Атырауға әскери клубтар ауадай қажет

IMG 20181025 110425 Жаңалықтар

Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен еліміздің ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің №2016 әскери бөлімінің базасында «Қазақстан армиясындағы бір күн» тақырыбында «ашық есік» күні өтті. Оған Атырау қаласы мен Мақат ауданындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты.   

cof

Аталған департаменттің баспасөз қызметінің басшысы Ұрбайза Абитованың айтуынша, шараның мақсаты – жастарды мерзімді әскери қызметін өткеріп жүрген сарбаздардың тыныс-тіршілігімен кеңірек таныстыру. Әскери бөлім жауынгерлері мемлекеттің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда қиын да күрделі қызмет атқарып келеді. Осы орайда, жас ұрпақ санасына қазірден бастап ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру, ел алдындағы жауапкершілік сезімін ояту, отансүйгіштікке баулу өте маңызды. Оқушыларға әскери техника мен қару-жарақтар көрсетіліп, олардың қандай жағдайда қалай қолданылатыны түсіндірілді. Арнайы әскери киімдерден көрме жасақталды. Сондай-ақ, сарбаздардың қоян-қолтық ұрыс тәсілдері мен қызметтік иттердің көрсетілімі ұйымдастырылды.

dig

Әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерхат Рафиковтың сөзінше, шекара жасағы Атырауда Елбасының қолдауымен осыдан тура 20 жыл бұрын құрылған. Жалпы, мемлекетіміз тәуелсіздік алғанға дейін тек Қытай елімен арада ғана шекара сызығы болған. Подполковниктің айтуынша, осында қызмет еткісі келетіндерге басты үш талап қойылады.

– Біріншіден, денсаулығы жарамды болуы керек. Екіншіден, өзі және туған-туыстары сотталмаған болуы тиіс. Үшіншіден, рухы мен жігері мықты болуы қажет. Өйткені, күн-түн демей, еліміз егеменді алғалы заңмен бекітілген теңіз бен құрлықтағы шекара аумақтарын көз ілместен күзету оңай емес. Оның үстіне, шекараны бұзып кіргісі келетіндердің айла-тәсілдері де жиі өзгеріп отырады. Олардың алдын алып, дұрыс шешімдер қабылдауға білім мен табандылық керек. Қазір әскери қызметтегі бос жұмыс орындары мерзімді қызметкерлермен толықтырылуда. Ал, атыраулық жастардың көпшілігі мұнайшы болғысы келеді. Сондықтан, олардың әскери қызметке деген қызығушылықтарын ояту – ең басты міндет. Бұрын сарбаздар Солтүстік, Батыс Қазақстаннан қабылданса, бүгінде Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан алынып жатыр, –  дейді ол.

dig

Атырау қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың кадрлық-саптық бөлімше басшысы Рустам Нұрсалиновтың пікірінше, «ашық есік» күндері тоқсан сайын өтіп тұрады.

– Өзімнің әскери қызметім 2000 жылы қатардағы сарбаздан басталды. Содан сержант, прапорщик, кейін командир атандым. Атырауда әскери-техникалық мектеп бар. Онда қырық күндік оқу-жаттығу курсынан өтіп, әскери билет алуға мүмкіндік бар. Бір ерекшелігі, тек нақты мамандықтар бойынша білім беріледі. Соңғы кезде мерзімді әскери қызметкерлер қатары толығып келеді. 2008-2009 жылдары 8-9мың болса, қазір 17-18 мыңға жетті. Қазір сарбаздардың да, әскерилердің де жағдайы жасқы. Тек бір ескеретіні, Атырауда әскери-патриоттық клубтарды көптеп ашу керек. Екіншіден, мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінен сала мамандары немесе бұрынғы офицерлер сабақ бергені жақсы. Олар бастан өткерген әскери өмірдің қызығы мен қиындығын айтып, оқушыларды қызықтыра алады, – дейді ол.

dig

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суреттер автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Алмас Қылыш

    Осындай іс-шаралар көбірек болса жастарға жақсы тәрбие беруге болады