ТӘРБИЕ – ТАЛБЕСІКТЕН

Бүгінде кейбір ата-аналардың жауапсыздығынан  балалар зардап шегуде. Сол себепті, бір ғана комиссия отырысында бес, кейде он балаға қатысты әр түрлі мәселелер қаралады. Бұл туралы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысында атап айтылды.

 

Белгілі болғанындай, ағымдағы жылдың сәуір, мамыр айларында 25 жасөспірімге қатысты мәселе қаралған. Оның ішінде «Шаңырақ» отбасы үлгісіндегі балалар ауылына – үш, С.Қазыбаев атындағы №1 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үйіне – бес, ата-анасының тәрбиесіне – 15, жалпы білім беретін мектептерге екі бала орналастырылған. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірованың айтуынша, комиссияның күн тәрті-біндегі өзекті мәселенің бірі – ата-аналардың бала тәрбиесіне немқұрайлы қарауы немесе  жұмысбастылықпен қарай алмауы салдарынан балалардың құқық бұзушылыққа бет бұруы орын алуда.

Сондай-ақ, жасөспірімдерді мемлекеттік мекемеге орналастыру кезінде жеке басын растайтын құжаттарының болмауы немесе ата-анасының құжатының рәсімделмеуінен қиындықтар кездеседі. Жалпы білім беретін мектептер бойынша Атырау қалалық ішкі істер бөлімінде 50 оқушы есепте тұр.

Мұндай мәселелерден аудандар да кенде емес. Мәселен, Индер ауданы бойынша ішкі істер бөліміндегі тізімдік есепте кәмелетке жасы толмаған екі, ал арнайы есепте 33 бала бар.

Осы тұста айта кеткен жөн, Индер ауданында балалардың уақытын тиімді өткізуде бірнеше спорттық алаңдар мен ойын алаңқайларын салу жоспарланған. Ал, Махамбет ауданында қосымша білім беру жүйесіне басымдық берілуде.

Есепте тұрған жасөспірімдермен жұмыс жасауда оларды спорттық шараларға қатыстыруды қолға алған жөн. Бұл жөнінде комиссия отырысында ұсыныстар айтылып, оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ден қою керектігі сөз болды.

Отырысқа төрағалық еткен облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев кәмелетке жасы толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда жұмысты  жан-жақты жандандыру қажет-тігін алға қойды.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз