Жарнама
Қоғам

Сайлауалды уәде – халық алдындағы жауапкершілік

«AMANAT» партиясының Атырау облысы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасында төрт басым бағытта 93 іс-шара қарастырылған, оның ішінде 2025 жылға 79 іс-шара жоспарланған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 84 тармақтың 64-і орындалып, 20 тармаққа орындалмаған себептер анықталыпты. Олардың ішінде қаржыландыру тапшылығы, су тасқыны және басқа да факторлар бар. Ал, осы жылға жоспарланған 79 тармақтың 9-ы толық орындалып, 70-і атқару үстінде. Алайда, төрт тармақта тәуекелдер сақталып отыр.

Бұл туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалында өткен партияның Орталық аппаратының ұйымдастыру және аумақтық жұмыстары депараментінің директоры Жанар Бектаеваның облыстық, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелерімен кездесуіне филиал төрағасы Абдолла Идресов баяндады.


– Қаржыландыруға келер болсақ, биыл жалпы 71,2 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 29,5 млрд., жергілікті бюджеттен 34,6 млрд. және басқа көздерден 7,1 млрд. теңге қарастырылған.Халықты әлеуметтік қолдау ерекше назарда. Биыл 1 сәуірге дейін 5 509 адам жұмыспен қамтылды, оның 1 347-і тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Жастардың жұмыспен қамтылуы да артты — 1 622 жас адам жұмыс тапты. Кәсіпкерлікті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы кәсіпкерлікті қолдау үшін 9,4 млрд. теңге бөлініп, 43 жоба іске асырылды. Жобаларға негізінен жеңілдетілген несие және кепілдік беру арқылы қолдау көрсетілуде.
Тұрғын үй құрылысы бойынша 753 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек. Қазірдің өзінде 61 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар салу да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мысалы, 2025 жылы бірнеше спорт кешені пайдалануға беріліп, балаларға арналған спорт секциялары ашылады, — деді аймақтағы сайлауалды бағдарламаның орындалысы жөнінде баяндама жасаған ол.

Таза ауыз сумен қамту деңгейі облыс бойынша 99,9%-ға жетті. Сондай-ақ, кәріз-тазарту құрылыстары мен газ тарату жүйелері жөнінде ірі жобалар қолға алынған. Жиында атап өтілгендей, жобалардың кейбірі қаржыландыру тапшылығы мен табиғи апаттарға байланысты кідірістерге ұшырағанымен, жалпы бағдарлама бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Жиында Жанар Бектаева партияның фракция жұмысына жоғары баға беріп, бірақ нақты сын-ескертпелерін де айтты.
– «AMANAT» партиясы – елдегі саяси реформалар мен платформаларды, Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асырып келе жатқан үлкен саяси институт. Сондықтан да, Қазақстан бойынша мәжіліс, мәслихат депутаттарының басым бөлігі – «AMANAT» партиясының мүшелері. 2027 жылы сайлау болады. Сондықтан да біздер елді аралап, депутаттармен, бастауыш партия ұйымдарының мүшелерімен кездесіп, сұхбаттасып, ой-пікірлерін тыңдап, сайлауалды бағдарламаның өңірдегі орындалысымен танысып жүрміз. Депутаттар – сіздер елдің жүгін, аманатын арқалаған, ұлтқа, елге қызмет деген үлкен абыройды алып жүрген азаматсыздар. Халықтың алдында берген уәдемізді қаншалықты орындадық, соған есеп бересіздер. Сайлаушылармен тығыз жұмыс жасалу қажет. Орталық аппарат жұмыстарыңызға мониторинг жасайды, ал бағасын беретін халық. Аймақта сайлауалды бағдарламаның орындалысы бойынша көрсеткішті арттыру қажет, — деді Жанар Әлібекқызы.

Ол сондай-ақ, аймақтағы көрсеткіштерді арттыру қажеттігін атап өтіп, «Былтырғы су тасқыны, төтенше жағдай салдарынан көптеген жобалар кейінге шегерілді. Алайда, қалған жыл жарым уақыт ішінде жағдайды қалыпқа келтіресіздер деп есептеймін. Халыққа берілген уәде – өзімізге жүктелген жауапкершілік. Соны абыроймен алып шығуымыз керек», — деді ол.
Атырау қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Қаршыға Жауымбаев өз баяндамасында партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы туралы мәлімет берді. Оның айтуынша, Атырау қалалық мәслихатында 17 «AMANAT» партиясының депутаты бар, оның 16-сы фракция мүшесі болып табылады. Осы жылдың басынан бастап фракцияның екі отырысы өткізілді, онда депутаттық жұмыстары мен округтегі проблемалық мәселелер қаралды.
Жұмыспен қамту бойынша осы жылдың 1 мамырына дейін 2496 адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 968-і жастар. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша 9 адам жолданған, жыл соңына дейінгі жоспар 42 адам. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында халықты жұмыспен қамтудың белсенді шаралары аясында 4988 адамға көмек көрсетілген.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Атырау қаласы бойынша 244 нысанның тізімі жасақталып, мүгедектігі бар адамдарға арналған бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өндірушілермен және тасымалдаушылармен меморандумдар жасақталған.
– Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі бойынша биыл 75 504 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, оның ішінде халық қаражаты есебінен 59 805 шаршы метр немесе 64,3%-ды құрайды. Самал ықшам ауданында 171 жер учаскесін даярлау үшін инженерлік-коммуникациялар инфрақұрылымын тарту жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 3 тоқсанында жұмыстар аяқталады деп жоспарлануда.
Халықтың әрбір сұрағы – депутаттың жеке жауапкершілігі. Сондықтан біз тек есеп тыңдаумен шектелмейміз. Әрбір мәселе бойынша нақты қоғамдық бақылау бар. Бұлар – фракция мүшелерінің қатысуымен тікелей бақыланып отырған жұмыстар, — деді баяндамашы.
Өңірде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар айтарлықтай. Депутаттар халықтың аманатын орындау үшін бар күш-жігерін салып жұмыс істеуде. Алдағы уақытта да осы бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады.
Бұл кездесуде айтылған мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта партияның аймақтардағы жұмысына оң әсерін тигізіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button