Қысқы Универсиада: 16 қаңтарда қазақстандықтар қандай спорт түрлерінен сайысқа түседі?
Бүгін, 16 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың үшінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар биатлон, мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккейден сынға түседі. Бұл туралы kaz.inform.kz хабарлады.
Дүбірлі додада биатлон 14:00-де басталады. Аралас эстафетада ерлер 7,5, әйелдер 6 шақырымға жарыс жолына шығады. Аталған сында еліміздің намысын Никита Акимов пен Полина Егорова қорғайды.
Ал мәнерлеп сырғанауда қысқа бағдарламада сағат 22:00-ден бастап ерлер арасында Никита Кривошеев, Михаил Шайдоров пен Диас Жиренбаев сайысқа түседі.
Cағат 20:30-де шайбалы хоккейден әйелдер арасында Қазақстан мен АҚШ кездесуі басталады.
Қазірге дейін Қысқы универсиадада ел құрамасы қоржынында 2 алтын, 3 күміс, 1 қола медаль бар. Фристал -могулдан Анастасия Городко екі мәрте чемпион атанды.
Ал фристал-могулдан Аяулым Әмренова, парашаңғыдан Денис Зинов, фристайл-могулдан ерлер арасында Антон Бондарев күміс алса, парашаңғыдан Роман Құрбанов қола медаль иеленді.