Бар игілік – Қазақстан халқына!

fb img 1647425941421 Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің болашағына бағыт-бағдар беріп, қоғамдық-саяси жүйедегі жаңа реформалық өзгерістерге жол ашып, даму жолдарын айқындады деуге толық негіз бар.

Жаңа заман талабына сай Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыру, сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайту жөнінде айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктелетінін, ал партияларды тіркеу үдерісі жеңілдейтінін атап көрсетті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Біз бірліктің бастауы болған дала демократиясының бастауын жалғастыруымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды» дей отырып, бұл құрылымның орнына ұлттық құрылтай құру жөнінде ұсыныс берді. Билік пен халықтың арасын жалғауы тиіс ұлттық құрылтай құрамына барлық аймақтың өкілдері, халық қалаулылары мен Қазақстан халқы ассамблеясы, азаматтық альянс, қоғамдық кеңес пен ұйымдардың мүшелері, белгілі мемлекет қайраткерлері кірмек. Атауының өзі көңілге жылылық ұялатқан құрылтай жұмысынан болашақта күтеріміз мол, қордаланған проблемаларды, көкейкесті мәселелерді шешіп, көптің көңілінен шығатын құрылым болады деп сенеміз.

Сол сияқты, Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де әділдікке жүгіну мүмкіндігін беретін Конституциялық соттың демократияға негізделген құқықтық мемекет құру жолындағы маңызды шешім екені дау туғызбаса керек. Қалай болғанда да, қандай қадам, қандай билік тармағы үшін де ең маңыздысы – халықтың мүддесі болмақ. Бар игілік – Қазақстан халқына! Ел Президенті осыны қадап айтты, баса көрсетті.

Сондай-ақ, Қазақстанда Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының құрылатыны жөніндегі жаңалықтар мен Қапшағай қаласына еліміздің біртуар азаматы Дінмұхамед Қонаевтың есімін беру жөніндегі ұсыныс көпшілікті қуантып, қолдауға ие болуда. Ендігі жерде «Жаңа Қазақстанды» құруға жол ашқан ауқымы кең, мазмұны ерекше Жолдаудың жүзеге асып, мақсат үдесінен шығуы – бізге жүктелген салмақ, артылған сын болмақ.

Саламат ИДРИСОВ,

«Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» АҚ-ның басқарма төрағасы-ректор

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз