ЖЕР ДАУЫ ӨРШІП ТҰР…

Соңғы кездері жер дауы төңірегіндегі мәселе жиірек әңгімеленіп жүргендігі жасырын емес. Бұған Елбасының қазақстандықтарға арнаған кезекті Жолдауында да айқын басымдық берілді. Ойымыздағыны одан әрі тарқату үшін Атырау облысы бойынша Жер қатынастары басқармасынан алынған деректерді саралап көрелік.

ҚАЙТАРЫЛҒАН ЖЕР АЙНАЛЫМҒА ТАРТЫЛАДЫ
Ресми мәліметтерге қарағанда, 2011-2012 жылдары облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2 млн. гектар жер учаскесіне түгендеу жүргізілген. Нәтижесінде, 495 жер учаскесі (275 140 га жер) мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұдан бөлек, өткен жылы «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК-ның Атырау филиалының мамандары Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарындағы ауыл шаруашылығы жерлеріне тексеру жүргізгенде көлемі 54 295 га-ны құрайтын 207 жер телімінің пайдаланылмағандығын анықтаған.

Екінші бір маңызды мәселе — сол қайтарылған жерлерді қайтадан іске қосу болып саналады. Осылайша, екі жылда барлығы 31 388 гектар жер кері айналымға тартылып, оны ауылдағы шаруамен (әсіресе, мал шаруашылығымен) шұғылдануға мүмкіндігі мен икемі, жаңа технологияны қолдануға бейімі бар жеке және заңды тұлғаларға беру көзделген.

КЕЛІСІМ-ШАРТ КЕРІ ТІРКЕЛМЕСЕ, ЗАҢСЫЗ ДЕП ТАНЫЛАДЫ
Былтырғы жылдың ақпан айындағы ҚР Жер ресурстарын басқару Агенттігінің алқа мәжілісінің хаттамалық шешімімен бекітіліп, жер учаскелерін жалға немесе меншікке беру шарттарында атап көрсетілген ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану Ережесінің міндеттері мен талаптарына ішінара өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы тапсырма берілген.
Соған байланысты ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1568 жер телімі бойынша оны пайдаланушылармен арадағы келісім-шарт кері ресімделген.
Дегенмен, осы қайтадан жасақталған келісім-шарттарды Әділет органдарында тіркеу барысында баяулыққа жол беріліп отырғанға ұқсайды. Соның дәлеліндей, күні бүгінге Мақаттан басқа аудандардың бірде-бірінде бұл жұмыс тиянақталмаған. Ал, Атырау қаласында-20, Исатай ауданында 21 пайызға ғана орындалған. Облыс бойынша алғанда, бұл көрсеткіш 59 пайызды құраған немесе қайтадан ресімделген 1568 келісім-шарттың тек 919-ы тіркеуден өткен.
ТЕЛІМ КӨП, ТЕК ИГЕРІЛГЕНІ АЗ
2005-2010 жылдар аралығында облыста жеке тұрғын үй құрылысына 28 840 жер телімі берілген болса, соның ішінен мезгілінде игерілмеген деп танылған 5598 жер теліміне түгендеу жұмыстары жүргізілген. Қорытындысында, 207 учаске мемлекет меншігіне қайтарылса, 37-сінің иесі анықталмағандықтан арнайы есепке қойылған. Сондай-ақ, 561 жер учаскесіне (аумағы 55,1 га) қатысты жинақталған материалдар тиісінше шара қабылдау үшін аумақтық жер инспекциясына жолданған.
Бұл бағыттағы басталған жұмыстарды жалғастыру жөнінде қала мен аудан әкімдіктеріне тапсырма берілгенімен, орындалысын таппаған. Құрылған жұмысшы топтары мәселемен мүлдем шұғылданбастан жылы жауып қойған.
Мұның сыртында аймақ басшылығының өткен жылдың қазан айындағы өкімімен 2005-2011 жылдары бизнес субъектілеріне, яғни кәсіпкерлік мақсатқа берілген, әйтсе де осы мезгілге дейін жөнімен пайдаланылмай отырған жер учаскелерін түгендеу жұмыстары да тәмамдала келген. Енді оларды мемлекет меншігіне қайтару шараларын тездету қажет. Сонымен бірге, жер қойнауын пайдаланушылардың келісім-шарттары мен иелігіндегі жер учаскелеріне талдау жұмыстарының да қатар жүргізіліп жатқандығы тілге тиек етілді.

БАЗАЛЫҚ МӨЛШЕРЛЕМЕ БЕЛГІЛЕНБЕСЕ, УЧАСКЕ САТЫЛМАЙДЫ
Алдыңғы жылы қолданыстағы Жер кодексіне өзгертулердің енгізілуімен байланысты жеке және заңды тұлғалардың меншігіндегі немесе жалға алған жер учаскелерінің базалық мөлшерлемелеріне ішінара болса да толықтырулар жасалған. Ендігі жерде мөлшерлеме жөніндегі нақты және түпкілікті шешім облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Бас қаланың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен шешімдерімен белгіленіп, бекітілетін болды.
Ескерер жайт, бұдан былай қала мен аудандардың жергілікті жағдайлары мен ерекшеліктеріне қарай айқындалатын базалық мөлшерлеме нормативтік құжаттарда көрсетілген мерзімде белгілеуге ұсынылмаса, жер учаскелерін сату жұмыстары тоқтатылады немесе оған тыйым салынады. Ал, мұндай шектеудің өз кезегінде салынатын салықтың есебінен қазына қаражатын толықтыруға септігін тигізетін бюджеттік түсімдердің азаюына әкеліп соқтыратындығын да қаперде ұстаған жөн.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз