Ізгілік бастауы

21837 Жаңалықтар

Бүгін күллі христиан әлемі үшін қасиетті мереке басталды. Рождество күніне орай еліміздегі барша ғибадатханалар мен шіркеулер негізгі уақытын құлшылық етуге арнап жатыр.

21837

Облыс орталығындағы Успен православиелік шіркеуінің иерейі Михаил Соколовтан білгеніміздей, қасиетті мереке құрметіне орай салтанатты жағдайда құлшылық ету рәсімі бас шіркеуде кеше, яғни 6 қаңтардан 7 қаңтарға қараған түні басталып кетті. «8 қаңтар күні облыс орталығындағы Құрманғазы мәдениет үйінде мерекелік концерт өтеді. Концертті шіркеу жанындағы жексенбілік мектеп шәкірттерімен бірге, Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты христиандық бағытты ұстанатын барлық этномәдени бірлестіктер ұйымдастыратын болады. Қасиетті мереке құрметіне орай, балалар үйіне барып, қайырымдылық шарасын өткізу де жоспарлануда. Шағын сыйлықтар үлестіріп, жетімдерге қуаныш сыйлағымыз келеді. Мерекенің мәні де осында. Яғни, жабырқау көңілдерге жан жылуын сыйлап, мұқтаж жандарға көмектесу. Адамдарды қайырымдылық жолында біріктіру» деген ол мерекелік шараларды пайдаланып, Успен шіркеуі тарапынан Құдай және Иса пайғамбар туралы уағыз-насихаттар жүргізілетінін, Роджество туралы кеңінен мәлімет берілетіндігін атап өтті.

Айта кеткен жөн, Рождество мейрамын негізінен барлық христиандар атап өтеді. Католиктер оны 25 желтоқсан күні, ал, православтар 7 қаңтарда тойлайды. Батыс елдері бұл күнді «отбасылық мереке» ретінде қабылдайды.

Жиырма ғасыр бойына тойланып келе жатқан Рождество мерекесінің тарихы тым тереңде жатыр. Ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерде, христиан әлемі, Рождество тарихын негізінен осыдан екі мың жыл бұрын Мария ананың Иисус-Ғайса пайғамбарды өмірге әкелген күнімен байланыстыратыны жазылған. Діни мәліметтерде, осыдан екі мың жыл бұрын, яғни, қаңтардың 6-сынан 7-сіне қараған түні Иосиф пен Марияның отбасында Иисус есімді ұл дүниеге келгені айтылады. Діндарлар Назареттен келген Иисустың алдында бүкіл әлемді өзгерту міндетінің тұрғанына сенеді.

Бір қызығы, Рождество мейрамын әр ел өзінше қарсы алады екен. Мәселен, итальяндықтар Рождество қарсаңында үй ішін шаң-тозаңнан мейлінше арылтуды әдетке айналдырған. Мереке түнінде Италия қалаларында сілтідей тынған тыныштықтың орнайтыны сонша, бұл күні жұмыс істеп тұрған дүкен, мейрамхана табудың өзі қиынға соғады. Қоғамдық көлік те жүрмейді. Өйткені, қасиетті күні Құдайға жаппай құлшылық ету түн жарымында басталып, бір жарым сағатқа созылады. Бұл күні Ватиканда Рим Папасының өзі қызмет етеді.

Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз