СӘКЕН ЕҢБЕКТЕРІ ГРЕКИЯДАН ТАБЫЛДЫ
Астана қаласындағы ұлттық мұрағаттың бас директоры Марат Әпсеметовтің сөзіне қарағанда, белгілі тұлғаның зерттелмеген еңбектері әлі де баршылық. Ол аталған мәселе жөнінде мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдық мерейтойына арналған кездесуде атап өтті.
М.Әпсеметов: «Бірде Алматыдағы мұрағатқа барып, «Сәкеннің қандай материалдары бар?» деп сұрадым. Сөйтсем, онда С.Сейфуллин халық комиссары болған кездегі барлық құжаттар сақталыпты. Ол ашылмаған, ешкім зерттемеген де. Сейділ Талжанов, Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлиндер ғана қарап шығыпты. Осыдан кейін Орынборға барсам, ол жақта да Сәкенге қатысты құжаттар толып тұр. Жиналған құжаттар негізінде орыс тілінде «Сакен Сейфуллин – Председатель народных комиссаров Казахстана (г. Оренбург, 1922-1924 гг.)» деген кітапты екі-үш айдың ішінде жазып шықтым. Оны қазақша да жазып шығар едім, бірақ негізгі материалдар, халық комиссариатының барлық құжаттары, Ленинмен жазысқан хаттары орыс тілінде жазылған», — деді.
Оның айтуынша, Грекияның ұлттық мұрағатынан да С.Сейфуллиннің 30-шы жылдары латын қарпімен жазған материалдары кездескен. «Мәселен, соғыс жылдары Мұстафа Шоқай Польшада «Прометей» деген журнал шығарған. Осы журналдың ең алғашқы нөмірлері Сәкеннің өлеңдерімен басталады. Міне, осы басылымдар алдағы уақытта қазақ тілінде аударылып, жарық көретініне сенемін», – деді ол.
Тағы бір айта кетер жайт, М.Әпсеметовтің дерегіне сүйенсек, 1922 жылы Орынбор қаласы зауыт, көпір салуға халық комиссариатынан қаржы сұраған, алайда, С.Сейфуллин ең бірінші кезекте қаржыны Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жөндеуге бөлдірген. Бұдан бөлек, ұлттық мұрағат басшысы: «Жалпы, С.Сейфуллиннің еңбектерін экономика, құқықтану салаларына бөліп, кітап қылып шығаруға болады», — деді.
adebiportal.kz.