Биылғы 1 наурыздан бастап Атырау облысы бойынша өңірлік кадрлық резервіне іріктеу басталады

qyzmetshiiii Саясат

   Бұл туралы Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы мен  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады, деп жазады atr.kz тілшісі.

  Жобаның негізгі мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту. Іріктеуді Атырау облысының Кадр комиссиясы жүзеге асырады екен.

 – Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады. Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімді жəне 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы,  әлеуметтік сала,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру бағыттары аясында жүзеге асырылатын болады. Сонымен қатар, салалық бағыттары мен резервшілердің нақты санын өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамытудың басымдықтарын ескере отырып, Өңірлік кадр комиссиялары айқындайды, – деп атап өтті Нұрлыбек Жеңісбекұлы.

 Айта кетелік, Өңірлік резервке алынған адамдар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.

­Мемлекеттік қызмет – бұл үл­кен жауапкершілік. Бұл саланың тізгінін ұстау үлкен төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Себебі, мемлекеттік қызметке кіруге өз ісін сүйетін, жеке мүддесінен гөрі халық мүддесін жоғары қоятын, отансүйгіштік қасиеті бай патриот азамат бел буады. Осы тұрғыдан, мемлекеттік қызметке білікті де білімді мамандарды тарту мақсатында мұндай қадамдар жасақталып жатыр. Нәтижесінде, мемлекеттік қызмет кадрының сапалық құрамы артады.

    ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов айтып өткеніндей, өңірлік кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер бес кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс.

  Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау 2024 жылдың 1-31 наурызы аралығында onir.pkrezerv.gov.kz – жоба сайты арқылы жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі; білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері. (шетелдік дипломдардың көшірмелеріне заңнамада айқындалған тәртіппен осы құжаттарды тану туралы куәліктердің көшірмелері қоса беріледі); еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес); соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған іріктеу тәртібінің нысаны қосымшасы бойынша өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі; түрлі түсті фотосуреті қажет болады.

    Айтпақшы, құжаттарды тапсыру сәтінде жұмыссыз болып табылатын кандидаттар соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметі растаған еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады. Сонымен қатар, құжаттарды беру ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне қағаз жеткізгіште не хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына электрондық түрде де мүмкін екенін атап өткен жөн. Құжаттарды қағаз жеткізгіште не электрондық түрде берген кандидаттар да онлайн-платформада тіркеледі және құжаттарды тапсырғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде, бірақ хабарландыруда көрсетілген құжаттарды қабылдаудың соңғы күнінен кешіктірмей осы Тәртіптің 7-тармағында көрсетілген құжаттарды жүктейді.

    Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын ұсынып тіркелгеннен кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды. Бір ғана өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі. Одан кейін салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді. Үміткерлер өзі тұратын өңірден басқа өңірдің резервіне қабылдану үшін құжаттарды тапсыра алады (яғни кез-келген өңірді таңдай алады, бірақ өзгерте алмайды). Құжаттар ұсынылғаннан кейін үміткерлерге оларды верификациялау туралы хабарлама келеді. Әрі қарай, кандидаттарға жеке кабинетте тестілеу күні мен уақытын таңдау ұсынылады

    Екінші кезең – заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу. Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясы филиалының тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді (алдын ала 5 – 14 сәуір аралығы). «Заңнаманы білуге арналған тестілеу» блогында Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ); Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» (15 сұрақ); «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын; Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін  білуге арналған тестілерді қамтиды.

Тест тапсыруға кандидаттарға – 55 минут беріледі. Екінші кезеңнің бірінші блогы 5-9 сәуір аралығында өтеді.

Екінші блогы «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуге» заңнаманы білуге арналған тестілеуді ең жоғары баллмен тапсырған кандидаттардың 50% – ы өтеді, бірақ  200  кандидаттан аспайды.

  Тестілеу стресске төзімділік, бастамашылық, жауапкершілік, қызметті тұтынушыға бағдарлану және оны хабардар ету, парасаттылық, өзін-өзі дамыту, жеделдік, ынтымақтастық және өзара іс-қимыл және кандидаттың өзге де қасиеттерін анықтауға арналған тапсырмаларды қамтиды.

 Үшінші кезең – құзыреттерді бағалау. Мемлекеттік басқару академиясы (Астана қаласы) базасында офлайн форматта өтеді (алдын ала 22 сәуір – 7 маусым). Төртінші кезең – комиссиядағы құрылымдық сұхбат. Кандидат таңдаған салалық бағытқа сәйкес жобаны презентациялау форматында өткізіледі. Сұхбатқа 38-ден артық емес кандидат (өңірге байланысты) жіберіледі. Баяндамашылардан білгеніміздей, презентация 5 слайдтан тұруы керек. Оның  барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал проблемаларды, күтілетін нәтижелерді ашуы қажет. Бұған 5 минут уақыт беріледі. Комиссия кандидаттарды аналитика, білімнің тереңдігі, қарым-қатынас дағдылары сынды критерийлер бойынша бағалайды:

 Айтуларынша,іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін құрылымдық сұхбат жүргізу кезеңінде өңірлік резервке қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар тартылуы мүмкін.

Ал, бесінші кезең – комиссияның отырысынде резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады.

   Бұдан басқа, кандидаттар құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz сайты арқылы немесе  уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне қағаз түрінде не хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына электрондық түрде тапсыра алады.

Рита ӨТЕУҒАЛИ,

Суретті түсірген Ерлан Алтыбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз