ЖАС КЕЛСЕ ІСКЕ!

Геолог селолық округінің тұрғыны Айнұр Қалиева жұмыспен қамтуға қатысты берілетін жеңілдіктер жөнінде «Атырау» газетінің «Бизнесмен» қосымшасы арқылы білгенін айтады.

 

Шағын несие алып, өз ісін ашуға болатынын білген ол дереу қалалық жұмыспен қамту орталығына хабарласқан екен. Тиісті оқудан өтіп, бизнес-жоспар жасақтайды да, «Атырау» несие серіктестігіне мүше болады. Артынша жиһаз өндіру цехын ашу мақсатында 3 млн. теңге көлемінде шағын несие алады. Қазіргі уақытта тұрғындардан түскен сұраныстар бойынша әртүрлі кеңсе, үй жиhаздарын шығарумен айналысуда. Кәсіпкер «Атыраудың үздік тауары», «Атырау Инвест» атты көрме-байқаулар мен халықаралық бизнес-форумдарға белсенді қатысып келеді.

Осындай жас кәсіпкерлердің тағы бірі Дидар Ғабибуллин Еңбекші селосында мал шаруашылығын дамытуды қолға алыпты. Былтыр ол мемлекеттен бөлінген 3 млн.  теңге несие алып, жайылымдық мал шаруашылығын дамыту үшін желден қуат алатын генератор орнатқанын айтады.

– Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы 3 млн. теңге несие алып, жүз бас еділбай тұқымды қой малын алған едім. Құдайға шүкір, қазір бұл қойлар мыңдап саналады. Мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып, тегін электр энергиясына қол жеткіздім. Осылайша қарапайым еңбек адамдарын қолдап жатқан Елбасына және бағдарламаларды жергілікті жерде іске асырып жүрген азаматтарға ризашылығымды білдіремін, – дейді ол.

Жиһаз шығару, наубайхана салу, шаштараз ісін бастау, техникалық қызмет көрсету станциясын ашу… Иә, мұның бәрі жұмыс іздеп сарсылған ауыл жастарының қиялы емес, бұл – «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы беретін мол мүмкіндіктер. Бағдарлама Жылыой ауданында да жоғары деңгейде жүзеге асуда. Соның бір көрінісі, жеке кәсіпкер Дүйсембай Бохаевтың бастауымен ашылған жиһаз цехы. 

– Мұндай кәсіпкерлік істі ашу – менің көптен бергі арманым. Қол жұмысымен жасалатын эксклюзивті жиһаздар жинағы, әртүрлі пішінді сөрелер, үстелдер, орындықтар ел игілігіне пайдаланылуда. Үкіметтен аз ғана пайызбен алған 3 млн. теңгелік несие өз ісімді алаңсыз бастап кетуіме ықпал етті. Алға қарай да ел экономикасын көтеру жолында жұмыстана беретін боламын, – дейді кәсіпкер.

Бұрын жиһаз сатып алу үшін Құлсары қаласына немесе 250 шақырымдағы облыс орталығына баруға мәжбүр болатын жылыойлықтар Дүйсембайға дән риза. Енді ауданның өзге де аумағында жиһаз цехының бөлімшелері ашылады деп жоспарланып отыр.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз