Атырауда 16 қандас ел азаматтығын алды

photo 78351 Жаңалықтар

Аймақта жыл басынан бері 16 қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын алды.

Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. Атырау облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Руслан Әділовтің айтуынша, қандастар Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан көшіп келген.

«Елімізде азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі 2020 жылғы тамыз айынан бері қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес қандастар бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматтығы және тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін құжаттар мен өтінішті бере алады. Мұндай құжаттар мен өтінішті қарастыру мерзімі шамамен үш айға созылады. Биылғы жыл басынан Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан көшіп келген 16 қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын алды», -дейді полиция полковнигі Руслан Әділов.

Жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын иеленген қандастың бірі – Қуанышбек Базарбаев.

«Бұрын Өзбекстан Республикасында тұрған едім. Атажұртымызға көшіп келіп, Қазақстанның азаматы атандым. Қуанышымда шек жоқ. Елдің азаматы атанғаннан артық қуаныш бола ма? Қазір жасым – 24-те. Бұдан былай еліміздің өркендеуіне үлесімді қосуды мақсат етіп отырмын. Көші-қон қызметінің қызметкерлері азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібін түсіндіріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын», -дейді Қуанышбек Базарбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз