Қонақты тонап, түрмеге түсті

  Атырау қаласының №2 соты Түркия елінің азаматын тонаған қарақшыға қатысты қылмыстық істі қарады.

  Сотта белгілі болғаны, әңгіме кейіпкері Р.Қосақбаев жеңіл жолмен көп табыс табуды ойлайды. Осы мақсатта ол қасындағы серігі екеуі (оның есімі белгісіз) бір түрік азаматын сыртынан торуылдайды. Қонақ облыс орталығының Көшім өткелі бойындағы үйдің қасында көлігіне отыра бергенінде сыртынан келіп, соққы жасайды. Жәбірленушінің мойнынан электрошокер құрылғысымен ұрып, жерге құлатады. Онымен қоймай, аяғынан тапаншамен бірнеше рет атып, машинамен қала сыртына алып шығады. «Жемтігінің» ақшасы мен ұялы телефонын қалтаға басқан қарақшылар мұны да місе тұтпай, оның үйіне барып, жұбайынан да ақша алады. Нәтижесінде, жәбірленушіге орта дәрежелі дене жарақатын салды әрі жарты миллион теңге шығын келтіреді. Бірақ, қаскөй жігіт көп ұзамай қолға түсіп, заң алдында жауап берді. Сот үкімімен Р.Қосақбаев қарақшылық жасағаны, автокөлікті заңсыз иеленгені және адамды ұрлағаны үшін ауыр жазаға кесілді. Ол енді мүлкі тәркіленіп, 7 жыл 6 ай мерзімін темір торда өткізеді. Жаза өтеу орны түзеу колониясының қатаң режимі болып белгіленіп отыр.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз