САДАҚАДАҒЫ ЫСЫРАПШЫЛДЫҚ

ол  кімге  пайда,  кімге  зиян?

Аталарымыз «Садақаны сауда бер», «Садақадан сатып іш» дейді. Бұл - басың аман, денің сау жүргеніңде Жаратқан иеңе деген өз ризашылығыңды білдір дегені. Мұндай садақаны біреу қыруар адам шақырып, мал шалып, үйдегі дастарханында берсе, енді біреулер үкімет үйлерінде тұрып жатқан қарттар мен жас балалардың мұқтажы үшін деп, ақшалай не малдай апарады. Ал, енді бір топ «мынау айтқан садақамыз еді» деп, Алла үйі - мешітке өткізеді. Әрине, садақаны қандай жолмен таратса да, оның сауабы мол, дейді үлкендер.

 

«Жан бар жерде – қаза бар» демекші, пендеге туу қандай хақ болса, өлу де хақ. Кісісі өлген шаңырақтың оны соңғы сапарға шығарып салуынан бастап кейіннен өткізетін үші, жетісі, қырқы, жүзі, жылы дегендей қаделер де тек қазақтарға тән. Жылдың қай мезгілі болсын, әсіресе, ми қайнатар шілдеде өмірден өтсе де, қазақтар марқұмның қарасына, міндетті түрде, ірі қара малын сояды. Сосын дастарханды қымбат тәттілерге, көкөністер мен жеміс-жидектерге толтырады. Бата оқи келген кісілер сол апельсин мен бананнан ауыз тимесе де, ол бәрібір дастархан үстінде тұруы керек деп ойлайды. Жасыратыны жоқ, осындай мол дастарханды садақаны біреу бар болғандықтан, жағдайы соққандықтан жасаса, енді бірі «жұрттан қаламыз ба?», «келген кісі күліп кетіп жүрер…» деп, қарызданып-қауғаланып өткізеді. Ата-анасы өмірден өткенде, артында қалған балаларының садақа жасау үшін банкілерден несие алып жүргендерін де көрдік.

Қазір біздің Атырауда садақа өткізетін дәмхана, мейрамханалар баршылық. Бұларды жалға алу әр жерде әртүрлі. Мәселен, қала орталығындағы осындай орындар қала шетіндегілерге қарағанда қымбатырақ келеді. Кейде қариялар мен дін жолында жүрген адамдар: «Ол кафе, ресторандарда түнімен арақ-шарап ішіледі. Жастар даңғаза әуенге билейді, басқа да көңілді шаралар өтеді. Сондықтан, ол жерде садақа өткізу дұрыс болмайды», – дейді. Жақсы, солай болсын. Сонда қазалы болған шаңырақ садақаларын басқа қай жерде өткізеді, ондай арнаулы орын біздің Атырауда бар ма? Сұрастырып көріп едік, өкінішке орай, жоқ екен. Ендеше, біздің кәсіпкерлеріміз арақ-шарап ішілмейтін, темекі шегілмейтін, карта, басқа да құмар ойындар ойналмайтын, тек қана өмірден өткен кісінің садақасын ғана өткізетін орын салуды неге ойламайды? Себебі, ондай орыннан қожайынға айтарлықтай кіріс түспейді. Міне, осы себепті де олар садақа өткізуге арналған ең болмағанда бір қабатты жатаған үй тұрғызуға да құлықсыз. Жалпы, осы мәселеге орай көпшіліктің ой-пікірін білу үшін біз бірнеше адамды әңгімеге тарттық.

«Ас  ішуге  емес,  көңілін  білдіруге барады»

Былтыр бір жұмыстасымыздың қайын атасы қайтыс болды. Жасы келіп, өмірден өткен үлкен кісіге артында қалған ұрпағы 300 орындық мейрамхана жалдаған екен. Сенсеңіз, сол мейрамханаға бата оқи барғандар төрт-бес бөлініп кірдік. Кісі өте көп болды. Ал, дастарханға құстың сүтінен басқаның бәрі қойылған.

Әрине, жағдайы келгесін осылай жасаған болар. Бірақ, жұрт садақаға ас ішуге емес, дәмнен ауыз тиіп, көңіл білдіруге ғана барады. Олай болса, бар екен деп асты рәсуә ету дұрыс емес.

Ж.ХАМИЕВ,

құрылысшы.

«Шүленді  де таңдап  таратты…»

Қайтқан кісіні соңғы сапарға шығарып саларда, әсіресе, біздің жақта, намазға тұрған адамдарға шүлен таратылатыны белгілі. Сондай бір көршімнің садақасына барғанымда, шүлен таратып жүрген әйел адам өзі танитын адамдарына: «құдағай!», «құдаша!», «апа!» деп дауыстап, соларға ғана үлестірді де, танымайтын бізден сырт айналды. Осынау көрініс сырттай бақылап тұрған кісіге біртүрлі ерсі көрінді. Бұл да біздің ұлтымызда кездесетін дарақылықтың бір көрінісі емес пе?!

Сондай-ақ, біздің қазекемдердің бай мен бастықтың үйінде кісі қайтыс болса, жапатармағай қалмайтыны, ал, кедей шаңырағында ондай оқиға болса, «артының қайырын берсін» деп кіріп шығуға жарамайтыны, тіпті мұны өздеріне қор санайтыны бар. Бірақ, жаратқан иеміз олардың өркөкіректік пен паңдық ниеттен туған көзқарасын өзі реттейді деп ойлаймын…

Э.ҚАЛАУОВА,

жас ана.

«Садақа  өткізетін орын  керек»

Біз көп қабатты үйде тұрамыз. Жақында әжеміз дүниеден өтіп, қатты қиналып қалдық. Басты қиындық – пәтердің тарлығы. Сау болсын, әйтеуір көршілеріміз көмекке келіп, үйлеріне кісі кіргізуге рұқсат берді.

Осыдан кейін маған «бізде неге садақа өткізетін арнайы орын салынбайды?» деген ой келді. Егер менің қаражатым болса, қазақтар үшін садақа өткізетін үй-жай тұрғызатын едім. Және оны адамдардың тұрмыс-жағдайы көтеретіндей төмендеу бағаға ғана жалдар едім.

Ерболат ЖӘЛЕЛ,

студент.

«Бар  ауыртпалықты көршілері  көтереді»

Тұрып жатқан еліміз бен ұлтымыз бір болғанмен, ұстанар салтымыздың әр облыста әртүрлі екеніне көзім жетті. Былтыр Шымкент облысында тұратын апа-жездеміздің көкелері қайтыс болғанда, олардың шаңырағында дастархан жайылмады. «Олар онсыз да қайғырып отырған шаңырақ» деп, келімді-кетімді кісілердің ішіп-жемін айналасындағы көршілері көтерді. Ал, Жезқазғанда садақа мешіт жанындағы асханада өтеді, ол және тегін беріледі. Жалпы, бізден өзге өңірлерде тойда да, садақаларда да ысырапшылдық атымен жоқ. Расында, садақаларды бауырсақ, қаймақ, ет, қуырдақ секілді тағамдармен ғана өткізсек несі айып? Ыстық күндері сан түрлі салат бұзылып, олардан адамдар ауырып қалуы мүмкін емес пе?

Б.ЖАҚСЫБАЙ,

35 жаста.

 

Түйін

Елімізде өз шаруасын жүргізуге ниет еткен кәсіпкерлерді несиемен қамту біршама оңтайлы шешілуде. Соған орай түрлі бағдарламалар қабылданып, Елбасының кәсіпкерлерді қолдау туралы мәлімдемесі жария болды. Осындай сәтте кәсіпкерлер садақа өткізетін арнайы орын ашқысы келсе, оларға кім кедергі болады? Әрі бұл сауапты істі жүргізуде ішінара жеңілдіктер (салықты төмен пайызбен төлеу, т.с.с.) берілсе, бизнесшіге де қолайлы болмай ма?

Осы мақаланы жазу барысында біз облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровпен сөйлесіп, осы тақырыпқа қатысты өз ойын білдіруін өтінген едік. Оның айтуынша, әсіресе, оңтүстік өңірлерде садақа жасауда берекеттілік, қарапайымдылық бар. Сосын оны «садақа» деп емес, «ас», «құдайы ас» дейді екен. «Ал, біздің Атырауда, – дейді бас имам, – садақа дастарханы той дастарханымен бірдей. Өз дәуірінде Мұхаммед пайғамбарымыз «өлім-жітімді үйде қазан қайнамасын, ол шаңырақтың қайғысын көршілері көтерсін» деген. Бірақ, бәріміз куә болып жүргендей, көршілерінің қазан көтеру дәстүрі Атырау өңірінде атымен жоқ. Міне, осы себепті де «тас түскен жеріне ауыр» болып келеді.

Рас, бұл мәселе бізді де ойландырмай жүрген жоқ. Бұйырса, биылғы көктемде мешіт жанынан 300 орындық екі қабатты заманауи ғимарат тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл, бір жағынан, жамағаттың садақа өткізетін жері болса, екінші жағынан, мұсылман қауымның неке сарайы болады деп есептейміз. Оның ішінде, сонымен бірге, имам бөлмесі, шағын дәмхана, арнаулы кабинеттер, демалатын бөлмелер болады».

Иә, өмір бар жерде – өлім бар. Қалай болғанда да, өлі аруаққа дұғадан артық тілеу жоқ.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз