АҚШ-тан берілген медаль
Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында өткен халықаралық қылқалам шеберлерінің басқосуына атыраулық суретші Камила Жапалова шәкірті, жас суретші Томирис Қарабаевамен бірге қатысып, «Көшпенділер жұлдызы» көрмесін көпшілікке ұсынды. Олар тек барып қайтқан жоқ, Американың алтын медалін олжалап оралды.
– Мұхит асып, арман қуған біз қазақтың сурет өнерін АҚШ төріне шығардық. Оған себеп, талантты оқушым, болашағынан көп үміт күттіретін он екі жастағы Томирис Қарабаева Нью-Йорк қаласындағы көрмеге қатысуға шақырту алған еді. Ұстазы ретінде көрмеге мен де қатысып, шәкіртім екеуміз Америкада алаштың асыл мұрасы, ұлттық тақырыпта салынған суреттерімізбен көрерменді таңғалдырдық. Халықаралық көрмеге Американың өзінен, Ресейден, ТМД елдерінен өнер иелері қатысты. Олардың арасынан топ жарған Томирис алтын медальді ұтып алды. «Ұстаздан шәкірт озар» деген осы!.. Әлемге қазақ өнерін паш етіп, елге соншалық құрметпен оралуымыз мерейімізді тасытты, қуаныш жүректі кернеп барады, — дейді Мәдениет қайраткері К.Жапалова.
Көрмеге бейнелеу өнерінің сан түріне негізделген жұмыстар қойылды. Туынды авторларының жасына да шектеу қойылмаған. Оқушылар да, ұстаздар да, тіпті елге танымал, атынан ат үркетін қылқалам шеберлері де бақ сынапты.
Томирис ұсынған туындыларда халықтың мәдениеті, өмірі мен келбеті, ұлттық нышандар бейнеленеді. Кенепке майлы бояумен түскен экспозициядан шығармашылық еркіндік пен ізденісті байқауға болады.
– Томирис маған тоғыз жасында келді. Өте талантты қыз әртүрлі техникамен сурет салады. Әсіресе, кенеп майлы бояуға жақын, болашақ мамандығын сәулет саласынан таңдағысы келеді. Галереяда балаларды оқытатын болғандықтан, жұмыстарды аталған шараға жіберуді сұраған еді. Солардың ішінен Томирис Қарабаеваның туындылары қазыларды таңғалдырған болуы керек, екеуміз де шақырту алдық. Әрине, халықаралық шара болған соң талап та жоғары болды. Елімізді таныту мақсатында ұлттық нақыштағы тақырыпты таңдадық. Көрмемізді «Көшпенділер жұлдызы» деп атауды ұйғарып, ұзақ дайындалдық. Еңбек ақталып, жеңіспен оралдық, — дейді Камила Жапалова.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ