ЕҢБЕГІ СІҢГЕН ЕР ЕДІ…

Қазақ зиялыларын атып-асып, енді біреулерінің тағдырын ғұмырының соңына дейін темір торға тағандаған отыз жетінің қырғыны, яғни репрессия жылдарының ақиқаты әлі күнге толық ашылған жоқ. Олай дейтініміз, қанды саясаттың, домалақ арыздардың құрбанына айналған мыңдаған боздақтарымыз, олардың ел үшін сіңірген еңбегі күні бүгінге дейін өз деңгейінде зерттеліп, насихатталмай келеді. Солардың бірі – әрі ұстаз, әрі дәрігер болған, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің, «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім» атағының иегері Қойшыбай Есембаев еді.

 

Патшалы Ресей кезіндегі қиын жағдайға қарамастан, оқытушылық гимназияда білім алған Қызылқоға өңірінің тумасы Қойшыбай Есембаев Қарабау, Тайсойған өңіріндегі мектептерде ұзақ жылдар еңбек етіп, қараңғы қазақ даласына алғаш білім нәрін себушілердің бірі болды.

Кеңес үкіметі орнаған алғашқы жылдары қазақ даласын жаппай сүзек пен шешек, оба сынды аты жаман аурулар жайлап, нәтижесінде шиеттей бала-шағалардан бастап, еңкейген кәріге дейін шетінен қырылғаны белгілі. Осындай қиын заманда Орал қаласындағы дәрігерлік-фельдшерлік курста оқып, белгілі қоғам қайраткері Халел Досмұхамедовпен бірге еңбек етіп, халықты ғасыр тажалынан аман алып қалуға күш салады.

Бірақ, жеке басқа табынушылық белең алған Кеңес үкіметі жылдары «Сталинді жамандады, орден мен медальдарды менсінбеді» деген жалған айыппен жазықсыз жазаланған Қарабау жетіжылдық мектебінің сол кездегі мұғалімі Қойшыбай Есембаев 1951 жылдың наурызында он жылға сотталып кете барды.

Сол заманда Қызылқоға ауданындағы алғашқы орденді мұғалім 61 жаста болатын. Жазықсыз жала күйдіріп, әрі Ақтөбе түрмесінде көрген қорлық салдарынан ол көп ұзамай бақилық болды. Өкініштісі, «халық жауының» өлі денесін де «қауіп» көрген сол кездегі қатігез билік сүйегін туған жеріне жерлеуге де рұқсат етпеді. Ақыры әкемнің өлі денесі түрме жанындағы зиратқа елеусіз ғана көміліп кетті.

Кейін заман өзгеріп, еліміз егемендік алғаннан соң, жазықсыз жазаланған мұғалімнің, яғни әкемнің орден-медальдары Отанға оралды. Онда да қазақ билігі ықпал етті. Наградаларды Ресей Президенті Владимир Путиннің тапсырмасымен 2006 жылы Ресей Федерациясының сол кездегі Батыс Қазақстан аймағы бойынша консулы Иван Исаченко Атырауға арнайы келіп, салтанатты жағдайда табыс етті.

Әкемнің артында қалған анам Қалима біздерді басына түскен қиындықтарға мойымай жүріп өсірді, жетілдірді. Мен де әке жолын қуып, ұзақ жыл дәрігер болып еңбек еттім. Осылайша облыс медицинасының дамуына үлес қостым деп ойлаймын. Қызым Гүлжан Мыңжасарқызы бүгінде Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде сабақ береді. Филология ғылымдарының кандидаты. Ата жолын жалғастырушы.

Айтқым келгені, әр өңірдің тарихшылары репрессия жылдарында құрбан болып, елеусіз қалған тағдырлар туралы зерттеулер жасаса, өлке тарихына құнды тараулардың қосылары сөзсіз еді.

Ақжай ҚОЙШЫБАЕВА, медицина саласының ардагері,

Атырау қаласы.

 

Біздің  дерек

 

1998 жылдың қыркүйек айында Қызылқоға ауданындағы Қарабау орта мектебіне Қойшыбай Есембаевтың мемориалдық тақтасы орнатылды. Бүгінде репрессия жылдарының құрбаны болған Қойшыбай Есембаевтың атында өзі еңбек еткен Қарабау ауылында және Атырау қаласында көше бар.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз