ОБЛЫС ӘКІМІ АЗАМАТТАРДЫ ЖЕКЕ СҰРАҚТАРЫ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ
«Өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов аймақ тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады»,- деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Өздерін толғандырып жүрген түрлі сауалдармен өңірдің онға жуық азаматы жүгінді. Тұрғындардың негізгі сауалдары тұрғын үй мәселесі, сонымен қатар, жер телімдерін бөлу мен денсаулық сақтау саласы бағытында қойылды.
Қабылдауда тұрғындардың бірі, зейнеткер А.К. тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, тұрғын үй алуға көмек сұрады.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қайсар Абдалиевтің айтуынша, ол алдағы уақытта қажетті дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі.
Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев тұрғын үй мәселесі бойынша заңда көзделген тәртіппен шешілетінін атап өтті.
Тағы бір өтініш беруші Береке орта мектебінің оқушыларын тасымалдауды ұйымдастыруды сұрады. Бұған қатысты білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев мәселе жақын арада шешілетінін мәлімдеді.
Қабылдау барысында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов тиісті сала басшыларына халықтан түскен сауалдарды шұғыл, әрі заң шеңберінде шешіп отыруды жүктеді.
«Әрбір көмек сұрай келген азаматтың артында отбасы мен тұрмыс-тіршілігі тұрғанын бір сәт есімізден шығармауымыз қажет. Сондықтан өтінім жасаған әрбір атыраулықтың жағдайын жете түсініп, келіп түскен өтініштерге сапалы жауап беріңіздер»,- деген Махамбет Досмұхамбетов жауапты тұлғаларға азаматтардың өтініштерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.