ЖЫЛЫОЙДАН ЕСКЕН ЖЫЛЫ ЛЕП

ол ТШО-мен арадағы өміршең бастаманың өркені болса

ХАЛЫҚТЫҚ МҮДДЕНІҢ КОНСУЛЬТАТИВТІК КЕҢЕСІ

«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен жылыойлықтар арасында тонның ішкі бауындай берік байлам, жылы қарым-қатынас, өзара түсіністік ахуал қалыптасқалы бері өңірдің де, өгейсіп қалған көңілдің де шырайы кіре бастады. Мұның мәнісі неде? Ол – ТШО-ның әрдайым өзінің корпоративтік әлеуметтік жауапкершілігін жетілдіру жолдарын іздейтіндігінде. Бұл реттегі қадамдары жеміссіз емес, республикалық бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша екі мәрте «Парыз» сыйлығының жүлдегері атанды.
Бүгінде Жылыой және ТШО арасында жылына алты рет өтетін қоғамдық консультативтік кеңес мақсатты жұмыс істеп отыр, оның концепциясына келсек, түрлі дүниежүзілік компаниялардың таяу көршілермен қарым-қатынас жөніндегі тәжірибесіне сүйенеді. Кеңестің құрамындағы 14 адамның жартысы Жылыой жұртшылығынан бекітілген өкілдер болса, қалған бөлігі ТШО-ның ұсынған уәкілдері. Кеңес отырыстарында «Игілік» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысы, Теңіз кенішіндегі қызмет, экологиялық жобалар және әлеуметтік саладағы инвестициялар сияқты тақырыптар талқыланып келеді.

«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» дейді қазақ. Содан да болар, ТШО-ның игі жақсылары Жылыойға ат ізін салып жатса, оның хабары Жем бойын жайлаған жалпақ елге лезде тарар еді. Енді ше? Олар аудандық әкімдікпен алуан мәселенің байыбына барып, жеңіл келіп, ауыр кетіп жатса, көп ұзамай өңірдің қайсыбір өзекті шаруасы жедел қолға алына бастайды. Бұған қалалықтар да, далалықтар да тәнті. Халық кезінде Жаңа Қаратон кентін тұрғызуға ғана 3,390 млрд. теңге инвестиция салынғанын, жалпы құны 60 млн. АҚШ долларын құрайтын Құлсары қаласының сумен жабдықтау жүйесін түбегейлі жаңарту жұмысы аяқтала келгенін, Каспий деңгейінің көтерілуінен аймақты су басу қаупі туындаған кезде, Сарықамыс тұрғындарына арнап Атырау қаласындағы Лесхоз ықшамауданынан және ауданнан тұрғын үй кешендерін тұрғызғанын ұмыта қойған жоқ.
Кешегі жаңа кәсіптік-техникалық лицей – бүгінгі Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі де ТШО-ның іргелі жобаларының бірі. Оқу орны, оқып жатқан талай қазақ баласы – қазіргі шақта айтулы компания мамандарының үнемі қамқорлығында. Бүгінгі студент-шәкірттер – ертеңгі сан алуан мамандық иелері.

ҚҰЛСАРЫ ӘЛІ ДЕ КӨРКЕЙЕТІН БОЛАДЫ
Иә, кешегі ынтымақтасқан игі дәстүр бүгін де өз жалғасын табу үстінде.
Міне, жыл аяғы таяғанда «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының Құлсары қаласына келу сапарына орай аудан әкімінің қабылдауы болды. Оған аудан әкімінің орынбасарлары, қала әкімі және баспасөз құралдары өкілдері де қатысты.
– Өткен жылы қарашада кездескенімізде күрмеуін шешер көп істі сөз еткен едік. Содан бері бір жыл өтті. Енді көз жүгіртсек, бірігіп пішкен бірегей шаруалардың астары өз иінін тапқандай. Біздің тарапымыздан көтерілген мәселелердің 50-60 пайызы тиісті нәтиже берді. Сондықтан, ТШО компаниясына, Тим Миллер мырзаның тікелей өзіне шынайы ризашылық сезімімді жасыра алмаймын, – деді аудан әкімі Мақсым Ізбасов қабылдау рәсіміндегі кіріспе сөзінде.
Аудан басшысы «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тұрғындарды баспанамен қамтудағы демеушілік көмегін ең басты жетістік ретінде атап өтті. Айта кетейік, арнайы мамандардан құралған тексеруші топтың сараптамасы бойынша Құлсарыдағы 18 үй апатты жағдайда деп танылды, оларда шамамен 204 пәтер бар. Алдыңғы кезекте екі қатарлы сегіз үй құлатылатын болды. Міне, осы үйлердің тұрғындарына төтенше жағдайлар басқармасының құзыреті арқылы ТШО компаниясы ықшамаудандардан 64 пәтер сатып алып берді. Оған тұрғындар осы айдың аяғына дейін толық кіріп болады.
Аудан басшысы «Облыстық мәслихаттың сессиясында, одан кейін облыс әкімдігінде болған кеңесте белгілі болғанындай, алда Құлсарыда үш қатарлы 60 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысын салу мәселесі шешіле келді. Өңірде 1987 жылдан бері тұрғын үй салынбағанын ескерсек, бұл – үлкен олжа, елеулі оқиға болғалы тұр» деді. Бүгінгі таңда оның негізгі жобасы дайын. Енді осы жылдың аяғында ескі үйлер бұзылып, жаңадан тұрғын үй құрылысы басталуы керек.
Жалпы, ТШО-мен арадағы тығыз қарым-қатынас жылдар бойы қордаланып қалған күрделі мәселелердің өз шешімін табуына жол ашып отыр. Экологияны жақсартуға бағытталған шаралардың тиісті нәтижесін бере бастағанын айтқан жөн. Соңғы он екі жыл ішінде ТШО өнеркәсіптік өндірістің табиғи ортаға тигізетін әсерін барынша азайтуға бағытталған жобаларға 2,41 млрд. АҚШ долларынан астам қаржы бөлді, сөйтіп алауларда жағылатын газдың жалпы көлемін 2000 жылғы деңгеймен салыстырғанда 94 пайызға азайтуға қол жеткізді.
Ал, ауданның әлеуметтік өміріне тигізіп отырған ықпалы ше? Компания арқылы жедел жәрдем машиналары, мүгедектерге такси алынды. Күні кеше «Достық» саябағының және Рәміздер алаңының ашылуы жиналған көпшіліктің мерекелік қуанышына айналды. Қамыскөл көлін толтыруға негізделген жоба жасауда бірқатар істер атқарылды. Елбасы айтқандай, бизнесті дамытуда оның нақты жобасы, өркені болуға тиісті, оған барлық компаниялар, оның ішінде ТШО ендігі өз үлесін қосу үстінде. Жуырда Жылыойда кәсіпкерлікті дамытуға байланысты ТШО-мен арада консультативтік кеңес өтіп, негізгі шаруалар пысықталды.
Аудан басшысы Мақсым Шафихұлы алда тұрған көкейкесті мәселелерді де қозғап, «Бір күнде іске асыру мүмкін емес шаруаны өзара түсіністік, белсенді қарым-қатынасымыз арқылы жүзеге асыруға болады» деді. ТШО компаниясына алдағы жылға хат та дайындалып қойған екен. Бұл ретте Жылыой тұрғындарын, жоғары білікті мамандарын жұмыспен қамту, тауар өндірушілер мен сервистік қызмет көрсетушілердің тізімдері ТШО-ға берілгендігі, Жаңа Қаратонда балабақша құрылысын жеделдету керектігі айтылды. Ата-анасыз жетім балалардың жоғары оқу орындарына түсуі үшін көмек сұралды.
Аудан әкімінің орынбасары Жәрдем Ахметов ТШО-дан түсетін салық түсімінің түсіп кеткендігін, мердігер компаниялардың әлі күнге тіркелмей отырғандығын, жоспарлы төрт балабақша құрылысы қолға алынған жағдайда, оның жанына спорт кешенін бірге салу елді мекендер үшін аса қажеттілік екендігін қаперге берді.
КЕЛЕШЕК КЕҢЕЮ ЖОБАСЫ – ІРГЕЛІ ҚАДАМ
Өзіне сөз кезегі тиген кезде «ТШО компаниясы үстіміздегі жылды жоспардан тыс бір миллион тонна мұнай өндіріп, қауіпсіз және сенімді түрде аяқтап, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қоспақ», – деді «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тим Миллер мырза.
Ол бұдан кейін өзінің тарапына қойылған сауалдарға алда тұрған келелі міндеттер тұрғысынан жауап берді.
– Келешек кеңею жобасы – кенішті игерудің жаңа сатысына аяқ басу. Жобаны жүзеге асыру барысында қазақстандық мазмұнға баса мән беріліп, отандық кадрларды қызметпен қамту ісі жүзеге аспақ. Әлеуметтік мәселелер шешімін тауып, өзге де игіліктерге қол жеткізіледі. Әрине, бұл ретте бірлескен кәсіпорын басшылығы Қазақстандағы қолданыстағы заңдылықтарды мүлтіксіз сақтамақ. Біздің бастамамызды ел үкіметі қолдап отыр. Енді екі нәрсе күтілуде, біріншісі – техникалық желі-схема, екіншісі – Меморандумға қол қою. Бұл мәселе шешімін тапқанда серіктестерімізге 3 млрд. доллар көлемінде қаражат бөлінуі мүмкін.
Прорвадан порт және жолдар салынады деген әңгіменің де жаны бар.
Компания басшысы келешек кеңею жобасы іске асқан кезде, оған алдымен жергілікті мамандар мен жұмысшыларды тарту жөнінде мердігер ұйымдарына тапсырма беретіндігіне уәде берді. Жетім балалардың оқуға түсуіне ықпалдылық танытатын өздерінде «Жас ұрпақ» бағдарламасы бар екен. Ал, балабақша салуға қатысты жуық арада тендер өткізілгелі отырғанын қаперге берді.
Тим Миллер Құлсарыдағы құс фабрикасына, оның өніміне қызығушылық танытты. «Осыдан екі жыл бұрын Теңізде тамақтан улану оқиғасы болғаннан кейін, сараптама қорытындысымен жұмыртқаны пайдалануды тоқтаттырған едім, сарапшылар бұл цехтың жұмыртқа өнімдерінің тазалығына тәнті болып отыр, енді ас мәзіріне қосуға негіз бар» деді.
Компанияның бас директоры Құлсарыдағы негізінен арматура және швеллер өндіретін «МеталлПродукт» кәсіпорны, сондай-ақ Қазақстанда тұңғыш рет іске қосылған базальт талшықтарын шығаратын зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде, ТШО-ға да өнім беру мүмкіндігі барын естіп, ықыласты көңілмен жадына бір түйіп қойды.

* * *
Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің емдеу орындарында заманауи жетілдірілген медициналық қондырғы-құралдардың сенімді һәм тиімді кешені бар. Бұл ТШО компаниясының көп жылдар бойғы демеушілік жәрдемінің көрінісі. Серіктестік басшысы осыдан үш ай бұрын ауа салқындатқыш жабдықтарын тарту еткен еді, бұл жолғы сапарында ауруханаға реанимобиль жедел-жәрдем автокөлігін тапсырып, денсаулық сақшыларын тағы бір қуантып тастады.
Аудандық орталық аурухана атынан бас дәрігер Қ.Өтегенов Тим Миллер мырзаға Аралтөбеден табылған алтын адам бейнесіндегі кәдесый тарту етті.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілші.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз