ОЛ МАЙДАНҒА СҰРАНЫП КЕТТІ…

Махамбет ауданының саяси-әлеуметтік және мәдени өрлеуіне зор үлес қосқан, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Оңай Шонаев есімі бүгінде ерекше аталады.

 

Оңай Нұрымбайұлы Шонаев 1912 жылдың 15-ші наурызы күні Бақсай ауданы, Сорочинко селосында дүниеге келген. Өмірдің тауқыметі Оңай ағамыздың қабырғасын қатайтып, буынын ерте бекітті. Мұрағат деректерінде көрсетілгендей, О.Шонаев 1926-1927 жылдары жұмысшы жанында үйренуші, 1928-1929 жылдары Сорочинко балық қабылдау пунктінде жұмысшы болған. Мектепті бітірген соң 1929-1932 жылдары Гурьев қаласындағы педагогикалық техникумға түсіп, білімге деген құштарлығын ұштай түсті. Оқуды аяқтағаннан кейін Гурьев аудандық оқу бөліміне нұсқаушы, 1933-1934 жылы Гурьев аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі болып қызметін жалғастырады.

1938-1941 жылдар аралығында О.Шонаевтың жаңа қырлары ашыла түсті. Оның баспасөзге деген сүйіспеншілік ынтасы артты. Жоғарғы билік өкілдерінің тапсырмасына сәйкес, ауданның саяси-әлеуметтік дамуына бел шеше кіріскен білімді жігіт уақытпен санаспай осы салаға да басшылық жасайды. Сөйтіп, газеттің бетінде жарияланған материалдардың идеясы жоғары, емле жағынан өте сауатты, сыртқы-ішкі көркемділігі көз тартарлықтай әдемі басылып шығуын қамтамасыз етті. ҚК(б)П Бақсай аудандық комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі қызметінде жүріп, О.Шонаевтың қазіргі Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінің іргетасын қалаушы, яғни, осы газетті алғаш ұйымдастырушы екендігін бөле айтқымыз келеді. Әсіресе, жаңа құрылған Бақсай ауданында газет ашу мәселесін жоғарғы партия органдарына бірнеше мәрте қоя білді. Тіпті, олардың тарапынан ешқандай қолдау болмаған соң Мәскеуге ВКП(б) Орталық Комитетіне арнайы хат жолдайды.

Ол кезде халықаралық жағдай ушығып тұрған еді. Еліміз соғыс жағдайында өмір сүрді, сондықтан бұқара арасындағы саяси-үгітке айрықша мән берілді. О.Шонаев газетпен бірге бұқара арасында саяси үгітті жан-жақты жүргізуде жергілікті радиохабарлар ұйымдастыруға да көп көңіл бөлді. Радио ол кезде байланыс құралының ғана емес, саяси хабардың, бұқараны тәрбиелеудің де құралы болды.

Ұлы Отан соғысы басталысымен Бақсай ауданы еңбекшілері барлық күшті жауды жеңуге бағыттады. Бүкіл халық ел қорғау жұмысына жұмыла кірісті. Тылда да үлкен майдан жүріп жатты.

Ұлы Отан соғысы жүріп жатқанда халықтың сол кездегі адамзаттың қас жауы атанған сұм фашистерге деген өшпенділігі артта түсті. Осы тұста қалың бұқара арасындағы үгітті күшейте түсуді уақыттың өзі талап етті. Күллі үгіттің бәрі бірдей тылды нығайту ісіне, жауды талқандауға қалың бұқараны жұмылдыруға бағытталды.

Сұрапыл соғыс кезінде майданға мотормен жүретін техникалар үшін мұнайды көптеп өндіру міндеті тұрды. Сол кездегі мұнайлы аймақ Кавказ соғыстың зардабынан өнім бере алмай қалды. Сөйтіп, Қазақстан мұнай мен оқ жасаудың берік тылына айналды. Міне, осы міндет биігінен жоғары сенім көрсетіліп, жоғарғы партия ұйымдары О.Шонаевтың қызметін облыстың мұнайлы аймағына ауыстырады. Гурьев облыстық партия комитетінің 1941 жылы 11 қыркүйектегі шешімімен О.Шонаев ҚК(б)П Мақат аудандық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады.

Мақат ауданында да О.Шонаев бар күш-жігерін қалың бұқара арасындағы саяси жұмысқа арнайды. Майданға қажетті мұнайды көптеп өндіру үшін мұнайшыларды қанатты сөздермен жігерлендірді.

Отан алдындағы борышын өтеу үшін О.Шонаев өз еркімен майданға сұранып, бірнеше рет жоғарғы партия органдарына арыз түсіреді. Кейін арызды қанағаттандырып, облыстық партия комитеті 1941 жыл 5 желтоқсан күні РККА қатарына шақырылған О.Шонаевқа жолсапары мен отбасы үшін 500 сом мөлшерінде сыйақы береді. Сөйтіп, ол алдымен, Ақтөбе қаласында құрылған ұлттық дивизияның І-ші батальоның комиссары болып тағайындалып, майданға жүріп кетеді.

…1944 жылы әскери академияны бітіріп, Балтық жағалауында от пен оққа оранған ұрысқа енеді. Ол №76-дивизияның штаб бастығы болып жүріп, Тарту қаласы үшін болған ұрыста жауынгерлерді бірнеше рет шабуылға бастап шыққан. Осы ұрыстардың бірінде О.Шонаев ерлікпен қаза тапты.  І-ші дәрежелі «Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды.

Соғыстан кейін арада біраз жыл өткенде Эстонияның Тарту қаласындағы №13 мектебі «Қызыл ізшілерінің» көмегімен оның бейіті табылады. Сол мектептің оқушылары өздерінің пионер дружинасын оның есімімен атады. Тарту қаласының пионерлерінің бастамасымен металл қалдықтары жинақталып, О.Шонаевтың есімі жазылған эксковатор да шығарылыпты.

Шонаевтың ерлігі есімізде мәңгі сақталмақ. «Ер есімі – ел есінде» деген осы.

Қылышбай ҚҰЛЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз