Жарнама
Қоғам

Қанатымен су сепкен қарлығаштай…

Өткен аптаның жұма күні өңірдің әлеуметтік кәсіпкерлері IX құрылтайда бас қосты. Онда осы саланы дамытуға арналған «Жарқыра» бағдарламасының жылдық жұмысы қорытындыланып, жеңімпаздар жетістікке жету жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ, шетелде көлік апатынан өмірі ерте үзілген әріптес, белгілі әлеуметтік кәсіпкер Арайлым Нұғыманованың атындағы арнайы сыйлық табысталды. 600 мың теңге көлеміндегі грант қызылқоғалық әлеуметтік кәсіпкер Жансая Абдоллаға оқу орталығының қызметін жақсарту үшін берілді.  

zharqyraaaaaaaaa

«Жарқыраның» жарқын сәті

Иә, әлеуметтік кәсіпкердің кәнігі бизнес өкілдерінен айырмашылығы бар. Олар ең алдымен пайда, табысты емес, әлеуметтік осал топқа қолұшын созып, қоғамға пайдалы болуды ойлайды. Құрылтайдың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов та әлеуметтік кәсіпкерліктің осы тұсын айрықша атап өтті.

– Әлеуметтік кәсіпкерлік дегеніміз, қара басының, өзінің қаржылық мүмкіндіктерін көбейту үшін емес, жүректен шыққан, көпшіліктің көңіліне жол таба білген пайдалы жобаны іске асыру. Сол себептен, тәулік бойы сол жобаның әртүрлі әлеуметтік осал топтарға пайдасы бар екенін негіздеп, дәлелдеп және үлкен жанашырлық танытып, жобаларға қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқан жандарға алғыс айтамын, — деген қала әкімінің орынбасары құрылтайда өз бастамалары мен туындыларын ұсынып отырған барлық жобамен танысып шыққанын жеткізді.

«Олардың барлығы да қоғамға қажетті екенін байқадым. Әрине, көптеген әлеуметтік кәсіпкер мұндай бастамаларды қолға алуы үшін қиындықтарды бастан өткерген болуы мүмкін. Осылайша, олар да басқаларға қолдау білдіріп, қолұшын созу үшін игі іске бастап отыр. Енді ерекше балалардың әрі қарай жүруіне, сөйлеуіне, іс-қимылын дамытуына сіздердің жобаларыңыздың пайдасы тиеді деп ойлаймын, — деді қала әкімінің орынбасары.

Жобалардың 80 пайызы жалғасын тапты

Құрылтай жыл сайын «Жарқыра» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылатыны белгілі. «Теңізшевройл» ЖШС-нің Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджерінің орынбасары Хеймиш Полстың айтуынша, әлеуметтік кәсіпкер жобаларының 80 пайызы өзінің өміршеңдігін дәлелдеген. Яғни, бүгінге дейін табысты әрі тұрақты еңбек етіп келеді. Негізі, мұндай жобалар Англия, АҚШ-та да жүзеге асатын көрінеді. Десек те, дамыған мемлекеттермен салыстырғанда біздегі жұмыстардың ерекшелігі бар.

– Жыл сайын «Жарқыраның» арқасында біз өз бастамаларымен жаңашыл идеялар мен еңбектің қоғамды жақсы жаққа қалай өзгерте алатынын үлгі ететін жаңа талантты әлеуметтік кәсіпкерлердің көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Олар әлеуметтік, экономикалық және экологиялық сын-қатерлер үшін маңызды және қажетті шешімдер қабылдай отырып, тұрақты дамудың қозғаушы күшіне айналады. «Теңізшевройл» ЖШС бұл бағдарламаны қуана қолдайды. Өйткені, біз нақты табыс тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, өзіміз тұратын және жұмыс істейтін қоғамның дамуына қандай үлес қосатынымызбен өлшенеді деп сенеміз, — деді Хеймиш Полс.

zhzhzhzhzhzhzh 1

Құрылтайда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау шараларына арналған панельдік сессия өткізілді. Қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың негізгі тәсілдерін және мемлекеттік органдар ұсынатын әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау шараларын талқылады. Өзекті әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қаржыландыру, білім беруді қолдау және сектораралық ынтымақтастық қажеттілігіне ерекше назар аударылды. «Атамекен» ҰКП жанындағы әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі кіші комитеттің төрағасы және әлеуметтік кәсіпкер Әйгерім Жаналинованың айтуынша, бизнестің әлеуметтік әсері мен тиімділігін арттыру үшін жасанды интеллект және цифрландыру сияқты соңғы технологияларды белсенді түрде енгізу маңызды. Сондықтан, заманауи трендтерден де қалмау керек. Ал, әлеуметтік бағдарламалар және инновациялар қорының басшысы Ирина Горбаченко жыл сайын өңірде әлеуметтік кәсіпкерлер қатарының көбеюі үлкен жетістік екенін атап айтты.

– «Жарқыра» бағдарламасының бірегейлігі – әлеуметтік кәсіпкерліктен қайтарылған заем қаражаты жаңа әлеуметтік кәсіпорындарға қайта инвестицияланады. Биыл қайтарым сомасы 20 млн. теңгеге жетті, яғни бұл ақшаға қоғамға қажетті тағы 5 жоба қолдау тауып, даму мен оқытуға мүмкіндік алды. Осылайша, жыл сайын әлеуметтік кәсіпкерлер саны артып келеді, — деді ол. 

zharqyraa

Жеңімпаздар ұлықталды

Құрылтайда «Жарқыра» бағдарламасы байқауының жеңімпаздары марапатталып, оларға арнайы сертификаттар табыс етілді. Осы гранттар мен несиелер арқылы кәсіпкерлер өздерінің жобаларын дамыта алады. Биылдың өзінде 9 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген. Оның ішінде 2 грант және 7 пайызсыз несие, сондай-ақ 2 жоба оқу тағылымдамасынан тегін өтуге мүмкіндік алыпты. Жобалар әртүрлі әлеуметтік салаларды қамтыған. Атырау қаласында – 6, Құлсарыда – 3, Исатай және Индер аудандарында бір-бір жобадан қолдауға ие болып отыр.

«Ақназкен» ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді дамытуға арналған оқу-дамыту орталығын ашу туралы ой атыраулық Бақытгүл Қабиеваға Еркінқала ауылына көшіп барған кезде келіпті.

– Өкінішке қарай, арамызда тірек-қимыл, ойлау қабілетінде бұзылысы бар балалар көп. Олардың ата-анасының көңіліне сенім ұялату, балалардың  арманын орындау үшін осындай орталық ашсам деген мақсатым болды. Оның үстіне Еркінқала ауылында мұндай орталық мүлдем жоқ екен. Ата-аналар ала таңмен балаларын қысы-жазы қаланың ішіндегі осындай орындарға апарып-әкелуге мәжбүр. Сөйтіп, орталығымызды ашқаннан кейін тәжірибелі мамандарды тарта бастадық. Бүгінде бәріміз бір отбасына айналып отырмыз. Ал, осы жобамызға қолдау білдірген бағдарламаға еркінқалалықтар атынан ризашылығымды білдіремін. Біз үшін «Жарқыра» армандар орындалатын мекен! — деді Бақытгүл Қабиева.

Бақытгүл секілді индерлік Әсел Сарғойшина да «Біз бірдейміз» инклюзивті және нормотипті балалардың өмірлік дағдыларын қалыптастыру орталығын ашқан. Ал, атыраулық Назерке Терлікбаева «Аманат» сөйлеуді дамыту орталығын, Лаура Исаева «Эйнштейн-мектеп дағдыларының бұзылуын инновациялық жолмен түзету», Әнуар Бегізбай «Белес» инклюзивті кафесі жобаларын ұсынып, жеңімпаздар қатарынан табылды. 

Ал, көпшіліктің назарын аудартқан құлсарылық Ержан Минайдаровтың робототехника және бағдарламалау жобасы енді облыс орталығында жүзеге аспақшы. Көктемгі су тасқыны кезінде орталық шығынға қалса да, қызметін тоқтатпаған. Бүгінде робототехниканың тілін жетік меңгерген орталық тәрбиеленушілері түрлі байқаулардан жетістікпен оралып жүр.

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button