Жарнама
Қоғам

Тутұғыр алаңының қазіргі тынысы қандай?

Атырау төріндегі шоқтығы биік айбынды орындардың бірі – Тутұғыр алаңы. Мемлекеттік рәміздер орналастырылған айшықты нысан 2019 жылы Тәуелсіздік күніне тарту ретінде ашылған еді. Ол «Мен қазақпын!», «Көк тудың желбірегені» әндері асқақ ойнап, атыраулықтардың патриоттық рухын айрықша арттырған күн болатын.

Отансүйгіштіктің ерекше үлгісін қалыптастыруы қажет алаңның қазіргі тынысы қандай? Оны жаңғыртуда жаңашылдықтың үлгісі бар ма? Көкейдегі осы сауалдарға жауап іздеп, алаңға беттедік.

Алаңның рухы асқақ болса…

Атыраудың сәулетіне ерекше көрік қосқан алаңның төрінде Алтай мен Атыраудың арасын алып жатқан қасиетті Ұлы даланың қоладан жасалған картасы бейнеленген. Мұндай Тутұғыр Алматы, Астана секілді елдің ірі қалаларында ғана бар екен. Оның биіктігі – 91 метр. Бұл өлшем республиканың дербес мемлекет атанып, тәуелсіздік жарияланған 1991 жылға негізделіп таңдалған. Көк Туды өз биігіне көтерудің өзі үлкен процесс. Туды қолмен немесе электр жетегімен көтеретін көп қырлы болаттан жасалған конустық немесе дөңгелек конустық тірегі бар.

Тудың төменге жиі түсірілетінін көпшілік жақсы біледі. Атырау қаласы әкімдігінің өкілдері мұның басты себебін өңірдегі ауа райының қолайсыздығымен  байланыстырады.

 – Тутұғыр нысаны облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен 2,9 миллиард теңгеге салынған болатын. Оның тұғыры 14,5х29 метр көлемдегі, салмағы шамамен 90 келіні құрайтын байрақты көтеруге арналған. Нысанға қызмет көрсету барысында сол көлемдегі Ту жергілікті ауа райының тұрақсыздығына байланысты жоғарыдағы жел ырғағының күшіне бейімделмегендіктен, жиі түсіріліп отырады. Бұл жұмыстар автоматты түрде жүзеге асырылғанымен, құрылғыны басқаратын міндетті түрде мамандар. Олардың көмегінсіз осынша салмақтағы туды көтеріп, түсіру оңай емес. Бүгінде оның да техникалық шешімі табылып, тудың көлемін екі есе қысқарту арқылы оның тұғырдағы төзімділігі арттырылды, — деді Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айша Кенжемұратова.

img 8116

Алаң алғаш ашылған сәтте Тутұғырдың айналасына 6500 шаршы метрге жасыл гүлзар, қоршала егілетін 8500 бұталы көшет, 44 қылқан жапырақты және 70 жапырақты ағаш отырғызылатыны айтылған еді. Жасыл желекті суару үшін автоматтандырылған жүйе қолданылады дегенді де ресми ақпарат көздері хабарлаған болатын.

Алайда, қашан да жап-жасыл болып көмкеріліп тұратын шыршалар қазір сарғайып, қурап кеткен. Басқа да егілген өскіндердің уақытылы бүр жармай, селдіреп қалғаны байқалады. Тұғыры биік алаңдағы бұл олқылықтар кімнің де еңсесін түсіретіні анық.

– Мен осы алаңға жақын үйлердің тұрғынымын. Күн сайын отбасымызбен кешкі серуенге осы жерге келеміз. Бастапқыда алаң ерекше көз тартарлықтай әдемі еді. Бұрқақтардан су атқылап, гүлзарлардан ерекше иіс аңқып тұратын. Қазір біртіндеп бұл көрініс жойылып барады. Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, субұрқақ құрғап қалған. Гүлдер де жоқ. Бұл Тәуелсіздіктің символына айналған – Мемлекеттік рәміздердің алаңы болғаннан кейін көгалдандыру, айналаны күтіп-баптау жұмыстары да жүйелі жасалуы керек қой. Сонымен қатар осы алаңда патриоттық рухты көтерер әуендер жиі жіберіліп тұрса қандай ғанибет?! Ақындар клубының жұлдыздары осы жерге жиналып, өлең-жыр оқыса алаңға ерекше жан бітер еді, — дейді қала тұрғыны Нұржан Тәжіғұлов.

Рәмізге құрмет – әркімге міндет

Расымен де, бізде мемлекеттік рәміздерге құрмет тек атаулы күнмен ғана шектелетіндей. Яғни, осы алаңдағы мерекелік шара 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнінде ғана ұйымдастырылатыны рас. Келесі аталған датаға дейін алаңда рухты көтерер асқақтаған ән шырқалып немесе патриоттық бағыттағы шаралардың ұйымдастырылып жатқанын көрмейміз. Жалпы бұл жағдай тек Атырауға қатысты емес. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет елдің барлық өңірінде осындай деңгейде болып отыр. Қазақстанның мәдениет қайраткері, баршаға әйгілі «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы, ақын Алмас Ахметбекұлы газет тілшісіне берген бір сұхбатында бұл пікірді қостап, Мемлекеттік рәміздер күні бір күнмен ғана шектелмеуі қажет екендігін атап айтқан болатын.

– Іргеміздегі Қытай елінде ауылдарынан бастап түрлі қалаларына дейін, сонау Пекиннің орталығында да күн сайын таңертең күнмен бірге туды көтереді де, кешке күн батқанда жинап алады. Бұл үрдіс күн сайын жасалып жатса да, халық жиналып осы көріністі ерекше тамашалайды. Мемлекеттік Гимн орындалады. Халық одан бір сәт те жалықпайды. Оларда бір күнде рәміздерге құрмет уақыты бір емес, 2 рет болады. Ал, бізде бір жылда бір рет.

Түркияда халыққа 4,5 миллион ту жыл сайын тегін таратылады. Америкада да 2,5 миллион ту тегін үлестіріледі және барлық жерде ту мен елтаңба, әсіресе Туды тұрғындардың барлығын да кез-келген жерден сатып алуына мүмкіндіктер жасалған. Міне, бізде де осындай жағдай болуы керек қой. Бізде ту кез-келген жерде еркін сатылмайды.  Сертификатсыз ешкімнің қолына тигізбейді. Кез-келген жерге туды ілдіртпейді де. Негізінде ту жұрттың көз алдында тұруы керек. Менің үйімнің төрінде ту ілулі тұр. Герб те тұр. Еңбектеп жүрген жиен, немерелерім басын көтерсе туды көреді, Гербіні көреді. Мұны көріп өскен баланың өмірдегі ең жақын құндылығының бірі мемлекеттік рәміз болады. Ол рәміздің бейнесі арқылы азаттықты, Тәуелсіздікті, тұтас ұлтты көріп тұрады және мемлекеттікті сезінеді, — деді Алмас Ахметбекұлы.

img 7491

Тәуелсіздіктің басты нышаны

Ақынның айтуынша, Ту да, Герб те – мемлекеттің ең басты келбеті, Тәуелсіздіктің басты нышаны. Ал, Гимн соның рухы. Сондықтан қазақ халқы ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматы, осы Отанды паналаған өзге ұлт өкілдері де туды төріне іліп қоюы қажет. Бұл осы жердің хақ иесінің кім екенін, ол елдің тәуелсіз мемлекет екенін айшықтап тұрады. Мұның барлығы елде беталды ой, беталды әрекеттерді жасауға мүмкіндіктің жоқ екенін сездіріп, арам пиғылдылардың мысын басып тұрары анық.

Ендеше, Атырау қаласының төрінде орналастырылған рәміздер алаңының маңызы зор. Мұндағы ең басты мәселе туды жиі төменге түсірмей, Гимнді асқақтата ойнатып, Елтаңбамыздың еңсесін биіктете түсу маңызды.

Атырау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Тутұғырды күтіп ұстау және қызмет көрсетуге «AG Disinfection services» ЖШС жауапты.  Аталған компания шілде айынан бастап Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімімен келісім-шартқа отырған. Олар жыл бойы ауа райының қолайсыздығына қарай бекітілген шарттар бойынша жұмыс жасауы қажет.

– Мәселен, желдің күші 8-11 м/с (бұл көрсеткіш тудың көлеміне сәйкесінше қабылданған) асқан жағдайда Туды түсіруі керек. Рәміздің бүтіндігін қадағалау, оларды химиялық тазалау және ауыстыру, оның ақаулықтарын жою, тұғырдың шынжыр арқандарын ауыстыру, механизмдерін жөндеу, оларды майлап-сырлау, техникалық бөлмені және ту тұғыры аумағын ретке келтіріп тазалау жұмыстары да жасалуы керек. Электр қораптарын тексеру, жел ырғағын өлшейтін аненометр құрылғыларына техникалық тексеру жүргізу және ауыстыру қажет. Бүгінде бізде екі өлшемдегі ту бар. Көлемі 30/15 өлшемдегі үлкен ту мереке күндері ғана жоғары көтеріледі. Ал, күнделікті уақытта 14/7,5 өлшемдегі ту тұғырға ілінеді. Қатты жел соқса бұл жалау жыртылып қалады. Сондықтан ауа райына байланысты бұл жалау да төменге түсіріліп отырады. Бұл жұмыс автоматты түрде арнайы механизм арқылы іске асырылғанымен, оның тетіктерін 15 күн сайын тексеріп отырамыз. Қажетті жұмыстарды уақытылы жасаймыз. Жыртылған туларды жаңасына ауыстырып, артынша қолданылмай қалғанын тапсырыс берушіге табыстап отыру міндетіміз. Біз бұл жұмыстарды келісім-шартқа сәйкес жыл аяғына дейін жүргіземіз, — деді  «AG Disinfection services» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияров.

P.S. Өз дәуірінде біздің даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, бағаналы орда құрған. Сондықтан, көк Тудың көкте желбіреуі – біз үшін қанымыздағы намысты оятып, рухты көтеретін құдірет.

Осы рухымыз қашан да өз биігінен түспесе екен. Ендеше,  өңірдің айбынын асқақта түсетін Тутұғыр алаңы тұғырлы бола берсе игі.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button