Жарнама
СарапTimeЭкономика

Сауаптан пайда тапқанша…

МҰСЫЛМАН ҚАУЫМНЫҢ ҰЛЫҚ МЕРЕКЕСІ – ҚҰРБАН АЙТТЫ АТЫРАУЛЫҚТАР ҮШ КҮН БОЙЫ САЛТАНАТПЕН ТОЙЛАП, АУҚЫМДЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРДЫ. СЕНБІНІҢ ТАҢЫНДА АЙТ НАМАЗЫ ОҚЫЛҒАН СОҢ ДҮЙІМ ЖҰРТ ҚАЛАДАҒЫ МАЛ САТАТЫН САУДА НҮКТЕЛЕРІНЕ АҒЫЛДЫ. ЖЕКЕМЕНШІК ҮЙДЕ ТҰРАТЫНДАРҒА КҮНІ БҰРЫН ҚАМДАНУҒА МҮМКІНДІК МОЛ, АЛ КӨП ҚАБАТТЫ ҮЙДЕ ТҰРАТЫН АҒАЙЫННЫҢ БҰЛ ЖАҒЫНАН ҚОЛЫ ҚЫСҚА ЕКЕНІ АНЫҚ.

Біз де айттың алғашқы күні қаладағы мал базарларына бас сұғып, баға нарқына шолу жасап, жағдайды көзбен көріп қайттық. «Тума» базарының тура алдында 3 полиция көлігі тұр екен. Тәртіп сақшыларының нұсқауымен өзге көліктер ретретімен орналасыпты. Халық қарасы көп болса да, артық-ауыс дүрлігу жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын осындай бір ісшарада кісі өлімінің болғанын атыраулықтар ұмыта қоймаған шығар, бәлкім. Бүгінгі тәртіп көрген көзді қуантарлықтай. Базар ауласына енгеннен-ақ «қандай мал, қаншаға керек?» деп ентелеген саудагердің дауысы назарыңызды еріксіз бұрады. Сұранысқа сай уақ малдың арығы да, семізі де, жасы да, кәрісі де бар. Бағландар 40 мың теңгеден, марқа қозылар 45-50 мыңнан, тоқтылар 60 мыңнан басталады. Екі-үш жастағы қойды қаласаңыз, қалтаңызда 85-90 мың теңгеден кем қаржы болмауы керек.

Шыны керек, алдыңғы айлардағы базар бағасымен салыстырғанда өсімнің бар екені анық байқалады. Басқа уақытта қызметін 3000 теңгеге бағалайтын қасапшының қолақысы бұл күні 4000 теңгеге көтеріліпті. Осындай қажеттілікті пайдаланып, әдеттегіден артықтау ақша тапқысы кеп жүрген бір адам, әйтеуір. Бір өкініштісі, осы бағаның кейін қайта қалпына келместен, шарықтаған күйінде қалып қоюы. Аңдасаңыз, «үйдегі көңілді базардағы баға бұзадының» нағыз дәлелі осы жерде!.. Мал баққанның да, мал сойып жан баққанның да жағдайын түсінеміз. Бірақ дәл осы күні қайырымды іс жасап, сауап жинаған абзалырақ емес пе? Әлеуметтік желіде «Қабылбек ұстаз» атымен танылған имам Қабылбек Әліпбайұлы Құрбан айтта қойын қымбат сатып, пайда табуға құмартқан алыпсатарларды сынға алды.

– Адамдардың мұқтаждығын пайдаланып қол жеткізген байлықта берекет болмайды. Құрбан шалуға ниет еткен адам 50 мыңына қой алып, 30 мыңына дастархан жайып, ас бергісі келеді. Базарға келсе қойдың бағасы – 80 мың. Ол адам енді қайтеді?! Қолындағы бар ақшасына қой алып, налып кетеді. Саудагер де ойлануы керек!.. Сатып алушы қойды тек үйіне апарып, өзі ет қылып жемейді ғой, мұқтаж жандарға үлестіріп, барынша қамқорлық жасайды. Құдай жолына ас береді. Осындай кезде қайта әдеттегі бағасынан жеңілдік жасап берсе, оның сауабына үлескер болары анық, — деді ол.

Иә, «сауда сақал сипағанша» деген ертеден қалған тәмсіл бар. Әркім өз пайдасына жүретін нарық заманы десек те, адамзаттың асыл қасиеті адамгершіліктен айнымағанымыз дұрыс. Дұрысында, мал – баққандікі, жер – жыртқандікі! Міне, мұсылман қауымның мерейлі мерекесі де өтті. Биылғы іс-шарамен шектеліп қалмасы тағы анық. Алдағы жылдың айт күндерін қаладағы халық «Тағы да мал қымбаттап кетеді-ау» деген үреймен емес, үлкен үмітпен қарсы алса екен!..

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Фото: Atr.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button