fables3

БАЛА САБАУ сәнге айналған ба?

Жаңалықтар СарапTime Қоғам

Жаңадан бой көтерген шағын аудандардың біріндегі зәулім үйлердің арасына балаларға арнап салынған ойын алаңы қашан көрсең де ызы-қиқы болады да жатады. Ертелі-кеш ойын қызығына бір той-майтын бір-бір үйдің еркелері аналарының: «біраз уақыт болды, үйге қайтамыз» деген ескертпелерін де қапелімде құлақтарына қыстырмайды. Осындайда, «Шіркін, алаңсыз, қамсыз, бейкүнә балалық» деп сырттай қызыға қарап тұрғанның өзі бір ғанибет.

Ал, сол бір уыз шақтың шырқын бұзатын әкелер бар дегенге сенер ме едіңіз. Бір қыз, бір ұлы бар ерлі-зайыпты жастар да жұртпен бірге күнде кешкілік серуен-ге шығады. Үшінші сәбиіне аяғы ауыр келіншегі қос құлынының асты-үстіне түсіп, бәйек болып жүреді.

Бірде үш-төрт жас шамасындағы ұлдары сырғанақтан құлап түсіп, кімге шағынарын білмей жылап тұр еді, әкесі көтеріп алып, жұбатудың орнына «шығарма үніңді» деп шапалақпен жағына тартып жіберді. Бала өксігін баса алмай, екі иығы селкілдейді. Одан естиярлау қыз бала «мамама қарай қашсаңшы» деп бауырын қорғап, шыр-пыры шығып, жүгіріп жүр. Дөкір әке «бері кел, жаныңның барында» деп шақырса да, өз әкесінен қорқып қалған қыз зыр-зыр қашып, жоламай қойды. Қолға түспей кеткен қызына кіжінген әке: «қазір үйге барғасын жақсылап сазайыңды тартқызамын» деп тістенді.

Қарап тұрған сырт адамның да жүрегін ауыртатын қолайсыз жағдай. Бәлкім, күні үшін жүрген өгей әке болар деп өзімді жұбатқан болдым. Әйтпесе, туған әкесі болса, сүп-сүйкімді ұлына жау көргендей жұдырық ала жүгірмес еді, бірақ кім біледі…

«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған, ал махаббат таусылмайтын әңгіме» деп ақын Мұхтар Шаханов жырлағандай, «сырты бүтін, іші түтін» болып, бықсып жүргендер қаншама? Бұл жұп та сондайлардың қатарынан болмағай! Соңғы кезде сәнге айналған «азаматтық неке» дегенге өз-өздерін алдап, бастары қатып жүрген біреу болуы да мүмкін. Қалай болғанда да өзі құралпы балалармен асыр салып ойнап жатқан баланы бас-көзге қарамай ұратындай не көрініпті? Осы бір қатыгез әкенің қылығы жанымды жегідей жеп, ақыры таныс психологқа хабарластым. Аты-жөнін көрсетпеуді өтінген ол өз болжамдарын айтты.

– Қазір алғашқы некелері сәтсіз болып, опық жеген жас аналар сол қателіктерінен сабақ алудың орнына бұрынғы күйеуіне ерегесіп, ойланбастан екінші біреумен көңіл қосады. Тіпті үш-төрт күйеу ауыстырғандарды да білеміз.

«Мата даңқымен бөз өтеді, ата даңқымен қыз өтеді» дегендей, бақуатты, беделді отба-сынан шығып, махаббатта жолы болмаған кейбір еркетотайлар ата-аналарының қаржысына қымбат үй сатып алып, ой-ларына келгенін істейді. Ал, үйсіз-күйсіз қалада сенделіп жүрген жігіттер олардың құрығына қалай ілінгендерін де байқамай қалады. Әлгі сәбиге әлі жететін сотқар әке де сондайлардың санатынан болса керек. Жалғызбасты келіншек аяғы ауыр болғандықтан, құрсағындағы шарананың заңды әкесі барын сыртынан өсекті қарша борататын көршілері көрсін, сенсін деп серуенге күйеуін мәжбүрлеп әдейі ертіп шыққан болар деп ойлаймын.

Ал, әбден шатылған «уақытша» күйеу өзін мықтап шырмаған тордан оңай құтылмасын сезіп, сыныққа сылтау іздейді. Бірақ бұл жерде жазықсыз сәби жапа шекпеуі тиіс. Балалар құқығын заң жүзінде қорғайтын құзырлы орындар бар. Тағы бір келеңсіз көрініс көлбеңдеп көз алдымнан кетпей қойды. Шаштаразда кезек күтіп отырғандардың қарасы қалың. Өзінше шыттай киініп, шікірейген жаңа қазақ қалта телефонынан шаш үлгісін көрсетіп, «тап осындай етіп, баламның шашын қиып бер» деп шаштаразбен жағаласып жүр.

Ал, балабақшаға барып жүрген бүлдіршін қайта-қайта қозғалақтап, ауырсынады. Соған шыдамаған әкесі: «ынжық құсап сүмірейіп жүрейін деп пе едің?» деп бауыр еті баласын жуан жұдырығымен қағып жіберді. Жұрттың көзінше намысы тапталған бала байғұс мырс-мырс, үнжырғасы түсіп кеткен ая-нышты халде. Ойпырмай, о заман да бұ заман, бес жасар баланың шашын сәндеп, қайшымен найзағайдың, басқа да түсініксіз бірдемелердің суретін өрнектеп салғанды кім көрген?! Бұрындары әкелеріміз шаштаразға апармай-ақ балаларының шашын үйде отырып-ақ, тақырлап қиып тастайтын. Содан жаман болған жоқпыз ғой.

Қазір әкелер тым қатігез болып бара ма, қалай өзі?! Бұны тәрбиенің қандай түріне жатқызуға болады?.. Бала сабаудан жас аналар да алда-рына жан салмайды. Оған мысал да жеткілікті. Бірде араласып тұратын от-басы келін-баласын, немерелерін ертіп қонаққа келді. Демалыс күні болатын. Зыр жүгіріп, дастархан жабдықтауға көмектесіп жүрген келіннің пысықтығына сүйсініп отырғанбыз, бір кезде атасының жанына еркелеп келген кішкентай балаға: «Сен қыз әлі ертеңгі сабаққа дайындалған жоқсың, үйге барғасын шашыңды жұламын» демесі бар ма?! Үлкен адамдар отыр екен-ау деп қымсынбады да. Көңіліміз су сепкендей басылып, көзімізбен жер шұқып отырып қалдық. Соңынан бір ретін тауып, әрі жа-ным ашығандықтан үйірсектеп жүрген әлгі тақылдаған бүлдіршінді сөзге тарттым.

– Қызым, күні бұрын сабағыңды неге оқып алмадың, анаң ренжіп жүр ғой?..– Ой, ата, үйге барғасын мамадан өлесі таяқ жеп, түнімен жүріп оқимын ғой… Үлкен адамдарша жайбарақат жауап берген кішкене бүлдіршіннің сөзі жүрегімді қан жылатты. Шамасы, байғұс баланың күнде көретіні осы болды ғой. Мұнымен білім бола ма?Осындайда ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек.Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деген даналық сөзі ойға оралады. Қаншама ғасыр бұрын айтылса да, бұл тұжырымды ой мән-мағынасын, маңызын әлі күнге жойған жоқ.

Мәселен, ғаламторды емін-еркін шарлаған бүлдіршіндер неше түрлі сойқандарды көргеннен кейін өсе келе қандары қарайып, кезінде асқан қатыгездікпен болмашы нәрсе үшін өздерін қатаң жазалаған ата-аналарынан кек қайтаруды ойламасына кім кепіл?

Жоғарыдағы қатыгез әкелерге қатысты мысалдарды тәптіштеп, тектен-тек-ке айтқан жоқпыз. Мынау әлемді дүр сілкіндірген пандемияға байланысты карантиндік шаралардың күшейтілуіне байланысты балалар қорғансыз, әрі қараусыз қалды. Ата-анасы таң саз бере көздерін тырнап ашып, жұмысқа кет-кеннен күн батып, қас қарайған шақта үйлеріне бір-ақ оралады.

Ал, есігі сыр-тынан кілттеулі үйдің төрт қабырғасына қамалған балалардың күні бойы немен айналысатындары белгісіз. Ұстаздары ақ тер, көк тер болып, өңештерін жыртып, қашықтан оқытып жатқан сабақты, үй тапсырмаларын ұқты ма, ұқпады ма, ол жағы тағы беймәлім. Жұмыстан шаршап, жүйкелері жұқарып келген ата-анасы да балаларының сабақта түсінбеген тұстарын пысықтап жіберуге онша құлықсыз. Өйткені, ата-аналардың жаңаша тереңдетілген мектеп бағдарламасына тісі батпайды.

Сабағымды түсінбей отырмын, көмектесіп жіберші деген оқушы баласы-на: «көк ми, кеще, сабақ білмеген өзіңнен көр, басымның сақинасы ұстап отыр, аулақ жүр» деп «ұшырып» жіберсе, сәбидің сағы сынбай ма? Ондай ата-аналардың бар екенін жоққа шығаруға болмайды.Сонда қайтпек керек? «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп баяғының молдала-рынша солқылдаған майысқақ жас тал-ды суға салып қойып, сабақ білмейтін баланың арқасына дүре соғамыз ба?

Қазір заман, талап басқа ғой. Неге ойланбаймыз? Осындай қиналғанда дария Абайға жүгінсек: «Баланың жақсы болмағы бірінші – ата-анасынан, екінші – ұстазынан, үшінші – бірге жүрген құрбысынан, ара-ласатын ортасынан» дейді. Жөн сөз. Ал, бізде қалай? Карантиндік шектеу шарала-ры басталғалы бері мектеп мұғалімдері шәкірттерінің хал-ахуалы, тұрмыстық жағдайымен танысып, білу мақсатында үйлеріне аяқтай барып көрді ме екен? Әй, қайдам?.. Бұл базына дейміз бе, ескертпе дейміз бе, балалар құқығын қорғау мекемелеріне де қатысты.

Жақсы бала тәрбиелі, тағылымды ата-анадан шығады. Ал, еркін ойлы, асқақ рухты, бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ, ел ертеңін тәрбиелеп, білім нәрімен сусын-датуда ұстаздардың еңбегі орасан. Балалар күнделікті араласатын, алаңсыз ойнап күліп, бос уақытын өткізетін ортасынан да оқшауланып, үйінде қамалып отыр. Демек, Абай айтқан тәрбиенің үш тағаны қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бір-бірінен ажы-рап қалған. Оқтын-оқтын «шабуылдап», тынысымызды тарылта түскен тажалдың да арты созылып, сары жамбас болып жатып алған кәрі құда қыстай қашан біржола із суытары белгісіз. Бірақ солай екен деп, қамсыз, қарекетсіз отыруға әсте болмайды.

Балаларға көңіл бөлмей, оларды қараусыз қалдыру болашағымызға балта шапқанмен бірдей. Ал, періштедей бейкүнә сәбиге жөн-жосықсыз қол көтеру – барып тұрған бассыздық, сорлылық, сорақылық. Бұл әдетке айналып кетсе…Одан арғысын ойлаудың өзі қорқынышты!..

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған