ТЫЛДАҒЫЛАРДА ДА ТЫНЫМ БОЛМАДЫ
Сонау 1932 жылы Забурын ауылында дүниеге келген мен өзім құралыптас ұлдармен «Жеңіс үшін!» деп, үлкендерше еңбек еттім. Әсіресе, біз қи ою, жыңғыл, пішен, судан қамыс шабу, тезек теру, бұзауларды енесінен бөлек бағу — осының бәрін екі айтқызбай үлкендерше атқара білдік. Бұл жұмыстарға қоса мектеп пен кеңсені отынмен жабдықтау да біздің мойнымызда еді. Жоқшылықтан жартылай жалаңаш, ашқұрсақ жүретін біз жөні түзу аяқ киім болмағасын мал терісінен тігілген шарық киетінбіз. Сол шарықпен біраз жерді шарлап, бар шаруаны тындыратынбыз.
Бірде мынадай оқиға болды. Қырдағы бір малшының құдығын қазып жатыр едік. Құдық түбінен су көріне бергенде оның жанындағы топырағы опырылып, ішке құламасы бар ма? Үсті-үстіне құлаған топырақ бізді әбден басып қалды. Үйінді астында үш сағаттай жатқанымызда шелектері салдырлап, біздің бағымызға қарай, су алуға екі-үш әйел адамның келмесі бар ма? Осы кісілер біздің біріміздің айқай салған, біріміздің ыңырсыған дауыстарымызды естіп, құдықтағы топырақты барынша арши бастады. Сөйтіп, бізді құдық түбінен аман-сау шығарып алды…
Сонау 1944-1945 жылдары 180 шақырымдағы Забурыннан бидай артқан оншақты түйемен Гурьевке келеміз. Сол кезде он-он екі жасар баламыз ғой, шаршау дегенді білмейміз. Түйенің мұрнындағы жібінен жаяу жетектеп жүре береміз. Үлкендер болса қалың киініп алып, түйенің үстінде жатады. Енді бірде әскерге азаматы алынған, үбірлі-шүбірлі баламен ауылда қалған әйелдерге қарасушы едік. «Бала» деген атымыз болмаса, үлкендер атқара алмайтын жұмыстың бәрін жасайтынбыз. Көршілес екі-үш бала болып қырдан желкек қазып, шырмауық теретінбіз. Құмаршық қағып, әкесіз өсіп жатқан кішкенелердің ашығып қалмау қамын ойлайтынбыз. Несін айтайық, талай ауыр жұмысты біз жасадық. Сонда да осы кезге дейін ешбір марапат, ешбір сияпат көрмедік.
Есімде, Ұлы Жеңістің 60 жылдығында менің тұстастарыма көрерге көз керек әдемі өңірлік белгі (значок) таратты. Бірақ, ол да маған бұйырмады. Осы белгіні алайын деп біраз адамға барып едім. Бәрінен «таусылып қалды» деген жауап естідім. Менің өмірлік қосағым да — тыл еңбеккері. Бірақ, ол да еш марапат алып көрмеді. «Алтын алқаға» көп бала туғанының арқасында қолы жетті. Сөзімнің соңында, еліміздегі және жергілікті жердегі басшы азаматтар тыл еңбеккерлерін естерінен шығармаса, көзі тірілеріне мүмкіндігіне қарай жағдай жасаса екен дейміз.
Мырзабай ӘЗІРБАЕВ,
тыл ардагері,
Атырау қаласы.