Жарнама
Қоғам

Құрылыс материалы неге қымбат?

Қазір құрылыс-жөндеу жұмыстарының нағыз қайнаған, жандана түсетін мезгілі. Соған сүйеніп, құрылыс материалдары құнының қымбаттай түсетін әдеті. Сырттан, яғни көршілес мемлекеттерден жеткізілетінін айтпағанда, өз елімізден шығатын цемент, ағаш, одан қалды құмның бәсі де бірнеше есеге шарықтап шыға келетінін көріп жүрміз.

Ұлттық статистика бюросы Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Зəуреш Төлегенқызының айтуынша, биыл жыл басынан бері бес айда тек қана үйді жөндеуге (күтіп-ұстауға) қажетті немесе осы мақсатта қолданылатын құрылыс материалдарының бағалары 2-5 пайыз аралығында қымбатсыған. Осылайша, есепті мерзімде құрылыс-монтаж жəне ішкі əрлеу жұмыстарында кеңінен пайдаланылатын негізгі материалдар: əк пен ғаныш – 9,2; қиыршық тас, құм, саз, ақ саз – 8,8; болаттан жасалған түрлі диаметрдегі құбырлар, іші қуыс профильдер, көлденең қимасы түрлі өлшемде болып келетін құбырларға арналған фитингтер – 5,1; цемент – 3,4; тауарлы бетон – 2,1; пластмасса тақталар, табақтар, құбырлар мен профильдер бағасы 2,8 пайызға көтеріліпті.

ӘР ӨҢІРДЕ – ӘРТҮРЛІ БАҒА

Құрылыс материалдарының құнына қатысты бұдан басқа да статистикалық мəліметтерді келтірсек, олардың барлығының дерлік бəсі қымбат екенін байқау қиын емес. Мысалы, былтыр жыл соңында құрылыс жұмыстарында кеңінен қолданылатын табиғи құмның бір текше метрінің орташа бағасы еліміз бойынша 2800 теңгеден асып жығылса, табиғи тастан жасалған шағыл көлемі мен маркасына қарай 3 600-ден 9 900 теңгеге дейінгі аралықта ауытқыған. Сол сияқты, жол құрылысында пайдаланылатын мұнай битумының бір тоннасы 170-240 мың теңге аралығында тұрақтаған.

Ішкі əрлеу жұмыстарына қажетті түрлі түсті майлы алкидті эмальды, қою езілген бояу, кəдімгі қалауға арналған отқа төзімсіз қыш кірпіш, портоанд цемент, сөндірілмеген əк, қабырға мен төбеге арналған ғаныш, маркасы түрліше болып келетін қалауға дайын күйінде шығарылған бетондық қоспа, асфальт-бетон жабындыларына араластырылатын ұсақ жəне ірі түйіршікті құм, сондай-ақ ыстық жəне жылы күйінде қосылатын басқа да компоненттер, болаттан дайындалған швеллер мен бұрыш – құрылыста үнемі үлкен сұранысқа ие бұл материалдардың құны республикалық көрсеткішпен алғанда біркелкі көрінгенімен, жекелеген өңірлерде арзан емес екенін аңғарамыз. Солардың санатында Атырау облысы да бар.

Бір ғана мысал, былтырғы желтоқсан айында табиғи тастан жасалған шағылдың бір текше метрі көршілес Орал өңірінде 11300 теңгеге бағаланса, бізде 12600 теңгеден сатылыпты. Дəл осы кезде қалыңдығы 4 миллиметрлік жайма болаттың бір тоннасының бағасы 450400 теңгені құрап, Алматы мен Шымкент қаласынан да асып кетіпті. Өзге де материалдардың бағаларында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Осы үрдіс биылғы бес айда да жалғасын тапқаны мəлім болып отыр.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ ДЕ АРЗАН ЕМЕС

Батыс өңіріндегі құрылыс материалдарының бағасын сараптап көрсек, оның да бағасы түрліше. Мəселен, іргедегі Маңғыстау облысында бұрындары бір тоннасы 3 мың теңгеге бағаланып келген қиыршық тастың бəсі 5,5 мың теңгеге (екі есеге жуық) бір-ақ секірген. Ал, осы жақтан шығатын ұлутастың бір текше метрі – 14 мың теңге. Бірер жыл шамасында ол 11 мың теңгеден сатылған. Екеуі де осы өңірде өндірілетінін ескерсек, бағасының осыншалықты шарықтауы ақылға сыйымсыз. Карьерден қазып алынатын бір машина құм 13-тен 15 мың теңгеге көтерілген. Оның үстіне, екі ортадағы делдалдардың қосатыны бар.

Тасымалдаушылардың айтуынша, бір рейстің үстінен табатын пайдасы 3000- 4000 теңгеден аспайды. Тақтайдың бағасында да тұрақ жоқ. Мысалы, жылдың басында текше метрі 160 мың теңгеге бағаланған тақтай қазір 230 мың теңгеге сатылады.

КІСІДЕГІНІҢ КІЛТІ – АСПАНДА

«Енді бір сəт құрылыста ең көп пайдаланылатын жəне жоғары сұранысқа ие арматураның бағасына назар аударып көрелік. Сырттан жеткізілетіндіктен, оның үстіне тасымалдау қызметінің қымбаттығынан бұл материалдың бір тоннасы 800-900 мың теңгеден (осының өзі мейлінше төмен баға) сатылуда. Бүгінде қай жерде болмасын жағдай осындай», — дейді сарапшылар.

Олардың пайымдауынша, шынында қазіргідей құрылыстың көбейіп, нағыз қарқын алатын шақта оған керекті материалдар құнының күрт көтерілуі осы саладағы кəсіпорын-компаниялар өз алдына, жеке үй салушы тұрғындардың да қалтасына соғып, кесірін тигізіп тұр.

ҚАЙСЫСЫНЫҢ ҚҰНЫ ҚАНШАҒА КӨТЕРІЛДІ?

Ұлттық статистика бюросының мəліметтеріне қарағанда, биылғы бес айда отандық құрылыс материалдары бағасының өсімі 16%-ды құраған. Əсіресе, темір-бетон бұйымдары Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігінің (ҚазҚСҒЗИ) деректері бойынша жыл басынан бері бетонға (12%), цементке (5%), полиэтиленді құбырларға (10%), силикатты кірпішке (6%), сондайақ, ішкі нарықта арматура, шыны сияқты импортқа тəуелді материалдар бағасының аса көп мөлшерде өсуі байқалған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қорыта келгенде, құрылыс материалдары нарығына қатысушылардың сөзінше, бағаның бұлайша құбылуына электр энергиясы, жанар-жағармай мен магистральдық теміржол желісі қызметі құнының көтерілуі себепші болып отырғанға ұқсайды.

Д.ЛАТИФҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button