Жарнама
Құқық

Шегенделген шекара

Бұл жерде әскерилер бір сәтке де тыным таппайды, өйткені бұл – шекара бөлімшесі. Каспий теңізі мен оның жағалауын күзететін «Евразия» шекара бөлімшесіне жүктелген міндет ауыр.
Республика Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне қарасты бұл бөлімше – мемлекеттің тыныштығын тәулік бойы қорғайтын, бірақ тынымсыз тірлігі көзге көрінбейтін жауапты сала. Атыраудан Алтайға дейін созылатын тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігін қорғауда әскери қызметкерлердің еңбегі өлшеусіз. Елдің қорғаны болып жүрген әскерилердің жағдайымен танысу үшін бөлімшеге арнайы бардық.

…Жол бойы департаменттің тәрбиелік, идеологиялық және кадрлар жұмысы бөлімінің бастығы, майор Ренат Жомартов желдің өтінде, елдің шетінде қызмет ететін шекарашылар туралы әңгімеледі. Шекара жасағы қазіргі заманға сай техникалық құралдар, қару-жарақ және қорғаныс киім түрлерімен қамтылған екен. Сарбаздарға теориялық сабақтар өткізіліп, іс жүзінде тәжірибелік сынақтар, күндізгі және түнгі атыс жаттығулары ұйымдастырылатынын білген біз тиісті талаптарды сақтай отырып, көкейдегі сұрақтардың да жауабын сұрай бердік.
Ел іргесін қорғап жүрген шекарадағы әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайы департаменттің бөлім басшысының айтуынша, толықтай мемлекеттің қамқорлығына алынған екен.
– Жалақыдан бөлек әлеуметтік төлемдер мен тұрғын үй төлемдері төленеді. Әскери қызметшілерге қызметтік жалақы әскери атақтары мен қызметтің ерекше шарттарына байланысты белгіленеді, — деп майор сыпайы ғана жауап қатты.

…Сонымен, темірдей тәртіптің үлгісін көрсеткен күзет бекетінде тұрған сақшының рұқсатын алып, аулаға ендік. Өзін «лейтенант Заманбек Қуат» деп таныстырған «Евразия» шекара бөлімшесі бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар бойынша орынбасары бізді бір үлгіде салынған жайлы ғимараттарға қарай бастады. Оның айтуынша, келісім-шартпен және мерзімді қызмет атқаратын әскери қызметшілер мемлекеттің толық қолдауын көріп, арасында «Әскери баспана» бағдарламасымен пәтерлі болғандар да бар екен.
Шынында да, әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан әлеуметтік жағдай жан-жақты қарастырылған. Тіпті отбасы мүшелеріне дейін медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Әскерилер науқастанып қалса немесе міндеттерін орындау кезінде жарақат алса, санаторийлерге жіберіледі. Әскери қызметтен босатылған және 20 жыл еңбек өтілі бар қызметшілердің медициналық мекемелерде тегін емделуіне мүмкіндік бар. Ал, еңбек өтілі 25 жыл болған қызметшілерге курорттық емделу тегін. Бұған қоса, балалары балабақшаға да, мектепке де кезектен тыс орналасады.

Міне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының тыныштығын қамтамасыз ететін шекара күзеттері (нарядтары) тұр. Кіреберісте бізді қарсы алған бөлімше кезекшісі – ефрейтор Айбек Досанов бүгінгі ішкі тазалық пен шекара нарядтарының шығуына жауапты. Ал, радиолокациялық станцияның техникалық операторы, қатардағы жауынгер Абылай Қыдыров монитордан шыққан нысандарды қадағалап, шекара бөлімше бастығына хабарлап отыр.

– Шекара – мен үшін қасиетті ұғым. Осы қызметтегі он жылдан бері Отан қорғауға деген жауапкершілікті айқын сезінемін. Әскери өмір ер жігітті ширатады, жас сарбаздар борыштарын абыроймен атқарса екен — дейді бөлімшенің байланысшысы Ринат Бадаубаев.
Біз жауынгерлердің әрқайсысын әңгімеге тартып, әскери борышын өтеудегі еселі еңбектеріне сәттілік тіледік. Олар да әңгіме арасында ауылды сағынып, туған жерді аңсағанда демалыс сағатын пайдаланып, домбыра мен гитараға қосылып әндететіндерін айтты. Өзара өткізетін спорттық жарыстарда жетістіктерге де жеткен. Бұл сөреде самсап тұрған кубоктар мен мақтау қағаздарынан байқалады.
Қашанда ел қорғаған сарбаздардың білекті де жүректі болары анық. Әскерилер рухани байлықты ұмыт қалдырмай кітап оқып, күнделікті газет-журналдарды да қадағалайды. Соның арқасында күні кеше өткен республикалық тіл байқауында аға лейтенант Ынтымақ Жұмабектің жеңімпаз атанғанын қызметтестері мақтанышпен айтты.
Таңмен таласа басталатын оқу-жаттығу арқылы сарбаздар күннен-күнге қиындыққа шыңдала түседі. Біз жауынгерлердің мемлекеттік шекараны күзету тапсырмаларын орындауға бұйрық қою рәсіміне куә болдық. Яғни, оларға нақты тапсырма беріп, орындау тәртібі мен уақыты белгіленді. Сондай-ақ жеке құраммен күнделікті жауынгерлік есеп өткізу де күн тәртібінен түскен емес.
Тысқа шығып, мен мұндалап тұрған биік мұнарада мінсіз қызмет атқарып тұрған бөлімше сақшысын көрдік. Жалпы, шекараны қырағы күзетуде бақылау мұнарасының маңызы ерекше екен.
– Қазір облыстық әкімдіктің қолдауымен шекарашыларға ерекше назар аударылып, мемлекеттік шекара мәселесіне айрықша көңіл бөлінуде. Сол кездегі облыс әкімінің қолдауымен қаражат бөлініп, 2018 жылы желтоқсанда модульдік типтегі жаңа застава пайдалануға берілді. Қазір бөлімше заманауи құралдар және дабыл қаққыш кешендермен жабдықталған. Ол 30 шақырым қашықтыққа дейінгі сигналды қабылдап, ал таратылған дабылды ақпараттардың қабылданғанын растап алу үздіксіз қадағаланады, — деп түсіндірді лейтенант З.Қуат.
Жалпы, күннің батуы шекарада жұмыс күнінің аяқталуын білдірмейді. Керісінше, шекара шебін берік қорғау жүйесі күшейе түседі. Міне, қатардағы жауынгер, сержант Мейрамбек Каренов қызметтік иті Зенаны жетекке алып, аймақты бақылауға алды.
– Кинолог маман ретінде айтарым, шекара бұзушылардың ізіне түсуде, браконьерлерді құрықтауда біздің Зена, Клод атты қызметтік иттеріміз сенімді күзетшілеріміз, — дейді өз ісінің маманы М.Каренов.
Ал, қатардағы жауынгер Гамзат Ғалымұлы дүрбісімен белгіленген аумақты шолып шықты. Жылдың төрт мезгілінде де шекара нарядтары үздіксіз қызмет атқарады екен.

– Біздің шекарашылар қаншама заңсыздыққа тосқауыл қойды. Қазір кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы аясында жеке құрам қырағылықпен қызметтерін атқарып жүр. Ал, браконьерлердің ізін кесудегі нәтижелі жұмыстар тіпті көп. Күні кеше «Евразия» шекара бөлімшесінің бастығы, капитан Нұрлан Сағындықұлының жетекшілігімен балық қорына қол сұғушылар ұсталды. Өзімен бірге кезекшілікте болған бес сарбазымен бірге Жайық-Каспий су арнасының тұсында 219 килограмм бекіре тұқымдас балықты қолды қылмақ болғандардың жолын кесті — деген майор Ренат Жомартов біраз деректерді келтірді.
Сонымен, біз шекарашылардың бір күнгі өмірін, тыныштықты қорғаудағы мінсіз міндеттерін абыроймен атқаратындарын көзбен көрдік. Заставадан шығар сәтте шекарада сап түзеген жігерлі, қырағы сарбаздардың жауапты жұмысына сәттілік тіледік.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

One Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button