«Сыра королінің» сыры ашылды немесе Төлешевтің әрекеттері төбеден жай түскендей әсерде қалдырды

  Шымкент сыра зауытының қожайыны Тоқтар Төлешевті қаңтардың соңында жүз қаралы арнайы жасақ Шымкенттегі мейманханалардың бірінде ұстаған болатын. Оған тағыл-ған айып – қылмыстық топты қаржыландырып, есірткі сатумен айналысты делінген оған тағылған бастапқы айыпта. Қазір Тоқтар Төлешевтің өзі Астанада қамауда отыр. Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитеті атышулы шымкенттік «сыра короліне» қатысты бұған дейін құпия болып келген деректерді жариялады.  

 ТӨЛЕШЕВ ТӨРЕ БОЛУДЫ АҢСАПТЫ

  Билікті заңсыз басып алуға әрекет етті деп айыпталып отырған шымкенттік бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешев Қазақстанның вице-президенті болуға ұмтылып, артынша мемлекетті басқарғысы келген. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Руслан Қарасев мәлім етті. Оның айтуынша, билікті басып алу жоспарын орындау үшін Т.Төлешев алдымен елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға әрекет жасаған. Бұл үшін ол 2005 және 2010 жылы Қырғыз Республикасында болған жағдайды өте мұқият зерттеген. Тіпті, Қырғызстанға өзі барып, керекті материалдар мен дерек-дәйектер іздеген. «Билікке халық арасында жаппай тәртіпсіздік орнатып, халықты наразылыққа азғыру арқылы келуге болатынын түсінген ол бұл арам пиғылын Қазақстанның батысында тез жүзеге асыруға болады деген болжамға келген. Төлешев Қазақстанның батысында наразы топтар бар деп пайымдап, әлеуметтік-экономикалық және өзге де мәселелерді алға тартып отырған, әрі наразы топтарды өз мүддесі үшін пайдаланбақ болған. Жаппай тәртіпсіздік пен әдейі ұйым-дастырылған наразылық акцияларының барысында ол би-лікке ультиматум жасап, өзі үшін вице-президент лауазымын енгізуді көздеген. Артынша, мемлекетті өзі басқаруды ойлаған»,-деп хабарлады ҰҚК өкілі.

ҚАРУЛЫ ӘСКЕР ҰСТАҒАН

  Мемлекетте төңкеріс жасауға әрекеттенген бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешев 90 қарулы адамды жан-жақты да-йындаған. Төлешев өзімен сыбайлас трансұлттық қылмыстық топтардың қатысуымен Шымкент аумағында бірнеше рет жиын өткізген. Ол Оңтүстік Қазақ- стан облысының қылмыстық топтары арасында бедел жинап, криминалды мәселелерді «реттегені» үшін ақша алып отыр-ған. «Тергеу анықтағандай, қыл-мыстық амбициясын жүзеге асырып, беделін арттыра түсу үшін ол өз кәсіпорындарының күзет қызметі базасында ұйымдасқан қылмыстық тобын құрып, қарумен жарақтандырған. Оның ие-лігінде сақадай-сай 90 әскері бол-ған»,- деді Р.Қарасев. Сондай-ақ, Т.Төлешев өзінің бұл әрекетте-ріне сырттай заңды көрініс беру үшін алдымен «СМЕРШ», кейіннен «Вымпел групп» атты күзет фирмасын тіркеген.

АДАМДАРДЫ ЗӘБІРЛЕГЕН

  Тоқтар Төлешевтің қылмыстық тобы адамдарға зәбір көрсетіп, ұрып-соққан сәт-терін бейнекамераға түсіріп отырған. «Тергеу көрсетіп отырғандай, Тоқтар Төлешевтің бұйрығымен оның қылмыстық тобы адам өлтіріп, заңсыз адам ұрлап, оларды ұрып-соғатын болған. Оның айтуымен, адамға зәбір көрсету сәттері фото және бейнекамераға түсіріліп отырған»,-деп мәлім етті Р.Қарасев. Осы қылмыстық іс аясында бизнесменді тінту кезінде осындай материалдар табылған. Бейнежазбалардағы адамдардың кім екендігі анықталған, енді олар сотта куәгер және зардап шегуші ретінде сөз сөйлемекші.

СЫБАЙЛАСТАРҒА – ЖҰМСАҚ «КРЕСЛО»

  Билікті күшпен басып алғысы келген бұрынғы бизнесмен Қазақстан Республикасының құзырлы органдарында басшылық қызметін атқарған сыбайластарына Жоғарғы сот пен Ішкі істер министрлігінде лауазымды қызметтер алып беремін деп уәде еткен. «Тергеу анықтағандай, Бақтыбаев пен Досқалиев билікті күшпен басып аламын деген Тоқтар Төлешевтің ойынан хабардар болған және оны толықтай қолдаған. Мемлекеттік төңкеріс жасаған соң бизнесмен олардың біреуіне Жоғарғы соттың төрағасы қызметін, екіншісіне Ішкі істер министрінің қызметін алып беремін деген. Ал, әскери бөлімдердің басшылары Жумин мен Пернебаев заңсыз ақшалай сыйақы үшін Төлешевке әскери ұшақ, әскери техника мен штаттағы әскери адамдарды берген. 2014 жылдың тамызында ол осы әскери әлеуетті пайдалана отырып, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында әскери-спорттық шара өткізген. Сәкен Айтбеков оның тапсырмасы бойынша лауазымды иелене отырып, қылмыс жасады деп айыпталуда»,- деді Р.Қарасев.

ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТТЫ х

 Тоқтар Төлешев екінші деңгейлі банктер мен трансұлтты қылмыстық топтардың алдында қарызға белшесінен батқаны анықталды. «Қолда бар дәйектерге сүйенсек, ол өзінің қылмыстық тобын «асырау» үшін өте көп қаржы жұмсаған. Айналасына айтқанын жүргізіп өмір сүруді армандаған бизнесмен қарызға батқан. Ол ҚР екінші деңгейлі банктері мен трансұлттық қылмыстық топтардың алдында да қарыз болған. Барлық қарызын қоссақ, 200 млн. АҚШ долларын құрайды»,- деп хабарлады Р.Қарасев. Дәл осы сәтте оның ойына билікті күшпен басып алу идеясы келеді. Т.Төлешев осы жоспары сәтті іске асса, өз бақылауына өтетін әкімшілік ресурс арқылы қарызынан құтылып, отбасы мен бизнесінің шалқыған өмірін қайтарып алуды көздеген.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОПҚА – КӨП ҚАРЖЫ

  Билікті басып алуға әрекет етті деп айыпталып отырған бұрынғы бизнесмен Тоқтар Төлешев халықаралық қылмыстық топтарды қаржыландырып, оларды үнемі қолдап келген. Оның халықаралық сыбай-ластары өздерін «бауырлас топ» деп атаған. Ал, ол осы трансұлтты қылмыстық топтардың басшыларына қаржылай көмек беріп келген. Тергеу барысында анықтағанындай, Т.Төлешев «Хасан ата» атты лақап атымен танымал Аслан Усоянмен, «Ташкенттің Жорасы» атанған Георгий Сорокинмен, «Мерный Гафур» атты лақап аты бар Гафур Арсланбек Рахимовпен, «Бухар Максим» атты лақап аты бар Нозин Жұмаевпен, «Ильяс көке» атты лақап атымен танымал Ильяс Сұлтановпен тығыз байланыста болған. Сондай-ақ, ол жоғарыда аты аталған адамдарға және олардың қылмыстық тобына үнемі ірі көлемде қаржы аударып отырған. «Рахимов пен Жұмаевтың тікелей көмегінің арқасында Тоқтар Төлешев Өзбекстанда бірнеше коммерциялық нысандарды өзіне қаратып алған. Атап айтсақ, «Шабыт» қонақүйін, лак бояуларын шығаратын зауыт пен «Ләззат» атты кондитерлік фабрикаға иелік еткен. Сондай-ақ, Өзбекпромқұрылыс банкінің ірі акционері атанған»,- деп хабарлады Р. Қарасев. Қазақстан бойынша ол «Шымкентсыра» ЖШС зауытының жай ғана директоры емес, басқа бірнеше ірі нысандардың да иесі болған. Ол шыны зауыты, Оңтүстік Қазақстан аграрлық одағы мен «Шымкент пикчерс» киностудиясы және өзге бірнеше кәсіпорын кіретін «Дархан» атты ірі холдингтің иесі және жетекшісі болған. Бұл холдингтің Ресейде, Қырғызстан мен Тәжікстанда филиалдары бар болып шықты.

«СЫРА КОРОЛІНЕ» ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР ҚАНДАЙ?

 Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тоқтар Жүсіпұлы Төлешевке қатысты қылмыстық істің негізгі эпизодтары бойынша тергеуді аяқтады. Осы іске байланысты 25 адам қылмыстық жауапкершілікке, 300-ге жуық адам куәгер ретінде іске тартылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі баспасөз мәслихатында осындай ақпарат таратты. Тергеу барысында Т.Төлешевтің бірқатар ауыр және өте ауыр қылмыс жасағаны дәлелденген. Атап айтсақ, оған ҚР Қылмыстық кодекстің 125, 126, 179, 182, 192, 262, 265, 266, 268, 287, 296 және 367 баптары бойынша, сондай-ақ, Қылмыстық Кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 96, 107 және 187 баптары бойынша айыптар тағылып отыр.

ҚазАқпарат материалдары бойынша дайындаған: Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз