КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН ШАРА

Қоғам

Айта кету керек, бейнебаянда төл басылымның алғашқы саны жарық көрген сәтінен бастап қазіргі мезгілге дейін жүріп өткен жолы, аудандық газеттің қалыптасып, оны шығарушы шығармашылық ұжымның шыңдалуына өлшеусіз үлесін қосқан, әр жылдары басылымның редакторлары болған азаматтар, баспаханада жұмыс жасаған адамдар жайлы, олардың ерлікке пара-пар ерен еңбектері қақында әсерлі әңгімеленіп, естеліктер берілген. Бұдан бөлек, сексен жылдық қарсаңында қолға алынған іс-шаралар (редакцияның алғашқы үйі болған орынға ескерткіш-белгі орнату, Құрмет кітабының дайындалуы, аймақтық ақындар айтысының, спорттық сайыстардың өткі-зілуі, мұрағат қорын толықтыру, т.б.) баяндалған. Арнайы жасалған деректі фильм сағаттап жасайтын баяндамадан әлдеқайда әсерлі болып шықты.

Ақ тілектер

ақтарылған күн

Тағылымды тарихы, қалыптасқан дәстүрі бар газеттің сеңгірлі сексенін тойлауға арналған алқалы жиында алғашқы сөзді Индер ауданының әкімі Серік Арыстан алып, журналистер мен жұртшылық өкілдерін бірге келген қос мерекемен құттықтады. Алдымен мерейтойға байланысты шығармашылық жылы лебізін арнаған аудан басшысы аудандық мәслихат хатшысы Бағдат Сапаровпен бірге, ұзақ жыл баспасөз саласында абыройлы еңбек еткен, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Кеңес Сахиға «Индер ауданының Құрметті азаматы» атағының рәміздік лентасы мен куәлігін тапсырды. Осы сәтте ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бауыржан Омаровтың мерекеге орай жолданған құттықтау-жеделхаты да оқылды.

Дәуірмен үндес басылым

Келесі кезекте «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Төлеген Берішбай да кәсіби мереке және мерейтой иелеріне игі тілегін бағыштай отырып, кәсіпорын басшылығының Алғыс хаттарын, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарын табыс етті. Бұдан кейін Төлеген Сақтағанұлы «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Исламғалиұлы екеуі сексен жылдық шежіре хатталған «Дәуірмен үндескен «Дендерім» атты мерейтойлық кітаптың («Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасынан жарық көрген) тұсауын кесіп, көпшілікке таныстырды. Оның бірінші «сүйінші» данасын аудан әкімі Серік Бисешұлына естелік, әрі мерейтойлық шараларды ойдағыдай өткізуге жан-жақты көмек-қолдау көрсеткені үшін шексіз ризашылықтың белгісі ретінде табыстады.

Алысты жақындатқан думан

Құттықтаушылар легін одан әрі жалғаған Қазақстан Журналистер Одағы облыстық филиалының төрағасы, аймақтық «Сахара» газетінің бас редакторы Қуандық Батыров та дендерлік әріптестері мен оқырмандар  қауымын мерекелерімен құттықтай келе, марапаттау рәсіміне ауысты. Өлке журналистикасы аға буын өкілдерінің бірі, ұзақ жыл басылымның бас редакторы қызметін атқарған қарымды қаламгер Сансызбай Базарбаевты «Қазақстанның Құрметті журналисі» құрметті атағымен марапаттады. Сол сияқты, осындай құрметке лайықты жандардың бір тобына республикалық салалық кәсіподақтар федерациясының «Құрмет белгісі» төсбелгісін табыстады.

Енді бір сәт мерекелік сахна төрінен көршілес Батыс Қазақстан облысының Казталов өңірінен келген (аудандық «Ауыл айнасы» газетінің бас редакторы Серік Жұмағали  бастаған) қонақтар, Атыраудағы «Ақ желкен» шығармашылық орталығының жетекшісі Нұрберген Дәулетов, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, белгілі қылқалам  шебері Әділхайыр Жантасов, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық ұйымының жетекшісі Қойшығұл Жылқышиев те құттықтау-тілектеріне қоса сый-сияпаттарын ұсынып, мерекелеуші көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

 

Өз кезегінде дендерліктердің екі бірдей қуанышына ортақтаса алыс-жақыннан жеткен әріптестердің атынан сөз алған облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов, «Прикаспийская коммуна» газеті бас редакторының орынбасары Наталья Оразғалиева, Махамбет аудандық мәслихатының хатшысы Асқар Құрманбаев, Исатай, Құрманғазы аудандары әкімдерінің орынбасарлары Мәди Өтеғалиев пен Абдурахман Муса, сондай-ақ аудандық газеттердің бас редакторлары да ізгі ниеттен туындаған игі тілектерімен бөлісті.
Мереке құрметіне Жайық жағасына ақбоз үйлер тігіліп, далалық сахнаның сәнін келтірген өнерпаздар асқақтаған ән мен күмбірлеген күйден, мың бұралған биден шашу шашып, салтанатты шараның шырайын кіргізді. Мерейтой қонақтары қазақы дәстүрмен жайылған ақ дастархан басында бас қосып, дәм татысты.
Жалпы, ауданның басшысы да, қосшысы да жұдырықтай жұмылып өткізген шара өзінің мазмұнының тереңдігімен көпшіліктің есінде қалды.

Дәулетқали АРУЕВ,
Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Суреттерді түсірген
Саламат БАЗАРБАЕВ.
Индер ауданы.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған