Мектеп оқушылары ауған соғысының ардагерлерімен кездесті
Кеңес жауынгерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай, Атыраудағы №34 көп салалы мектеп-гимназиясында ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті.
Мектеп басшысы Орынгул Қуандықова ашқан кешке ауған соғысы ардагерлері Жаңабай Сариев, Асқар Сүлейменов, Сәлімгерей Жаруллин және «Елсана» руханият клубының өкілі Майра Қожырақова қатысты.
Жас буынды ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шара барысында ауған соғысының ардагерлері бастан өткен қиын кезең туралы әңгімелеп, естеліктермен бөлісті.
Кеш барысында Атырау қалалық №5 кітапхана меңгерушісі Гүлбаршын Маева «Біз — интернацоналистпіз» атты кітап көрмесімен таныстырып, библиографиялық шолу жасады. Айта кетелік, кездесуді мектептің тарих және география пәні бірлестігі мен кітапхана кеңесі ұйымдастырды.
Жұмагүл ОРЫНБАСАРОВА,
Атырау қалалық №34 көп салалы мектеп-гимназиясының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.