МАЙДАНГЕР РУХЫ ӨШПЕЙДІ

Сонау ел басына іс түскен сұрапыл соғыс жылдарында, одан бергі замандарда бар ғұмырын халық үшін, оның жарқын тұрмысы үшін арнаған, елінің бейбіт өмірін қорғаған, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен абзал адамдар қаншама?! Олардың бірі өмірден ерте озып кетсе, енді бірі қадірменді қария атанып, танымал ел ағасына айналды. Сондай жандардың бірі – саналы ғұмырының сегіз жылын Отан қорғауға, қалған өмірін өзі туып-өскен ауылын өркендету ісіне арнаған айтулы азамат Нәпи Ғабдиев.

 

Ол 1918 жылы бұрынғы Гурьев облысы Есбол ауданы Тума ауылдық кеңесінде (қазіргі Индер ауданының Өрлік ауылы) дүниеге келді. 1927-1930 жылдары Тума ауылындағы «Қара құс» мектебінде, 1930-1935 жылдары Елтай орта мектебінде оқыды. 1935 жылдан бастап Тума ауылдық кеңесінде есепші болса, 1937-1938 жылдары Орал қаласындағы облыстық қаржы бөлімі жанындағы салық инспекторларын дайындайтын курста оқып, 1936-1938 жылдары аудандық қаржы бөлімінде аға салық инспекторы болып жұмыс жасады.

Әскерге 1938 жылы шақырылады. Ленинград қаласында кіші командирлер дайындайтын мектепте бір жыл оқып, 152 мм-лік ауыр зеңбіректің командирі болып тағайындалады. 1939-1940 жылдары  финдерге қарсы соғысқа бастан-аяқ қатысып, кейін Кеңес одағы – Финляндия шекарасында тұрған. 1941 жылы 22 маусымда Герман фашизмі себепші болған соғыстың басынан бастап, соғыс біткенге дейін 43-ші артиллерия полкі және 138-ші артиллерия бригадасы құрамында зеңбірек командирі болады. Ленинград, Калининград, Бірінші Балтық майдандарында ауыр артиллерия полкінің құрамында ұрыстарға қатысады. Бұл артиллерия полкі мен оның барлық жауынгеріне Жоғарғы Бас Қолбасшы бес рет алғыс жариялаған.

Сондай-ақ, аталған полк Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Суворов ордендерімен марапатталып, «гвардия полкі» атағына ие болған.

Соғыстан Нәкең 1946 жылы желтоқсан айында оралды. Содан кейін 1947 жылы аудандық қаржы бөлімінде жұмыс жасады. 1948 жылдан ұжымшардағы әр түрлі басқару жұмыстарында, 1957-1979 жылдары «Передовик» ұжымшарында жартылай биязы жүнді қой фермасының меңгерушісі болды. Ол кісімен «Передовик» ұжымдық шаруашылығында ұзақ жылдар бірге еңбек еттік. Шаруашылықтағы небір науқандық жұмыстар кезінде Нәкең өзін шебер ұйымдастырушы, тәжірибелі басшы, білгір маман, жанашыр ақылшы ретінде көрсете білді. Өзі басқарған №2 қой фермасының толағай табыстарға жетуіне жиырма екі жыл бойы білімін де, тәжірибесін де аямай жұмсап, талай майталман малбегілердің өсіп жетілуіне үлкен еңбек сіңірді. Сөйтіп, ауылдастарының абыройына бөленіп, алғысын алды.Бейбіт өмірде сіңірген ерен еңбектері үшін соғыс ардагері Гурьев облыстық партия, облыстық атқару комитеттерінің «Құрмет кітабына» енгізіліп, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Социалистік мал шаруашылығын дамытудағы еңбектері үшін оған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Қазақ КСР социалистік мал шаруашылығының Еңбек сіңірген шебері» құрметті атағы беріліп, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Қазақ КСР ауылшаруашылық қызметкерлерінің социалистік жарысы үздігі» белгісімен, «КСРО ауылшаруашылық қызметкерлерінің социалистік жарысының үздігі» белгісімен, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын медалімен, Ленин орденімен марапатталды.

Құрметті демалысқа шыққан соң да Нәкең аудандық мәдениет бөлімінің «Передовик» кеңшарына қарасты бөлімшеде автоклуб меңгерушісі болып қызмет жасады. Ерен еңбектері үшін бірнеше медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Нәпи ағамыз 1993 жылдың ақпанында дүниеден озды.

Қашан да жақсының артынан жақсы сөз ереді. Өзі өмірден өтіп кетсе де, 2005 жылы Алматы қаласының «Өлке» баспасынан Ұлы Жеңістің 60 жылдығына орай шығарылған Атырау облысының соғыс және тыл ардагерлеріне арналған «Жеңісті жақындатқан жандар» атты кітап шықты. Осы кітапта Нәпи Ғабдиевтің соғыстағы ерлігі баяндалған. Майдангер Нәпи Ғабдиевтің есімі ел жадында сақталып, аты ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Ел игілігі үшін ерен еңбектің үлгісін көрсеткен соғыс және еңбек ардагері ешқашан ұмытылмауы керек. Сондықтан да, Өрлік ауылының бір көшесіне Нәпи Ғабдиевтің есімі беріліп, ол кісі  көзі көрген жерлестерінің де, ағайын-тумаларының да, егеменді еліміздің ертеңі саналатын бүгінгі жастардың да мақтаныш тұтар тұлғасына айналса дейміз. Менің бұл ұсынысымды бүкіл ауыл тұрғындары қолдайды деп сенемін.

Сақан ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ,

Социалистік Еңбек Ері, Атырау облысы және

Индер ауданының Құрметті азаматы,

Өрлік ауылы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз