БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ӨНІМ

аймақтық көрме-конкурсының жеңімпаздары марапатталды

Сейсенбіде Бүкіләлемдік стандарттау күніне орай салтанатты шара өтті. Бұл күні «Атыраудың үздік тауары-2014» аймақтық  көрме-конкурсы жеңімпаздарының есімдері аталып, оларға тиісінше құрмет көрсетілді. Жиынға қатысушыларды алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев құттықтады.

 

– Өздеріңізге мәлім, биылғы тамыз айының 27-інде «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру» кешенінде «Атыраудың үздік тауары-2014» көрме-конкурсы өткізілді. Осымен жетінші мәрте ұйымдастырылған дәстүрлі аймақтық байқауға облыстан 30-дан астам тауар өндіруші қатысты. Куә болғанымыздай, олардың барлығы да өздерінің өндіріп шығарған тауарлары мен көрсететін қызмет түрлерін көрмеге ала келіпті,-деді Ғұмар Ислямұлы.

– Және бір байқағанымыз, бұл жолғы конкурсқа қатысушы бизнес қауымдастық өкілдерінің саны артып қана қоймай, сапалық тұрғыдан да біраз ілгерілеп, өскен. Сол себепті де, кәсіпкерлердің арасынан ең үздік тауар өндіруші тұлғаны анықтап, лайықты бағалау да оңайға түспеді. Әйтсе де, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, саралай келе арнайы құрылған конкурстық комиссия жеңімпаздарды белгілеп, бүгінгідей кәсіби мереке күні олардың аттарын атап, көпшіліктің алдында паш етуді ұйғарды.

Осылайша, «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясы бойынша бірінші орынды «Жігермұнайсервис» ЖШС иеленсе, екінші және үшінші жүлделі орындарды «Рауан Налко» ЖШС мен «Селбаева» жеке кәсіпкерлігі еншіледі. Дәл осындай ретпен келесі, «Халық тұтынатын үздік тауар» номинациясының жеңімпаздарының қатарында «Уразбаева» және «Кибаева» жеке кәсіпкерліктері мен «Жеті қыз» тігін ательесі (Жылыой ауданы) аталды. Бұдан кейінгі, «Үздік азық-түлік тауары» номинациясында Махамбет ауданынан келген «Сарайшық», Атырау қаласына қарасты Атырау селолық округіндегі «Тілекші» (балық шаруашылығы бағытындағы) ЖШС-тері мен қызылқоғалық «Наз-гүлім» шаруа қожалығы жеңімпаз ретінде танылды. Бұлардың бәріне де дәрежелі дипломдар мен бағалы байрақтар тапсырылды.

Көрме-конкурсқа қатысушылардың бір тобы ұйымдастыру комитетінің атынан дайындалған Алғыс хаттармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Бүкіләлемдік стандарттау күніне сәйкестендіріліп өткізіл-гендіктен, ұлығылау шараларынан кәсіби мереке иелері де құр қалмады. Бұлардың ішінен өз қызметінің үздігі, мамандығының білгірі, кәсіби шебері тұрғысында танылғандарға республикалық «Ұлттық стандарттау және сертификаттау орталығы» АҚ-ы мен облыстық филиал басшылығы атынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз