Отандық инженерлер – іргелі істер ұйытқысы

Отандық инженерлер – іргелі істер ұйытқысы Білім

Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нәдір Нәдіров есімі атыраулықтарға жақсы таныс. Ғұлама ғалым мұнайлы мекенге жиі сапарлайды. Сонау уақытта осында қызмет істегені тағы бар. Ол, сонымен қатар, биыл 25 жылдығын тойлап отырған Ұлттық инженерлік академияның бірінші тете-президенті. Отандық ғалым-инженерлердің бетке ұстар мамандарының басын біріктіріп отырған ғылым ордасы жақында Атырауда үлкен шара ұйымдастырды. Сол сәтті пайдаланып, біз де мейманымызбен сұхбаттасып қалғанбыз.

%d0%be%d1%82%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%8b%d2%9b-%d0%b8%d0%bd%d0%b6%d0%b5%d0%bd%d0%b5%d1%80%d0%bb%d0%b5%d1%80-%d1%96%d1%80%d0%b3%d0%b5%d0%bb%d1%96-%d1%96%d1%81%d1%82%d0%b5%d1%80-%d2%b1%d0%b9

– Нәдір Кәрімұлы, расында да, республикада түрлі академиялар көбейіп кеткен жоқ па? Сан қуалап, сапа ұмытылып қалмай ма?

– Бұдан тура 15 жыл бұрын Қазақстан Үкіметінің шешімімен АҚШ, Германия және Франция профессорларынан құралған топ еліміздің ғылым саласына аудит жүргізуге келген-ді. Міне, солардың алғашқы сауалы да сіздің сұрағыңызға ұқсас болатын. «Сіздерде Ұлттық академия бар екен, ендеше инженерлік академияның не қажеті бар?» деген олар.

Ал, мұндай құрылым қажет еді. Әрине, өзім мүшесі болып табылатын Ұлттық ғылым академиясы – үлкен құрылым, бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнаған академиктердің ұжымы. Оның салмағына ешкім дау айта алмайды. Әйтсе де, отандық инженерлердің басын қосатын, олардың білігі мен білімін ел экономикасын нығайтуға бағыттайтын, әлемдік бәсекеге бейімдейтін ұйым керек-ті. Міне, Ұлттық инженерлік академия осы мақсатта құрылды. Міндет – білім мен ғылымды және өндірісті әртараптандыру. Бүгінде жергілікті мемлекеттік университеттердің ректорлары жетекшілік ететін 13 аймақтық филиал құрылды. Бұларда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі, жоғары деңгейлі инженерлер дайындалады. Филиалдардың үздік тәжірибелері мен кездескен проблемалары кеңейтілген көшпелі төралқада талқыланады. Оның жанында он бөлімше мен 15 ғылыми-инженерлік орталық бар.

Міне, осы жайларды баяндағанымызда шетелдік әріптестеріміз бәрінің жақсы ойластырылғанын мойындаған. Енді олар белгіленген меженің барлығы сәтті жүзеге асқанын да көрер еді. Мәселен, мақтанып-ақ айтайын, Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, өзім жетекшілік ететін орталық республикадағы ең озық 20 жоғары оқу орны мен мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттарының қатарынан табылады екен. Демек, еңбегіміз еш кетпегені ғой.

– Осы ғылым ордасының алғашқы қадамдары жадыңызда ма?

– Әрине. Сонау 1990 жылы бір топ ғалымдар мен инженерлердің және кәсіпорын басшыларының бастамасымен КСРО Инженерлік академиясы құрылды. Бір жылдан соң Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Өмірбек Жолдасбековтің күшімен оның республикалық бөлімшесі ашылды. Кеңестер Одағы тарағаннан кейін сол жылдың қарашасында қазақстандықтар өзіміздің Инженерлік академияны өмірге әкелуді шешті. Сөйтіп, 1992 жылдың 22 қаңтарында ҚР Министрлер Кабинетінің «Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясы туралы» №56 Қаулысы шықты. Академия президенті болып бірауыздан Өмірбек Жолдасбеков сайланды. Бір топ ғалымдар мен барлық құрылтайшылар қатысқан бірінші жиналыста Ө.Жолдасбеков, Т.Жүнісов пен Ұ.Баймұратов академияның алғашқы академиктері атанды.

Өмірбек Арысланұлы көп ұзамай 42 елдің ғалымдары мүше Халықаралық және 35 мемлекет өкілдерінен құралған Ислам инженерлік академияларының бірінші тете-президенті болды. Кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды. Академияға жетекшілік етуді оның іргетасын қаласқандардың бірі Бақытжан Жұмағұловқа жүктеді. Мені де өзі қалап, бірінші тете-президент қызметіне көндірді.

Өкінішке орай, арада өткен ширек ғасырда ғылым ордасының табалдырығынан алғаш аттағандардың біразы о дүниелік болды. Ө.Жолдасбеков, Т.Жүнісов, Б.Нұржанов, С.Сүлейменов, С.Тәкежанов, А.Абдуллин, т.б. тарландар бүгінде арамызда жоқ.

– Жаңа академияны республикада қалай қабылдады?

– Өте жақсы. Алдымен оған Елбасымыздың өзі үлкен мән берді. Мәселен, 1993 жылғы 21-22 мамырда Қазақстан инженерлерінің І съезі өтті. Оның шешімімен «Қазақстан инженерлер одағы» құрылып, төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Басқосуда Мемлекет басшысы сөйлеп, отандық ғалымдардың ел экономикасын нығайтуға үлес қосуы қажеттігін айтты. Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңдері еді ғой. Тығырықтан шықпаған уақыт. Соның өзінде Нұрсұлтан Әбішұлы озық технологияны пайдалану, озат техниканы меңгеру, ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы айтты. Қандай көрегендік! Бүгінде соның бәрі қолға алынып, жүзеге асып жатыр.

Съезге құрметті қонақ ретінде Социалистік Еңбек Ері, Ресей және Халықаралық инженерлік академияларының (ХИА) президенті Борис Гусев келген-ді. Ол ХИА жалпы жиналысының шешімімен Елбасымыздың оның мүшесі болып сайланғанын жеткізіп, академик дипломын тапсырды. Сөз ретінде айтарымыз – Нұрсұлтан Әбішұлының ТМД елдері басшылары арасында мұндай құрметке бірінші болып қол жеткізуі. Ал, 2001 жылы Мемлекет басшысы «ХХ ғасырдың көрнекті инженері» атағына ие болды. Мұндай шешімді құрамында АҚШ, Франция, Германия, Ресей мен Иран тәрізді әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің өкілдері бар беделді халықаралық ұйым шығарды. Мен Мәскеуде өткен басқосуға қатысып, дүниежүзі ғалымдарының Елбасымызға қаншалықты қошемет көрсеткенінің куәсі болдым.

Жалпы, Ұлттық инженерлік академия құрылған күннен бастап Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмай, оның жан-жақты қолдауын көрді. Қазір де сезініп отыр. Академиктердің көбін таниды. Мәселен, ғылым ордасының алғаш қабырғасын қалағандардың бірі Бақытжан Жұмағұлов әр жылдары «Нұр Отан» партиясы мен Парламент Мәжілісі төрағаларының бірінші орынбасары, Білім және ғылым министрі лауазымдарын атқарды. Бұл – біздің академияға да көрсетілген зор сенім.

– Ал, академияның әлемдік деңгейдегі салмағы қандай?

– Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 25 жылында әлемдік сахнада орнықты орнын алды. Бүгінде дүние жүзінің алдыңғы қатарлы мемлекеттері бізбен санасады. Ендеше, осындай елдің ғалымдары неге нашар болуы тиіс? Ұлттық академия мүшелері бұрын да танымал тұлғалар еді. Енді тұтас Қазақстанның атын алысқа аян етуде. Мәселен, президент Бақытжан Жұмағұлов Халықаралық инженерлік академияның «Инженер даңқы» орденімен марапатталды. Бұл – екінің біріне көрсетілмейтін құрмет. Асқар Құлыбаев пен мен медаль алдық.

Өткен ширек ғасырлық тарихымызда Ұлттық инженерлік академия отандық және халықаралық ғылыми форумдарда, түрлі кездесулер мен айтулы шараларда өзін көрсете білді. Алдымен, Елбасымыздың отандық ғалымдар алдына қойған мемлекетіміздің экономикасын дамытуға үлес қосу жөніндегі мерейлі міндетін орындауға жұмылудамыз. Бүгінде, әсіресе, энергетикалық қуаттарды үнемдеу, оларды барынша тиімді пайдалану мақсатында тың бастамалар өмірге келуде. Келесі жылы Астанада өтетін ЕХРО көрмесі де қайтарымды электр энергиясын өндіруге арналған. Ал, бұл тақырыпты әлемдік деңгейге алып шығу үшін отандық ғалымдар талмай тер төкті. Сонау 2008 жылғы 21 наурызда ҚР Парламенті Сенатында еліміздің электр энергиясын үнемдеу туралы ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл мәселе осы жылдың 18-21 қыркүйегінде Астанада Қазақстан, Ресей және Жапония ғалымдарының басқосуында көтерілді. Келелі кездесуде мен де қайтарымды электр энергиясының маңызы мен мүмкіндіктері жөнінде баяндадым. Ал, 2009 жылы VIII Халықаралық көрмеде қазақстандық ғалымдардың бастамасы баршаны қызықтырды. Содан, 2010 жылғы сәуірде Алматыда ұйымдастырылған инновациялық жиналыста біздің академия дайындаған энергетикалық қуаттарды үнемдеу жобасы үздіктер қатарында аталды. Ақырында, 2010 жылғы 12-14 қарашада Шанхайда өткен көрмеде қазақстандық инженер-ғалымдардың даярлаған жобасы күміс медаль иеленді. Міне, қысқаша қайырғанда Ұлттық инженерлік академияның өткен мезгілде қол жеткізген табыстары осындай.

– Нәдір Кәрімұлы, сіз осы ғылым ордасының алғашқы кірпішін қалағандардың бірісіз ғой.

– Иә, сол күндер ұмытылмайды. Осы ширек ғасырда ортақ іске азды-көпті үлес қосқаным рас. Қазір де қызмет істеп келемін. Әр жылғы сәуірде ТШО компаниясының Атыраудағы кеңсесінде ұйымдастырылатын мұнай-газ саласының заңдылықтарына арналған халықаралық конференцияға тұрақты қатысамын. Бұл – биік беделді басқосу. Мұнда сындарлы сын да айтылады, байыпты пікір де білдіріледі, оралымды ой да ортаға салынады. Биыл 15-ші кездесу өтті.

Сонау 2008 жылдың қаңтарында академияның жеті жылдық жұмысы сараланды. Сонда Ұлттық инженерлік академия президенті жанынан құрамында ең белсенді және атақты ғалымдар бар Жоғарғы кеңес құрылды. Мен оның жетекшілігіне сайландым. Алдағы жеті жылға академияның тете-президенті міндеті де маған жүктелді. Жасымның ұлғайғанын, енді бұл шаруаны басқаға жүктеген жөн екенін айтқам, Бақытжан Тұрсынұлы «Сіз бұл лауазымды 95 жасыңызда да атқарасыз, арғы жағын көрерміз» деді әзіл-шыны аралас. Міне, сол сенімді ақтап келемін.

– Академия жұмысына атыраулық ғалымдар да белсене араласатын шығар?

– Әрине. Жалпы, мұнайлы мекеннің ғылым саласы жақсы дамыған. Әсіресе, жетіқат жер астындағы көмірсутегі шикізатына байланысты жасалған зерттеулер жетерлік. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесі Муфтах Диаров – қай аймаққа да мақтаныш бола алатын азамат. Мұндай қадірменді қартты құрметтеу керек. Ол әлі де қатардан қалмай, үлкенді-кішілі басқосуларда құнды пікірлерімен бөліседі. Ғылым докторлары Төлеуіш Серіков пен Мағауия Шырдабаев – аймақтың бетке ұстар ғалымдары, белсенді әріптестер. Бүгінде Парламент Мәжілісі депутаты, Атырау облысының бұрынғы әкімі, ғылым докторы Бақтықожа Ізмұхамбетов мемлекеттік қызметке ауысып кеткенімен, ғылымда із қалдырып үлгерді. Ғылым кандидаты Қосан Тасқынбаев – ойлы жігіт. Өзге де мықты мамандар жөнінде айтуға болады. Жалпы, Атыраудың ғылыми әлеуеті жоғары. Ал, отандық инженер-ғалымдар іргелі істердің ұйытқысы болып, ел экономикасы дамуына сүбелі үлес қоса береді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз