Оқушылар қарттар үйінің қарияларына кинотеатрға билет алып берді

fc5ac32f 8431 4ff2 9203 9ddc05d9d77f 1 Қоғам

«Зияткер» мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен №4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығындағы қариялар «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін тамашалауға кинотеатрға барды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.

Мектеп-лицейдің директорының орынбасары Абай Ақмұрзиевтың айтуынша, қайырымдылық айында зияткерліктер қарияларды қалай қуантсақ екен деп көп ойланған.

 «Қазан айының алғашқы күндері мектепте қайырымдылық жәрмеңкесін өткіздік. Онда оқушылар мен мұғалімдер өздері жасаған қолөнер бұйымдары мен тәттілер, бәліштерді әкеліп сатты.  Қайырымдылықтан түскен қаржыға қарияларды кинотеатрға әкеліп отырмыз. Жылда қарияларға барып концерт қоюшы едік, осы жолы кішкене өзгешелеу болсын деп киноға әкелдік», дейді Абай Ақмұрзиев.

Қариялар кинотеатрға алғаш рет келуі екен. Олар оқушылар мен ұстаздардың бұл ісіне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді. «Бүгін біздерге тамаша көңіл-күй сыйлаған оқушылар мен ұстаздарға ризамыз.  Қазіргі таңда кинотеатрларда «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі көрсетіліп жатыр екен. Фильм өте әсерлі. Көрген жанды бей-жай қалдырмайды.  Көзімізге жас алып, жылап қалдық», дейді қария Әдия Бисенәлиева.

Фильмнен соң оқушылар қарияларға өздері жасап әкелген тәттілерді сыйлап, жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, «Міржақып: Оян, Қазақ» фильмінің көрсетілімі қазір қоғамның сұранысынан соң тағы бір аптаға созылған еді.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз