zejnet

Болашақ зейнетақыңыздың мөлшерін қалай көбейтуге болады

Қоғам
8 / 100

Біз болашақ зейнетақымыздың мөлшеріне әсер ете аламыз ба? Әрине! БЖЗҚ-ға жалақымыздан міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) түріндегі 10 пайыздық аударымдарды жасай отырып, ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) да аудара аламыз...

Өзімізге немесе отбасылық бюджетке ыңғайлы соманы қалауымызша анықтап, осы «бос ақшаны» ерікті шотқа салуға болатындығы тіпті ыңғайлы. Тіпті мұндай аударымның мөлшері олардың жүйелілігі сияқты аса маңызды емес. Сондай-ақ, сіз өзіңіздің зейнетақы шотыңызды ғана емес, сонымен қатар болашағына бей-жай қарамайтын: жұмыс істемейтін жұбайыңыздың немесе құрметті демалысқа шығатын әке-шешеңіздің де шоттарын толтыра аласыз.

Ерікті зейнетақы жарналарын заңды тұлғалар да аудара алады. Жалғыз айырмашылығы – жеке тұлғалар өздері үшін және жоғарыда айтылғандай, жақындары үшін, ал заңды тұлғалар – өз қызметкерлерінің пайдасына ақша сала алады. Жұмыс беруші тарапынан ынталандыру өте заманауи және әлеуметтік жауапты құрал. Ал 2021 жылдан бастап экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Олай дейтініміз, 2021 жылдың басынан бастап зейнетақы заңнамасына жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналарды аударуын ынталандыруға бағытталған өзгерістер енгізілді. Мәселен, қаңтар айынан бастап жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, ал жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерілуге жатады. Яғни, бұл жағдайда жұмыс беруші салық салу кезінде артықшылықтарға ие болады.

Егер қызметкер ЕЗЖ-ны өз табысынан жеке пайдасына аударуға шешім қабылдаса, онда ол еліміздің Салық кодексінің 342 және 347-баптарына сәйкес ЕЗЖ төлеуге арналған шығыстар бойынша салық шегерімін қолдануға құқылы. ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт және олардың төленгенін растайтын құжат салық шегерімін қолдану үшін растаушы құжаттар болып табылады. Жеке тұлға өз пайдасына ЕЗЖ-ны өз табысы есебінен төлеген кезде салық заңнамасында төленген сомаға салықтық шегерім көзделген. Қызметкердің қосарланған салық салуды болдырмаудан басқа да артықшылықтары айқын, олар: БЖЗҚ-дағы ерікті жарналар есебінен зейнетақы жинақтарының сомасын, ал кейіннен Қордан төленетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайту.

Әлі де хабардар болып үлгермеген адамдар үшін – ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап БЖЗҚ-да ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін шот ашу автоматты түрде жүргізіледі, яғни салымшыға БЖЗҚ кеңсесіне келудің қажеті жоқ. БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы ерікті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашуға негіз бола алады. Бұл ретте пайдасына ЕЗЖ жүргізілетін жеке тұлғаны сәйкестендіру  ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады, ал барлық қажетті мәліметтерді, атап айтсақ: жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері, өзге де мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

ЕЗЖ-ны «Қазпошта» АҚ бөлімшелері немесе екінші деңгейдегі банктер арқылы, соның ішінде онлайн тәсілімен аударуға болады. Сондай-ақ, жұмыс берушіге өтініш беруге де болады, соның негізінде ол өтініш берушінің не өтініште көрсетілген үшінші тұлғаның пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға тұрақты түрде аударатын болады. 

zejnetttt

Ерікті шарт бойынша жинақтардан төлемдерді 50 жасқа толған азаматтар, мүгедектігі бар адамдар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, елдің заңнамасында айқындалған, шығу ниетін немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар ала алады. Салымшы қайтыс болған жағдайда жинақтар мұрагерлерге беріледі.

2021 жылдың 1 мамырынан бастап ЕЗЖ алушылар қатары көбейді. Оған ерікті зейнетақы жарналары мен оларға есептелген инвестициялық табыс сомасы шегінде зейнетақы жинақтары бар тұлғалар кірді, алайда олар БЖЗҚ-да және (немесе) ерікті ЖЗҚ-да кемінде бес жыл болуға тиіс, яғни ЕЗЖ есебінен қаражат жинауды бастаған азаматтар бес жылдан кейін өзінің алғашқы төлемдерін ала бастайды. 2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша БЖЗҚ кеңселерінде өтініш беру арқылы БЖЗҚ-да кемінде бес жыл болған ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығын шамамен 2,8 мың алушы пайдаланды.

ЕЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарын алуға 50 жастағы салымшылар, мүгедектігі бар адамдар, соңғы кездері БЖЗҚ-ға бес жыл бойына ерікті жарналар аударып келген азаматтар электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен БЖЗҚ корпоративтік сайтындағы жеке кабинет арқылы онлайн тәсілімен өтініш бере алады. «БЖЗҚ» АҚ-да тіркелген, төлем алуға берілген өтініштің орындалу мәртебесін enpf.kz сайтындағы «Электрондық қызмет көрсету» – «Менің төлемге/аударымға берген өтініштерім» қызметінің көмегімен қадағалауға болады.

Жинақтардың осы түрімен байланысты тағы бір жаңалық, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) талап етілмеген кепілді өтем сомаларын ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есепке алынатын жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) есепке алу үшін БЖЗҚ-ға аудару тәртібін белгілейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданысқа енгізілді. Бұл дегеніміз, егер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болған және барлық банк операцияларын жүргізуге арналған лицензиядан айырылған банктегі депозит салымшысы кепілдік берілген өтемді төлеу басталған күннен бастап бір жыл ішінде ҚДКБҚ-ға жүгінбесе, онда ҚДКБҚ кепілді өтемнің талап етілмеген сомасын ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-ға есепке жатқызу үшін БЖЗҚ-ға аударады. Шот автоматты түрде ашылады. Егер азаматтың ЕЗЖ есепке алынатын ЖЗШ-сы бар болса, онда кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы осы шотқа есептелетін болады. ЖЗШ-ға есептелген кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомалары ЕЗЖ-ның басқа сомалары сияқты тәртіпте инвестицияланатынын да атап өткен жөн. ҚДКБҚ-дан БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ-ға нақты аударымдар заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін бір жыл өткен соң, яғни 2022 жылғы 1 мамырдан бастап қолданылатынын атап өткен жөн.

Авторы: Айдан Бекнұр

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған