Жарнама
Жаңалықтар

АЭС салынса импортқа көз тікпейміз

Елде АЭС-ті қолданатын болсақ, бір жылда 20 млн. тонна қышқылды ауаға таратпауға септігі тиеді. Сонымен қатар мұндай кешен 60-80 жылға дейін жұмыс істейді. Осындай ерекшеліктер Қазақстанда АЭС салудың маңыздылығын арттырып тұр. Бұл туралы халықтық штаб мүшелерінің «Атырау облысы Су Арнасы» КММ мен «Атыраунефтемаш» ЖШС ұжымдарымен кездесуі барысында кеңінен айтылды.

Кездесуге Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов, «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов қатысып, жалпыхалықтық референдумның маңыздылығы, энергия тапшылығы, энергетикалық тәуелсіздік мәселесі туралы айтып өтті. Сондай-ақ 6 қазанда өтетін референдум туралы құлағдар етіп, еліміз үшін маңызды шешім қабылдайтын күн екендігін айтты.

– АЭС туралы айтылған кезде халықтың үрейленетіні белгілі. Оған Семей
мен 24 жарылыс болған Азғыр аймағындағы ядролық полигондардың жағдайы себеп екендігі жасырын емес. Сондай-ақ Кеңес үкіметі кезіндегі Чернобыль, Жапониядағы Фукусима атом электр стансасындағы апаттар да белгілі бір әсерін тигізді. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда одан бері қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Өздеріңізге белгілі, былтыр Маңғыстаудағы МАЭК-та апат болған кезде көптеген жұмыс тұрып қалған еді. Айталық, ұңғымалардың жұмысы тоқтап, отандық, шетелдік компаниялардың да жұмысында кідіріс болды. Ал, олардың жұмысының тоқтауының кесірінен ел қазынасына миллиардтаған шығын әкеледі. Былтыр Ресей елінен 2 млрд.кВт электр энергиясын импорттаған едік. Бұл дегеніңіз 100 млрд.теңгеден астам қаражат жұмсау деген сөз, — деді мәжіліс депутаты.

Облыстық халықтық штаб мүшесі, техника ғылымдарының докторы Бекет Кенжеғұлов атом электр стансасын салу туралы пікірімен бөлісті.

– Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас
директоры Рафаэль Гросси әлем бойынша 17 мемлекет АЭС салуға ниет білдіргенін, оның ішінде нақты қолға алып жатқан 10 мемлекет бар екенін атап өтті. Ал, осы ондықтың ішінде Қазақстан да бар. Агенттік бұл жұмыстарды өз бақылауына алғалы отыр. Кейбір адамдар электр энергиясын көмір, мұнай, газ, жел, күн, биоқалдықтар арқылы алуға болмай ма деп сұрап жатады. Париж меморандумына байланысты олардан бөлінетін қалдық заттарды ауаға таратып жатсыңдар деген желеумен айыппұл салуы мүмкін. Сондай-ақ, жоғарыда аталған энергия көздерін пайдаланып отырған мекемелер өз өнімдерін экспортқа шығара алмауы да ғажап емес. Ал, АЭС-ті қолданатын болсақ бір жылда 20 млн. тонна қышқылды ауаға таратпауға септігі тиеді екен. Осының барлығын ескеруіміз керек. Баламалы энергия көздерін пайдаланбаймыз деген де сөз емес. Салыстырып қарайтын болсақ, күннен алатын электр энергиясының қуаттылығы әнебір күшті еместігі белгілі. Оның жұмыс істейтін уақыты 6-8 сағаттың арасы, күн бұлтты кезде тіптен жұмыс істемей қалады. Желдің де өзіндік технологиясы бар. Бұлардың пайдалану мерзімі — 15 жыл. Ал, АЭС-тің жұмыс істеу мерзімі — 60-80 жылға дейін. Сондай-ақ, мысал ретінде айтар болсақ, АЭС салуға 100 гектар жер қажет болса, күн панелін салуға 29 мың гектар қажет болады. Мінекей, осындай ньюанстарын да естен шығармаған дұрыс, — деді. Б.Кенжеғұлов.

Кездесу барысында «АтырауНефтеМаш» ЖШС Бас директоры Салтанат Әділова, бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Александр Донсков пен серіктестіктің сауда бөлімі басшысы Дулат Сембаев, сонымен қатар «Атырау облысы Су Арнасы» мекемесінің экологы Орақ Бисембиев өз ойларын ортаға салды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button