынбор секілді көршілес аймақтарда стратегиялық тұрғыдан аса маңызды саналатын көмірсутегі шикізатының мол қоры шоғырланған. Отын-энергетика кешеніне қатысты ірі кәсіпорындар жұмыс жасайды. Демек, осы ортақ байлығымызды кәдеге жаратып, халық игілігіне пайдалану үшін мұнай-газ саласында тиімді инновациялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруымыз қажет. Міне, Атыраудағы форумның тақырыбы осылай аталуы да сондықтан.
Ресей басшысы Қазақстанда қайтарымы мол, келешегі зор кеніштердің барлығын атап өтті. Мұнай мен газды бірлесіп тұтыну қолға алынған. Ресейлік «Газпром» мен қазақстандық «ҚазМұнайГаз» компаниялары арасында тығыз байланыс орнаған. Қазір олар күш біріктіріп, Орынбор газ өңдеу зауытында жылына 15 млрд. текше метр «көгілдір отын» дайындауда, Имашев кенішін игеруде. Бүгінде Ресей газы біздің батыс және оңтүстік өңірлерімізге берілуде.
Бүгінде Ресей территориясы Қазақстанның көмірсутегі шикізатын әлем нарығына шығаратын мүмкіндік саналады. Өткен жылы, мәселен, 18 млн. тонна мұнай осылай тасымалданды. Ал, Қазақстан арқылы биыл Ресей Қытайға өнім шығара бастады. Міне, байқалып тұрғанындай, екі елдің бірінсіз екіншісі сыртпен байланыса алмайды. Демек, сан жылдар бойы қалыптасқан байланыстар балталаса бұзылмастай болып бекіген.
Енді бүгінгі форумнан екі ел не күтеді? Ресей Президентінің айтуынша, алдағы уақытта химия, энергетика, машина жасау, инженерлік, т.б. салаларда ондаған жаңа кәсіпорындар өмірге келеді. Соның нәтижесінде мыңдаған жұмыс орындары іске қосылады. Ғылымға жол ашылады, әлемдік деңгейдегі талаптарға сай мамандар дайындалады, озат техника мен озық технология өмірге келеді.
Мұның бәрі – келесі, яғни, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс жасайтын Еуразиялық экономикалық одақтың жемісті жұмыс жасауына аса қажетті алғышарттар. Капиталдың алмасуы, кәсіпкерлікке кедергілердің барынша алынуы корпоративтік жобалардың көптеп жүзеге асуына мүмкіндік береді. Әлем алдында қос елдің экономикалық әлеуеті көтеріледі, беделі артады.
Ресей басшысы екі ел кәсіпкерлеріне, ірі кәсіпорындар мен компаниялар жетекшілерін осындай ынтымақтастық нәтижесінде өздеріне туғызылып жатқан мүмкіндіктерді барынша кеңінен пайдаланып қалуға шақырды. Ал, қос мемлекет басшылары бизнес иелерінің өзара тиімді жұмыс жасауына барынша қолдау көрсетеді.
Алдымыздағы жылы Ресей Қазақстанда атом электр стансасын салуға көмектеспек. Осы форум барысында бұл бағытта ынтымақтастық танытуға келісім де жасалды. Демек, екі ел ғалымдары мен мамандары бірлесіп тағы бір маңызды жобаны жүзеге асырмақшы. Бұл Қазақстанның Энергетика министрі Владимир Школьниктің сөзінде де көрініс тапты. Әрине, мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жайы айтылды. Қазір елімізде мол өнім беріп тұрған кен орындары жеткілікті. Бірақ, тек бүгінгімен ғана шектелуге бола ма? Елге ертеңін де ойлау керек емес пе? Міне, сондықтан, жаңа кеніштерді іздестіру, геологиялық жұмыстарға барынша назар аудару қажет. Оның үстіне, алдын ала болжамдар бойынша, республиканың көмірсутегі қорын қазіргіден де еселеп арттыруға мүмкіндігі бар.
Осы орайда, Каспий маңы ойпаты алдымен ауызға алынады. Бүгінде Қазақстан «Еуразия» жобасын жүзеге асыруға дайындыққа кіріскен. Оны іргелес қоныстанған қос мемлекет бірлесіп қолға алса артық па? Ірі кенішті жайғастыруда күш біріктіруге болмас па? Мұнда аса терең ұңғымаларды бұрғылау бағытында толымды тәжірибе жинақталар еді.
Қазақстандық әріптесін Ресейдің Энергетика министрі Александр Новак та мақұлдады. Екі елдің де отын-энергетикалық мүмкіндігі зор. Демек, әлемдік нарықтағы қазіргі қатаң бәсекелестік кезінде біздің бірлескен әлеуетіміз үлкен. Бұл бағыттағы қарым-қатынасымыз да жақсы. Екі ел мамандары тұрақты байланыс орнатып, түрлі түйткілді мәселеде ортақ шешімге келіп жүр.
Әсіресе, бұрғылау мен мұнай өндіруде өзіндік технологияны өмірге әкеліп, сыртқа деген тәуелділіктен құтылудың маңызы зор. Осы форум аясында ұйымдастырылған көрмеге ресейлік және қазақстандық өнертап-қыштардың үздік жаңалықтары қойылған. Соған қарап ғылыми ізденістер бағытында біраз ілгерілегендік барлығы байқалады. Осы көрмеге көрші елдің ең озық саналатын 30 жобасы таңдалды. Ресейлік министр олардың қазақстандық әріптестерге ұнауынан үмітті.
Бүгінде Өзен-Атырау-Самара құбыры қазақстандық «қара алтынды» тасымалдауда үлкен рөлге ие. Сол арқылы мұнайымыз әрі қарай Солтүстік және Шығыс Еуропаға жол тартады. Екі елдің бірлесіп жүзеге асырған ірі жобаларының бірі – Каспий тұрба құбырлары консорциумы. Бұл – ТМД территориясында шетелдік капиталдың қатысуымен жүзеге асырылған аса ауқымды іс. Ол арқылы Қазақстанның батысындағы Теңіз кен орнының мұнайы Қара теңіздің ресейлік жағалауындағы Новороссийск портына жеткізіледі. Жалпы ұзындығы 1511 шақырымдық құбырға қос мемлекет те қомақты қаражат құйды. Қазір ол екі ел игілігіне жұмыс жасап тұр. Алда да бірлесіп атқаратын талай шара бар. Соның бәріне бүгінгі форум бастама болмақ.
Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлеріндегі тауар айналымы екі мемлекеттің жалпы үлесінің 50 пайызын құрап отыр. Бұл бағытта Атырау облысының да қосып отырған үлесі зор. Еуропа мен Азия құрлығының шекарасында орналасқан Атырау қос мемлекет арасындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда ерекше рөл атқарады.
Алқалы жиын барысында сөз алған Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мұ-найлы өлкеге келген ресейлік меймандарға «қош келдіңізін» айтты.
— Бүгінгі күні нақ осы мұнай-газ секторы, — деді ол, — Атырау облысының ғана емес, сондай-ақ, ел экономикасының да тұ-рақты түрде нығаюының іргетасы, негізі болып қалып отыр. Осыған орай, Атырау өңірі мемлекеттегі индустриалды дамыған аймақтар қатарында. Мұнда 600-ге тарта орта және үлкен кәсіпорындар жұмыс жасап жатыр.
Облыстың жер қойнауында минералды шикізаттың үлкен қоры – мұнай, табиғи газ, күкірт шоғырланған. Бұл өңірде мұнай-химия саласын дамытуға негіз болады. Басқа бағыттарды өрістетуге қатысты айтар болсақ, мұнай-газ, машина жасау және құрылыс кластерлерін өмірге әкеліп, өндіріс сұранысын қанағаттандыруға жол ашады.
Аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы өткен жылы Уфа мемлекеттік университетімен келісімге келіп, атыраулық жастарды грант арқылы оқытуға мүмкіндік алынғандығын, Ресей Федерациясымен тауар айналымы жыл санап өсіп келе жатқанын айтып, биылғы форум екі ел арасындағы іскерлік байланысымызды одан әрі арттыра түсіретініне сенім білдірді.
Одан әрі Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Башқұртстан Республикасының Президенті Рүстем Хамитов екі ел арасындағы экономикалық байланыстарға үлкен мән берді. Келешекте де мұндай қарым-қатынасты одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.
Достық пен келісімнің алаңына айналған форум келесі жылы Башқұртстан Республикасының Президенті Р.Хамитовтың ұсынысымен Уфа қаласында өтпек. Ол, сонымен қатар, өз сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында да аймақаралық қарым-қатынастарды қалыптастыруды ұсынды. Ал, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путин бұл бастаманы құптады.
— Қазақстан мен Ресей қашанда стратегиялық әріптес, одақтас, тату көрші болып келді және болашақта да солай болмақ. Қос елдің халқы мен екі мемлекеттің келешегі үшін тығыз қарым-қатынаста бірге жұмыс істейміз, — деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев форум соңында.
Қазақстандық-ресейлік байланыс көптеген екіжақты құжаттар және келісімдермен реттеліп келеді. ХІ форум аясында да қос мемлекеттің тиімді ынтымақтастығының одан әрі нығаюына бағытталған бірқатар құжаттарға да қол қойылды. ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник пен Ресей тарапынан «Росатом» атом энергиясы бойынша мемлекеттік корпорациясының бас директоры Сергей Кириенко екі мемлекет арасындағы Қазақстан аумағында атом электростансасын салу туралы келісімге қол қойды.
Форум аясында Башқұртстан және Татарстан Республикаларының Үкіметтері мен Атырау облысының әкімдігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы және басқа да келісімдерге қол қойылды.
Сондай-ақ, «АВТОВАЗ» ААҚ мен «БИПЕК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялар тобы арасында стратегиялық серіктестікті дамыту туралы келісім жасалды. Сонымен қатар, Қазақстанның Алматы, Шығыс және Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Қарағанды облыстары мен Ресейдің Челябі, Саратов, Омбы және Свердлов облыстары, Татарстан Республикасы арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық орнатуға келісім жасалды.
Форум аясында «ҚазТранс-Ойл» АҚ, Магнитогорск металлургия комбинаты және Челябі құбыр шығару зауыты басшылары да ғылыми-техникалық меморандумға қол қойып, іскерлік қатынастарын дамытуға мүм-кіндік алды. Сонымен қатар, шекаралас екі өңірдің жоғары оқу орындары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Екатеринбург қаласындағы Урал мемлекеттік экономикалық университеті ректорлары Бейбіт Мамраев пен Михаил Федоров өзара ынтымақтастық жөнінде уағдаласты.
Бұған қоса, ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Деловая Россия» жалпыресейлік қоғамдық ұйым арасында ынтымақтастық және әріптестік жөніндегі меморандум жасалды. Аталған құжат негізінде тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, ғылыми-техникалық және кәсіпкерлік саласында және өзге де бағыттар бойынша ынтымақтаса әрекет етуге келісті.
Аталған келісім құжаттары Ресей мен Қазақстан аймақтарының, компанияларының байланысын одан әрі бекітіп, сауда мен инвестиция саласындағы байланысын тереңдете түсуге мүмкіндік жасамақ. Сондай-ақ, екі елдің де іскер топтарының мүддесін қорғаушы ұсынымдар қалыптастырылып, олардың әрі қарай сәтті жүзеге асуына жағдай жасалады деп күтілуде.
…Сонау 2003 жылы Омбы қаласында бастау алған аталған алқалы жиын бүгінгі күні кеңінен пікір алмасуға, екіжақты серіктестіктің ең өткір және өзекті мәселелерін талқылауға арналған алаң ретінде өзінің негізділігі мен тиімділігін дәлелдеп отыр. Біршама игі жұмыс атқарылды, халықаралық келісімдер жасалды.
Өзара ынтымақтастықтың нәтижесі Кедендік және Еуразиялық экономикалық одақтардың құрылуына негіз болды. Бүгінде екі ел интеграцияның сапалы жаңа деңгейіне қадам басты. Көршілес өңірлер арасында тауар айналымы едәуір артып, көптеген бірлескен кәсіпорындар құрылды. Атырауда сәтті ұйымдастырылып, мәресіне жеткен ХІ өңіраралық ынтымақтастық форумы да келешек екіжақты тиімді қарым-қатынастарға берік іргетас қалайтыны қапысыз.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.